Коронавирустан қайтыс болған марқұммен қоштасу рәсімі өтпейді

26 наурыз, 23:20

Фото: almaty.gov.kz

Алматы қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысы Айзат Молдағасымованың айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі мақұлдаған алгоритм бойынша жұмыс жасалатын болады.

Алматы, NEGE. Коронавирустан қайтыс болған адамды жерлеу алгоритмі қалалық Коронавируспен күресті үйлестіру штабына ұсынылып, бекітілген. Оның тәртібі бойынша марқұмның жерлеуге қатысатын туыстарына, жалпы жамағатқа жұқтырмау басты назарда болады.

«Бізде алгоритм бекітілген. Ол қолымызда бар. Аса қауіпті инфекциямен ауырып қайтыс болғандарға қатысты кремация жасалуы керек. Бірақ ол біздің елде жоқ. Өлікті сою процедурасы жасалмайды. Дезинфекциядан соң, жерлейтін арнайы полигонға апарып жерлеу жағдайлары жазылған алгоритм қолымызда тұр. Адамның жаназасы моланың басында шығарылады, жерлейтін арнайы топ құрылып, оларға арнайы қорғау киімдері беріліп, белгілі жұқпалы аурудың алдын алу ережелерін сақтай отырып, іске асырылады. Жерлеу рәсіміне эпидемиолог дәрігерлер қатысып, басқарады. Жерлеу біткесін жерлеу тобы медициналық бақылауға алынып, тексеріледі»,- дейді Алматының бас санитар дәрігері.

 «Анықтау, емдеу, оқшаулау жұмыстарына жауап береміз. Ал адам коронавирустан қайтыс бола қалған жағдайда, оның СЭС-пен келісілген алгоритмі бар. Естуімше, әкімдік арнайы жер телімін бөліп қойған, қайтыс бола қалса, сол жерге жерленеді, жалпыға арналған қорымдарға жерлемейді. Қоштасу рәсімдерін де жасатқызбайды. Мен өз тарапымнан оның орнын заласыздандыру, дәрігерлерге, басқа жұмысшыларға жұғып кетпеу мәселесіне жауап беремін», - дейді Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басышысы Тілеухан Әбілдаев.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации