Қызылордада соттар «құпия» жүреді

21 ақпан, 13:59

Фото: nege.kz

Кеше Nege.kz порталында «Шиелі аудандық сотының төрағасы кімнен жасырынып жүр?» деген мақала жарияланды. Онда аудандық соттың төрағасы Марат Күздеубаевтың қызметтік көлікті өз мақсатына пайдаланбайтыны, мемлекеттік нөмірін ауыстырып, жұмыстан тыс уақытта да мінетіні айтылған.

Осыған қатысты Қызылорда облыстық сотының төрағасы Қамбар Нұрышевтің және Қызылорда облыстық ПД бастығы Бектөре Сұлтановтың атына ресми сауал жолдағанбыз. Қызылорда облысы бойынша соттар әкімшісінің басшысы А.Жұмамұратовтан төмендегідей жауап келді.

«Қызылорда облысы, Шиелі аудандық сотының төрағасы Күздеубаев Марат Орманбекұлының қызметтік автокөлігіне қатысты 19 ақпан 2020 жылы порталда жарияланған фото суретте екі автокөлік екі жақта, яғни бірінші мемлекеттік белгімен тұрғаны аудандық сот ғимараты алдында түсірілген, ал екінші сурет Қызылорда облысы аумағында түсірілмеген.

Кеңсе меңгеруші және қызметтік автокөлік жүргізушісінің түсініктемелері алынып, олар порталда көрсетілген мемлекеттік белгіні тақпағаны, ол белгі кімге тиесілі екенін білмейтіні жайлы көрсетіп отыр.

Шиелі аудандық сотының қызметтік автокөлігі жұмыс уақытынан кейін, сенбі, жексенбі және мейрам күндері сот ғимараты ауласында тұрады.

Қызметтік автокөліктерді пайдалану ішкі қауіпсіздік және соттардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және соттардың қызметін қамтамасыз ету және дамыту бөлімдерімен үнемі бақылауда.

20 ақпан 2020 жылғы Қызылорда облыстық полиция департаментінің әкімшілік полициясы басқармасының мәліметі бойынша жоғарыда көрсетілген KZ 147 EVB 13 мемлекеттік белгісі 21.08.2017 жылы Түркістан облысының тұрғыны Сулейменов Қажымухан Пулатұлының атына тіркелген TOUOTA HIGHLANDER маркалы автокөлігіне рәсімделіп, 19.09.2017 жылы есептік тіркеуден шығып кеткен.

Сондықтан, хатыңызда көрсетілген мән-жайлар өз дәлелін таппауына байланысты, қараусыз қалдырылады».

Соттар әкімшісінің басшысы А.Жұмамұратов осы іске қатысты қандай тексеру жүргізгені, «екінші сурет Қызылорда облысы аумағында түсірілмегенін» бір күнде қалай анықтағаны бізге белгісіз.

KZ 147 EVB 13 мемлекеттік нөмірі 2017 жылдың 21 тамызында тіркеліп, бір айдан соң – 19 қыркүйекте есептен шығарылған. Яғни бұл – мемлекеттік тіркеуде жоқ нөмір. Ал енді есепте жоқ нөмірдің Шиелі аудандық сотының төрағасы Марат Күздеубаевтың қызметтік көлігіне қалай «жабыса» қалғаны түсініксіз. Оның үстіне әлгі мемлекеттік нөмірдің бұрын қайтыс болған адамның атына тіркелгені де түрлі ойға жетелейді. Осының бәрін облыстық сот түсіндіріп бере ме деп едік, Қызылордада соттардың бәрі «құпия» жүретін сияқты, жауаптан осыны ұққандай болдық.

Жұмамұратов «хатыңызда көрсетілген мән-жайлар өз дәлелін таппауына байланысты, қараусыз қалдырылады» деді. Ал біз хатымызда көрсетілген мән-жайлар өз дәлелін табуына байланысты, бұл мәселені қараусыз қалдыра алмаймыз. Сондықтан, дәлел ретінде тағы бірнеше фото жариялап, ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асановтың және ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың атына ресми сауал жолдаймыз.

 М.Күздеубаевтың қызметтік көлігі

Аудандық сот ғимараты 

Жеке үйдің ауласы

Төрағаның қызметтік көлігі түнгі уақытта жеке үйдің ауласында тұр

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации