Коронавируспен күрес: бәрі өзімізге байланысты

30 наурыз, 10:04

Фото: fakty.ua

Қазір әркім белгісіз дерттен қорғанудың жолдарын өзінше іздеп жатыр. Бұл індеттің қаншалықты кең тарайтынын ешкім болжап біле алмайды. Америкалық ғалымдар ең сорақы жағдайда АҚШ-тың өзінде «214 миллион адам ауру жұқтырып, 1,7 миллионы көз жұмуы мүмкін» деп сәуегейлік етуде. Әрине, бұл – болжам ғана. Дегенмен адамзат вирустың табиғаты туралы әлі көп нәрседен бейхабар. Мәселен вирустың ауру белгілері байқалмаған жағдайда қалай және қаншалықты тарайтынын білмейміз.

Бір анығы, Қытай қатаң шаралар мен жаппай оқшаулау секілді ғаламат күш-жігердің арқасында вирусты тоқтата алды. Қытай билігі 15 наурыздан бері індет ошағына айналған Уханьда жаңа аурудың тіркелмегенін хабарлады. Қытайдағыға ұқсас шаралар Оңтүстік Кореяға да дендеп кеткен індеттің бетін қайтаруға себін тигізген секілді.

Екінші жағынан, ауруға басында тосқауыл қоя алмаған Италияның енді індеттің ауыр зардаптарын тойтаруға шамасы келмей жатқанын көріп отырмыз. Тіпті 60 миллион халықты толық карантинге қамау да анау айтқандай нәтиже бермей тұр.   

Еуропадағы жағдай вирустың асқан жылдамдықпен тарайтынын және оның денсаулық саласына ғана емес, бүтін экономикаға ауыр салмағын салатынын байқатты.

Әзірге ДДСҰ да, әлемнің жетекші елдері де вирусты тоқтатудың, оған қарсы емнің жолдарын тапқан жоқ. Иә, одан көз жұмғандардың саны бұған дейінгі коронавирус түрлерімен салыстырғанда аз. Есесіне, ол көз ілеспес жылдамдықпен және өте кең ауқымда тарауда. Қазірдің өзінде індет әлемнің 180-нен астам елін шарпыды. Әлем дәрігерлері қолданып жатқан вирусқа қарсы дәрілердің түрлі комбинациясы аурудың таралуын баяулатып, тек кей жағдайда толық жазылуға себін тигізгенімен, басы бүтін қарсы тұруға қауқарсыз. 

Бар үміт иммунды жүйемізді жаңа вируспен күресуге машықтандыратын вакцинада. Бірақ оны жасаудың өзіне кемінде 1 жарым жыл кетеді. Оның өзінде нәтижесі қандай болары неғайбыл.

Тағы бір мәселе вирустың қаншалықты жылдам ген мутациясына түсетінімен байланысты. Әзірге бұл бағытта алынған мәлімет ала-құла. Вирустан құлан-таза айықты деген адамдардың қаншасы қайта ауыруы мүмкін екені жайлы дерек те мардымсыз. Мысалы Қытайда науқастардың 0,2% ғана қайта жұқтырған делінеді. Ал биологтар жан-жануарларда коронавирус инфекциясының үнемі болатынын байқаған.

Соңғы бір зерттеулер науқас адам ем ала бастағаннан 6-7 күн өткен соң, вирус жұғу күшінен айырылатынын көрсетсе, келесі мамандар науқас кемінде 20-30 күнге дейін төңірегіндегілерге қауіпті болатынын айтады.

Біз бұл деректерді үрей себу үшін, дүрбелең туғызу мақсатында келтірген жоқпыз. Ықылым заманнан жер бетінде қалу үшін миллиардтаған вирус, бактериямен тіршілік жолында күресіп келе жатқан адам баласының ерте ме, кеш пе бұл індетті де жеңері даусыз. Бірақ оған уақыт керек. Ал сол күнге дейін онсыз да санаулы қазақ аман қалудың амалын қарастыруға міндетті!      

Оның жолы – темірдей тәртіпке бағыну мен жаппай мойнымызға жауапкершілік жүктеу.  «Әр қазақ – менің жалғызым» дейтін ұранды тұмар қылу.

Ол қалай жүзеге асады? Егер қылдай күмән туса, өзіңізді оқшаулаңыз, өз еркіңізбен тексеріліңіз. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген қағиданы еске алып, өзгеге зиян келтірмеуге ұмтылыңыз. Ортақ майдандағы қолыңыздан келетін ең кішкентай ерлік осы болмақ. Ресми деректерге ғана жүгініп, неғұрлым көбірек білуге ұмтылыңыз. Керек дерекпен неғұрлым көп адаммен бөлісіңіз. 

Отбасыңыздан бастап, қоғамда, ауруханада тәртіпке мойынсұныңыз. Өзіңізге қойылған шектеу көпшіліктің игілігі үшін қолға алынған мәжбүрлі шара екенін естен шығармаңыз.

Бұл – сіз бен біздің қолымыздан келетін істің азы ғана. Ортақ идея, ортақ мақсаты бар адамдар әрдайым бірігуге бейім. Ұлан-ғайыр Атамекенді аманат етіп тастап кеткен ата-бабамыздың салт-дәстүрінің өзегі де осы елдік пен бірліктен құралған. Келіп жеткен Әз-Наурыз – жаңа жылымызда ағайынмен, көршімен көрісіп, жақсылық, саулық тілесеміз. Бұл жылғы Ұлыстың ұлы күнінде сол көршіңізбен тізе қосып, індетке қарсы тұрыңыз. Ауланы зарарсыздандыру, төңіректегілердің қал-жағдайын күн сайын тексеру, өз маңыңның қауіпсіздігін, тазалығын қадағалау, міне осы істі көп болып қолға алсақ, коронавирусқа қарсы соғыста жеңіске жетеріміз анық. Әр көше, әр аула ұйымдасып әрекет етсе, бұл үкіметке де нақты көмек көрсету жағын жеңілдетеді. Сонда әрқайсымыз мемлекеттің қолдауын нақты сезіне алатын боламыз.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации