ҚР Әскери сот жыртылған туды ауыстырды news video

26 ақпан, 15:28

Өткен аптада ҚР Әскери соты орналасқан ғимарат төбесіндегі мемлекеттік тудың тозып кеткенін жазғанбыз. Бұл жайлы сайт оқырманы, қоғам белсендісі Ринат Баймолда хабарлаған-тын. 

Алматы, NEGE. Басқа-басқа, Әскери соттың бұл жауапсыздығы бізді де бей-жай қалдырған жоқ. Мекеменің баспасөз қызметіне хабарласып, қолда дерек барын айтып, бұл жағдайға түсінік беруін сұрадық.

«ҚР Әскери соты ғимаратының маңдайшасында орналасқан мемлекеттік тудың жай-күйі туралы біз хабардармыз. Нұр-Сұлтан қаласында ауа-райының күрт нашарлауына және қатты бұрқасын желдің болуына байланысты ғимараттың жан-жағында орналасқан ағаштардың бұтақтары ұшып, мемлекеттік тудың ерте тозуына себеп болды» деп ақталған құзырлы мекеме «күн райы қолайлы болғанда ту ауысады» деген. 

Әскери соттың ресми мәлімдемесі мен фото-бейне деректі негізге алып дайындалған мақаланы келесі күні баспасөз қызметінің өкіліне жібердік. Оқып шыққанын айтқан әріптесіміз «Нұр-Сұлтанда ауа-райы шайдай ашылды, қазір туды ауыстырып жатырмыз» деді. Біз де жап-жаңа туды көргіміз келіп, ауысқаны жайлы ресми мәлімет сұраттық. Басшылықтың рұқсатын алайын деген ресми өкіл содан кейін телефонға жауап бермей, иә өзі хабарласпай қойды.  

Әскери соттан жауап болмағасын, Nege.kz порталының тілшісін Әскери сотқа арнайы жібердік. Жыртылған ту ауысыпты. Осылайша мемлекеттік рәміздердің жанашыры - белсенді оқырманымыздың арқасында тағы бір туымыз жаңаланды. Ал Әскери соттағы "өкпелеп қалған" әріптестерге мұқият болуыды ескертеміз.   

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации