Қордай наркодилерлер ұясына айналған ба?

27 ақпан, 09:00

Фото: total.kz

Қордай ауданының екі тұрғынынан бір келіден астам героин табылды. Жамбылдық полицейлер аса ірі көлемдегі есірткіні күдіктілердің үйінен тәркілеген.

Алматы, NEGE. Бұл туралы Polisia kz. Хабарлады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Жамбыл облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері  Қордай ауданының 45 және 42 жастағы екі тұрғынының үйіне  тінту жұмыстарын жүргізді.  Полиэтиленді қалташаға салынған есірткі заты күдіктілердің бірінің үйінен, екіншісінің жазғы ас үйінен табылды, делінген ақпаратта.

Сот-химиялық сараптамасы тәркіленген есірткінің героин  екенін нақтылады. Оның жалпы салмағы бір келіден асады. Қазіргі уақытта аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ал күдіктілер уақытша ұстау абақтысына қамалған.

Бұл – Қордайдан ірі көлемдегі героин табылған алғашқы оқиға емес. Өткен жылы «Көкнар-2019» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында Қордай ауылында тұратын 45 жастағы ер адамның үйіне санкцияланған тінту жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 2 келі 51 грамм героин табылған болатын.

Ал 2016 жылы полиция қызметкерлері Қордайдан «Ауди -100» маркалы автокөлікті тоқтатып, 15 келіге жуық героин тәркілеген еді. Есірткі салынған қаптама ішінде арабша жазулары бар мөр басылған. Мамандардың айтуынша, есірткінің ауыр түрі Ресей астанасына жеткізілуі керек болған.  Тауар Қазақстанға Тәжікстан мен Қырғызстан арқылы жеткен көрінеді. Тек сол 2016 жылы аймақтан 19 тонна есірткі тәркіленіп, жойылған. Оның 36 келісі – героин.

2017 жылы есірткімен күрес қызметінің мамандары Қордай ауданының Қайнар ауылынан тоғыз келі героинмен қоса, "Вальтер" тапаншасын да тәркілеген.

Осындайда еске түседі, өткен жолғы қазақ-дүнген қақтығысының жанама себептерінің бірі ретінде «есірткі саудасы» да аталған-ды. Демек полицияның жағасынан алып жүрген мықтылар – жер еміп, байығандар ма, әлде есірткі арқылы оңай олжаға кенеліп, көзіне шел біткендер ме? Қалай дегенмен, бұл өңірдің құқық қорғаушылары қырағылығын күшейтуі керек-ақ.  

 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации