Коронавирус: Кордон сыртында

19 наурыз, 20:48

Фото: nege.kz

Алматы – ірі мегаполис. Іргесіндегі шашырай орналасқан, ірілі-ұсақты сансыз ауылдар мен елдімекендерді айтпағанның өзінде, Талғар, Есік, Қаскелең, Қапшағай секілді бірнеше қала бар. Бұл қалалар мен ауылдардың күнкөріс көзі, әрине, осы алып шаҺар. Тіпті, 100 шақырым жердегі Шелек пен оның төңірегіндегі ауылдардан қатынап, жұмыс істеп, бала-шағасын асырап жүргендер аз емес.

Бейресми деректерге қарағанда, қала төңірегінде тұратын халық Алматы тұрғындарынан бірнеше есе көп көрінеді. Елімізде ең тығыз орналасқан аймақ – осы. Коронавирус қатерінен бұл адамдар үшін қала қақпасы бір-ақ күнде тарс жабылды. Енді не болмақ? Бұл адамдар қалай күн көреді? Қазір қалай өмір сүріп жатыр? Бұл сұрақтарға жауап беру үшін, Алматыдан 20 шақырым жерде орналасқан, кордон сыртындағы Бәйтерек ауылының тұрмыс-тіршілігімен таныстық.

«Бізді жұмыстан босатты.  Жұмысымыз тоқтады. Көлігімді жөндетіп алайын деп қалаға шыққан едім. Қаланы жауып тастапты. Амал жоқ, Гүлдалада қалып қойдым», – дейді Бәйтерек тұрғыны Санат Қызырхан.

Жұмысынан босап қалған адамдар аз емес бұл ауылда. Бірақ онлайнға көшіп, үйінде жұмыс істеп жатқандар да бар. Соның бірі – Алматы қаласындағы Мұхамеджан Тынышпаев атындағы Көлік және коммуникация академиясының оқытушысы, қауымдастырылған профессор, PhD докторы, Бәйтерек тұрғыны Бұлбұл Оңғар.

«Электр энергетикасы үрдістері, Электротехниканың теориялық негіздері және басқа да пәндерден лекция, практика және тәжірибелік жұмыстар жүргіземін. Қазір үш күннен бері өзімізге берілген бағдарлама бойынша қашықтан сабақ өткізіп жатырмын. Біраз қолайсыздықтар бар. Бастапқы күндері студенттердің көбі жолда кетіп бара жатты. Интернет желілері ұстамай қалды. Лекцияға екі күнде студенттердің тең жартысы ғана қатысты. Телефоннан кіріп жатқандықтан, олардың мегабайттарын жеп қойып жатыр. Кейбірінде дауыс естілмей, кейбірінің бейнесі қосылмай қалады. Лекция мен практика өткізуге ыңғайлы, бірақ зертханалық жұмыс жүргізу қиындау. Қиындықтар бар. Бірақ қолдан келгенше еңсеруге болады», – дейді ғалым-ұстаз.

Бәйтерек ауылының жұртқа кеңінен танымал орны – шыға берістегі бес-алты орындық шағын сауда нүктесі. Ол жерде әжелер жұмыртқаларын, тауық, қоян етін, жапқан банкілерін, өздері өсірген көкөністерін, құрт-майларын сатып отырады. Қашан көрсең де, алдарынан адам үзілген емес. Саяжайларынан қайтқан қалалықтар осы жерден қолдың өнімдерін алып, арқа-жарқа болып жүреді. Бүгін сол орын қаңырап бос тұр. Коронавирус ең алдымен егде жастағыларға қауіпті деген ескерту осы әжелердің де құлағына шалынған сыңайлы.

Бәйтерек ауылының халқы 12 мыңнан асады. Түрлі мәдениет өкілдері, көп ұлт пен ұлыс тұрады. Негізі, бұл ауыл көше бойында шошқа майын сататын дүңгіршіктерімен танымал. Кейбірінде жасырып, самогон да сатады. «Дүкендерде таза ішімдік жоқ», – деп қала тұрғындары бір-екі шөлмегін аттай қалап алдыртады.

«Саудамыз жүрмей қалды. Біздің тұрақты клиенттеріміз – қалалықтар еді. Енді олар келмейтін болды. Бірен-саран жергілікті тұрғындар алып жатыр. Күні бойы босқа тұрмыз», – дейді осындай дүңгіршіктің иесі Полина әжей.

Айта кету керек, Бәйтерек тұрғындарына ортақ бір жайт бар. Жұрт бір-бірімен алаңсыз қол берісіп амандасып жүр. Сәлемдесуден тартынып жүрген мен ғана сияқтымын. Сосын бәйтеректіктер диктофоннан, бейнежазба мен фотоға түсуден өлердей қорқады. Қанша сөйлесем десеңіз, мархабат. Бірақ камера мен диктофоныңыз өшік тұруы тиіс.

«Бізді түсірмеңіз. Негізі, бұл жерде бізге тұруға, сауда жасауға болмайды. Заңға томпақ. Зейнеткер болғандықтан, ауыл әкімі ас-суын ажыратсын деп кеңшілік жасап отыр. Азын-аулақ салық төлейміз. Әкімімді жерге қаратқым келмейді», – дейді келесі бір сатушы.

Бір сөзбен айтқанда, осы ауылдың тіршілігі алып шаһармен тығыз байланысты. Құрылысқа қажетті тастардың сан түрін өндіретін ірі карьері бар. Қар еріп, күн жыли бастағаннан қыстай қаңтарылып тұрған жүк көліктеріне тыным болмайды. Қала құрылысын тас-құммен қамтамасыз етеді. Осыған дейін жеке тұрғындардан тапсырыс күтетін бір-екі көліктен басқасы, қайнаған тіршілікке бас қоятын. Бос уақыттары болмайтын. Ал бүгін карьер төңірегінде бос тұрған жүк көліктерінің қарасы ерекше көп. Кейбір жүк тасымалдаушылар «журналистпін» деген соң, бірден томаға-тұйық кейіпке еніп, бойын аулақ ұстауды жөн көрсе, енді бірі болмашыны сылтау етіп тоқтатып, тиын-тебен сындырып қалмаса, басы ауыратын, жүкшілерді жолда жүргізбейтін «гаишниктердің» үстінен арыздана бастады.

«Қала жабық тұр. Бізге тапсырыс қаладан көп түседі. Адамдар үрейден үйлеріне тығылып жатыр. Клиентсіз қалдық. Бұрын мұндай уақытқа қауырт жұмысқа кірісіп, күреп ақша тауып жататын едік. Қала ұзаққа жабылса, қалай жан бағамыз? Бала-шағамызды қалай асыраймыз?» – дейді Елдар Тұрсынов.

Ең алдымен ауыл тұрғындарының денсаулығы жайлы мәлімет алмақ болып, «Бәйтерек» амбулаториясына бас сұқтық. Бір қызығы, қаралуға келген адам әдеттегіден аз. Әншейінде кезектен арылмайтын дәрігерлердің есігінен еркін кіріп-шығуға болады. Аталған медициналық мекеме меңгерушісі Джугинисова Анипа:

«Дүрлігіп жатқан ешкім жоқ. Күнделікті халыққа түсіндіру жұмыстарын жасап жатырмыз. Амбулаторияның өзіне келсек, контактіде болып, ыстығы көтерілген адам жоқ. Күнделікті ем алуға келгендер ғана бар. Әзірге тынышпыз», – деді.

Дәрігердің айтуынша, осы ауылда шет мемлекеттерге саяхаттап келген адамдар да бар көрінеді. Олар жиырма бір күн үй карантиніне алынған. Ұзын-саны – сегіз адам. Медбикелер күн сайын олардың хәлін біліп, дене қызуын өлшеп, ұдайы бақылауда ұстап отыр. Сыртқа шықпауды, ешкіммен байланысқа түспеуді ескерткен.

Ауыл емханасынан екі көше әріде осы ауылдың екі білім ошағының бірі – Әл Фараби атындағы орта мектеп орналасқан. Әдетте, мұндай уақытта у-шу болатын футбол алаңы, мектеп ауласы қаңырап бос тұр. Бірі кіріп, бірі шығып, құжынаған балалардың айғай-шуы да сап тыйылған. Мектеп іші өлі тыныштық. Техникалық қызметкерлер мен мектеп директоры Гүлнар Туаршиевадан басқа жан адам жоқ.

«Мектепке тек қана техникалық қызметкерлер келеді. Барлық жерді хлормен тазалап жуып жатыр. Әкімшілік тарапынан кезекшілік кестесін жасадық. Сол кесте бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Негізгі пәндер бойынша сабақ беретін 88 мұғалім бар. Еңбек, дене шынықтыру сабағын есептеп отырғанымыз жоқ. Қазіргі кезде 4-тоқсаннан бастап қашықтан оқытуға көшуіміз мүмкін. Оның әдіс-тәсілін мұғалімдер үйде үйреніп жатыр. Мектеп ауласында бірде-бір бала жоқ. Барлық сынып жетекшілері ата-аналармен тікелей байланыс жасап жатыр. Карантин жағдайында осындай шаралардың енгізілгенін дұрыс деп ойлаймын», – дейді мектеп директоры.

Гүлнар Туаршиева кейбір балалардың үйінде компьютер жоқ екенін айтады. Жалғыз амал – смартфондар мен гаджеттер. «Біз ата-аналардың электронды поштасын, мәліметтерін алдық. Оны ауданға жіберіп жатырмыз», – дейді директор.

Бұл індет әлемнің, барлық елдердің экономикасына әсерін тигізіп жатқаны анық. Күнделікті өмір дағдысын өзгертіп жіберді. Біреулерді шығынға батырса, кейбіреулерді шаш етектен пайдаға батырды. Бәйтерек ауылындағы жағдай да осындай. Карьерлер, жүк көліктерінің иелері, кафе, мейрамханалар шығынға батса, азық-түлік дүкендері мен дәріханаларда, базарларда сауда ерекше қызған. Жақында ашылған Арзан дүкенінің алды бірнеше күннен бері қарбалас. Көліктен аяқ алып жүргісіз.

«Бұрынғы кезбен салыстырғанда саудамыз жақсы жүріп жатыр. Әдеттегіден адам көп. Жапа-тармағай азық-түлік, үйге қажетті заттарды  сатып алып жатыр. Бірақ кешеден бері ұн, макарон, қант, май жетіспеушілігі байқалды. Тіпті, фирмалардың қоймалары да босап қалыпты. Қала жабылса, жасыл дәліз ашамыз дейді. Сонымен тауар жеткізілетін шығар», – дейді дүкенші Алдияр.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан ауылда қашанда ығы-жығы халық. Бүгін адам аяғы сиреп қалған. Жол жөнекей анда-санда бірен-саран сұлба қараңдайды. Базарға жақындаған кезде ғана құжынаған адамға тап болдық. Әдетте, күндіз мұнша адам базарға соқпайтын.

«Сауда бізде жақсы жүріп жатыр. Адам қарасы көп. Бірақ тауардың бәрі қымбат келе бастады. «Қымбаттатып жібердіңдер» деп халық реніш білдіреді. Бағаны көтерген біз емес. Алтынордадан қымбат келіп жатыр», – дейді жеміс-жидек, көкөніс сатушы Құралай Нұрмағамбетова.

Дәріханаларда да сауда қызған. Барлық жерде «маска жоқ» деген жазуды көресіз. Бірақ сатушылары суретке түсіруге, сұрақтарымызға жауап беруден үзілді-кесілді бас тартты.

Аты-жөнін атамаған бірі ғана: «Екі күннен бері маска қалмады. Дәрі-дәрмекті, маскаларды, антисектиктерді талап кетті. Тапсырыс берейік десек, бұлар фирмаларда да қалмаған», – деп жауап берді.

Бәйтерек ауылының тағы бір көркі – мейрамханалар мен тойханалар. Бұдан оншақты жыл бұрын ашылған шағын кафелер бұл күні талғамыңыз бен қалтаңызға қарай таңдай беретін бірнеше залы бар үлкен, сәулетті, жарқыраған тойханаларға айналған. Сапасы қаланың мейрамханаларынан кем емес, бағасы әлдеқайда төмен. Сондықтан бұл төңіректегі елдімекендерді айтпағанда, қалалықтар да той-жиынын Бәйтеректе өткізе бастаған-ды. Карантин алдымен осы тойханаларға үлкен соққы болып отыр. 16 наурыздан 15 сәуірге дейін той өткізуге тыйым салынған. Барлық шаралар тоқтатылды.

«Біздің тойхана тек той, шаралар өткізуге арналған. Біз түстік ас, кәуап пісірмейміз. Қазір тойханалар көп. Бәсекелестік күшті. Бұрын той күн сайын өтсе, соңғы кездері демалыс күндері ғана өтетін болды. Міне, енді мүлде жұмысты тоқтаттық. Алғашқыда енді қайттық деп қатты уайымға салындым. Індет ана жерден шығыпты, мына жерден шығыпты деген түрлі қауесет айтыла бастады. Енді жұмысты қойып,  туыстарымның денсаулығына алаңдай бастадым. Штаттан тыс қызметкерлерімізді ақысыз еңбек демалысына жібердік. Штаттағы аспаздарымыз басқа жаққа кетіп қалмасын деп айлық төлеп жатырмыз», – дейді Шоссе тойханасының әкімгері Азамова Софа.

Малика кафесінде сәуір айының ортасына дейін 13 той өтуі тиіс еді. Кейбір адамдар өздері жиын өткізуден бас тартса, екіншілеріне кафе әкімшілігі хабарласып, ескерту жасаған. Тойды былай қойғанда, түстік асқа немесе дәмді кәуапқа тапсырыс беретін клиенттер де саябырсып кеткен. Екі күннен бері жан баласы аяқ баспапты.  

«Мәселенің бәрі ақшаға келіп тірелмейді. Алла қаласа, әлі бәріне үлгере жатармыз. Қазір көп адамдарды жұмыстан босатып жатыр. Бізде кейбірі өз қалауымен жұмыстан кетті. Кейбірі мекеме атынан демалысқа шықты. Жұмыс істемей тұрсақ та, азын аулақ айлық беріп жатырмыз. Өйткені, жақсы жұмысшылар бізге әрқашан керек болады. Карантин бітсе, бәрі жұмыс орындарына қайта келеді», – дейді Малика кафесінің әкімгері Тагоев Дилшат.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации