Қостанай облысының тұрғыны вирусты қайдан жұқтырған?

04 сәуір, 10:12

Фото: tengrinews.kz

Қостанай облысында коронавирус жұқтырған науқас Мысырдан келген. Бұл туралы Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев айтты. 

Алматы, NEGE. "Бүгін Қостанай облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған бір адам анықталды. Ол - 1991 жылы туған әйел. 22 наурызда "Шарм-әл-Шейх-Алматы" рейсімен ұшып келген. Оны және Қостанай облысының тағы 4 тұрғынын тексеру барысында вирус анықталған жоқ. Осылайша, олар "Отар" станциясынан пойызға отырып, үйіне бағыт алған. Алматыдағы мамандардан ақпарат түскен соң, Қостанай облысының жауапты органдары тиісті шараны қабылдады" - деді ол "Хабар 24" телернасында өткен онлайн-брифингте.

Оның айтуынша, қауіпті індетпен байланыста болғандардың барлығы бақылауға алыныпты.

"Олармен байланыста болған барлық жолаушы, жолсерікті қосқанда 10 адам оқшауланды. Ауруханаға жатқызу кезінде олардан алынған талдау теріс нәтиже көрсетті. Бірақ кейін алынған талдау әйелде оң нәтиже, қалғандарында теріс нәтиже көрсетті. Қазіргі таңда эпидемияға қарсы тиісті шаралар қабылданып жатыр", - деді Жүндібаев.

Айта кетейік, Қостанай облысында коронавирус жұқтырған алғашқы науқас тіркелгенін жазғанбыз. 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации