Коронавирус. Қазақстандық вакцина қашан дайын болады?

21 наурыз, 07:27

Фото: coronavirus2020.kz

Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша Ұлттық биотехнология орталығы мен Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты COVID19 коронавирусына қарсы вакцина жасау үшін берлесіп жұмыс істеп жатыр.

Алматы, NEGE. coronavirus2020.kz сайтының хабарлауынша, отандық биологтар бұған дейін коронавирус ауруын жедел анықтауға мүмкіндік беретін сезімтал тест-жүйесін әзірлеген екен. Сайт таратқан ақпараттың толық мәтіні төмендегідей:  

Біздің ұйымдарда жеткілікті ғылыми-техникалық тәжірибе жинақталған. Тиімділігі бойынша шетелдік аналогтардан кем түспейтін отандық препараттарды дайындау технологияларын әзірлеу, сынау және қамтамасыз ету үшін мүмкіндік беретін қазіргі заманғы ғылыми база мен жоғары білікті ғалымдар бар.

Мәселен, қаңтар айының соңында Ұлттық биотехнология орталығының ғалымдары 6 күн ішінде COVID-19 коронавирус ауруын жедел анықтауға мүмкіндік беретін сенімді, жоғары сезімтал тест-жүйесін әзірледі. Қазақстандық тест-жүйенің тиімділігі мен жоғары сезімталдығы Ресей және Қытай диагностикумдарымен салыстырғанда, расталды. Өткен кезеңде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты» (Жамбыл облысы Отар кенті) құс және шошқа тұмауына қарсы вакцина әзірлеген болатын. 60 жылдан астам тарихы бар Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтында биологиялық қауіпсіздік, биотехнология, вирусология, микробиология, иммунология саласы бойынша үлкен тәжірибе жинақталған. Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары 60-тан астам препараттар әзірлеп, енгізді. Бұл институтта вирустардың генетикалық бірегей базасы бар. Вакцинаны әзірлеу бағдарламасы шеңберінде ең озық биотехнологиялық және гендік-инженерлік әдістерді пайдаланып, 5 кандидаттық вакцина жасалатын болады.

Мұндай технологияларды әлемдегі вакцина өндіру саласындағы көшбасшы кәсіпорындар пайдаланады. Кандидаттық вакциналардың бес түрінен клиникалық сынақтар жүргізіліп, неғұрлым тиімді вакцина таңдалады. Әлемнің көптеген елдері өз вакцинасын әзірлейтінін жариялады. Алайда олардың барлығы клиникалық сынақтарды талап етеді, сондықтан бір жылдан кем емес уақытты талап етеді. Вакцина жасалғанға дейін COVID19 вирусының тез және жаппай таралуына жол бермеу керек. Бұл мемлекет қабылдаған шараларға ғана емес, әрбір адамға да байланысты. Сондықтан ауруды алдын алудың барлық шарттарын орындау қажет.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации