Коронавируспен күресте иммунитетке не көмектеседі, не көмектеспейді?

20 наурыз, 15:04

Фото: ғаламтордан

Бәріміз қалағанымызбен, әзірге COVID-19 жұқпалы дертін тоқтататын дәрі де, вакцина да, биологиялық белсенді қоспа да, дәрумен де табылмай тұр. Керісінше, кейбір халық емі, антибиотиктер, тіпті ибупрофен секілді дене қызуын түсіретін дәрілер коронавирус жұқтырған адамға қауіпті де болуы мүмкін.   

Супер диета дәрменсіз

Егер сіз коронавирус тараған ортада жүрсеңіз, коронавирус жұқтырған адаммен тығыз қарым-қатынаста болсаңыз, алма мен апельсинді келілеп жесеңіз де, оның пайдасы болмайды.

Диетологтар дәл қазір нақты бір «супер азық» түріне негізделген диета түрінен бас тартуға шақырады. Ешқандай орамжапырақ немесе алмадан тұратын тамақтану тәсілі сізге қорған бола алмайды. Оның орнына түрлі жеміс, көкөніс және табиғи ақуызға бай азық-түлікті көбірек тұтыныңыз. Бұл коронавирустан қорғай алмаса да, иммунды жүйеңізді жақсартатыны айдан анық.

Полидәрумендермен әуестену қауіпті

Мамандар дәрумендер мен шырындарды, түрлі биологиялық белсенді қоспаларды шамадан тыс пайдалану коронавирус індетінен араша бола алмайтынын ескертеді. Керісінше, мамандар кейбір блогерсымақ, шала сауатты ақылгөйлердің айтуымен А, С немесе D3 дәрумендерін қалыпты мөлшерден бірнеше есе көп қабылдағандардың ауру жамап алатынын ескертеді.  Ең кемі бастары ауырып, жүректері айниды, бүйрек, бауыр секілді органдарына зақым келеді, кейбірі өліп те кетуі мүмкін дейді дәрігерлер.

Зерттеушілердің айтуынша, адамның иммунды жүйесіне вирустармен күресу үшін D дәрумені аса қажет. Ол вирустан қорғауға қауқарсыз болғанымен, дәрумен дерттің асқынуын төмендетуге және тезірек жазылуға себін тигізе алады.

Бәріміз биология пәнінен D дәруменін күннен алатынымызды жақсы білеміз. Ол сонымен бірге ақсерке, скумбрия, туна секілді майлы балықта және аздаған мөлшерде сиырдың бауырында, жұмыртқа мен ірімшікте кездеседі.

Ұйқыңыз тыныш болсын

Ықылым заманнан ғалымдар денсаулықты сегіз сағаттық тыныш ұйқыдан артық қорғайтын ештеңе жоғын айтып келеді. 

Сіз ұйықтап жатқанда сіздің ағзаңыз өзін-өзі қалпына келтіруге, негізгі қызмет жүйесінің ақауларын жоюға, иммунды жүйені күшейтуге кіріседі. Басқаша айтсақ, көлігіңізді жөндеу орталығына қойғанға ұқсайтын жағдай.
Ғылыми зерттеулер бір түнгі нашар ұйқының кесірінен адам ағзасындағы иммунды жасушалар 70%-ға кемитінін дәлелдеген.

Сарымсақ пен адыраспан коронавирустан қорғай ма?

Сарымсақ - микробтарды жоятын қасиетке ие пайдалы өнім. Бірақ ДДСҰ оның коронавирусты емдеуге қауқарсыз екенін ресми түрде мәлімдейді. Керісінше, кей жағдайда оны шамадан көп тұтыну денсаулыққа зиянын тигізеді. Мәселен The South China Morning Post басылымы Қытайда короноавирус індеті өршіп тұрған кезде бір әйелдің бір жарым келі сарымсақ жеп қойғаннан тамағы ісіп ауруханаға түскені туралы хабарлаған.

Қазір базарда адыраспанның бағасы 1000 теңгеге дейін көтереліп кеткен. Ел ішінде зарарсыздандыру мақсатында бұрыннан қолданылып келе жатқан адыраспан да түрлі микробтарқа қарсы тұрғанымен, коронавирустан қорған бола алмайды.

   

Интернетте хлор диоксидінің коронавирусқа қарсы күресте пайдасы туралы бейнероликтер пайда бола бастады. Бұған дейін оның қатерлі ісік жасушаларын «жоятыны» жайлы мәліметтер кең тараған еді. АҚШ-тың азық-түлік пен дәрі-дәрмекті бақылау басқармасы хлор диоксидінің әсері мен пайдасы дәлелденбегені, керісінше, оны ішкен адамның іші өтіп, ағзасының көп мөлшерде су жоғалтатыны туралы ресми түрде мәлімдеді.

АҚШ-та және Еуропа елдерінде қазір  бактерия мен вирустардан коллоидты күмісті пайдалануға шақырушылар пайда болды. Бұл – сұйықтықта ерітілген металлдың өте ұсақ бөлшектерінен тұратын зат. Алайда ешбір ғылыми-зерттеу институттары мен денсаулық сақтау министрлігі оның пайдасы туралы әңгімені растамайды. Керісінше, ол бүйректің жұмысын бүлдіруі және кей дәрінің ағзаға сіңуіне кедергі келтіруі мүмкін.

Өзіңізді қорғаудың ең жақсы жолы – салауатты дағдыны ұстану, тыныш әрі жеткілікті ұйқы, спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтану және күйзелісті жеңе білуге машықтану.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации