ҚМДБ 30 санына неге ден қойды?

23 қыркүйек, 20:29

Фото: google.com

Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері «Бәйтерек» монументі маңындағы саябақта көшеттер отырғызды.

Алматы, NEGE. ҚМДБ-ның «30 жылдық мерейтойына 30 мың түп ағаш отырғызу» акциясына діни басқарма төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты.

«Бәйтерек» монументі маңындағы саябақта бастау алған игі шара еліміздің барлық аймағында мешіт қызметкерлері және тұрғындардың қолдауымен жалғасты. «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде: «Қолдарыңда бір құрма ағашының шыбығы болып, қиямет келген жағдай болса да соны отырғызып үлгеріңдер» деген. Бұл хадистен ағаш отырғызудың маңыздылығын, табиғатты қорғаудың, маңайымызды көгалдандырудың қаншалықты сауабы бар екенін түсінуге болады. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген де ата-бабаларымыздың сөзі бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ел аумағын көгалдандыруға қатысты алдағы бес жылда орман алқаптарында 2 миллиардқа жуық ағаштың, ал елдімекендерде 15 миллионға жуық ағаш отырғызылатынын айтып өтті...Елордада басталған шарамыз бір мезетте өңірлердің имамдары және жамағатының атсалысуымен жалғасады», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айта кетейік, ҚМДБ-ның құрылғанына 30 жыл толуына байланысты жер-жерде 30 жетім балаға, 30 отбасына қайырымдылық көмек көрсету, 30 елді мекеннің ауызсу, жол-көпір мәселесін шешуге ықпал ету, тарихи көрмелер ұйымдастыру, ҚМДБ туралы деректі фильм түсіру, әл-Фараби, Абай сынды тұлғалардың, ел ішінде есімі еленбей жүрген 30 дін қайраткерінің есімін мешітке беру, ауылдағы 30 мешітті күрделі жөндеуден өткізу және өзге де сауапты да салауатты шараларды жүзеге асыру жоспарға енгізілген.

Осы бастама аясында бүгін Нұр-Сұлтан қаласының саябақтарына 332 түп ағаш отырғызылады. Ал республика бойынша ең көбі Түркістан облысында 8228 түп ағаш тамыр жаймақ.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации