Келер жылы кімдердің жәрдемақысы көбейеді?

26 желтоқсан, 21:25

Фото: Сәрсенбек Қызайбек

Үкімет келер жылы республикалық бюджеттің 400 млрд теңгесін әлеуметтік, зейнетақы, жәрдемақы төлемдер мен мемлекеттік қызметкерлердің жалақысына бөлмек. Ал 2020 жылы әлеуметтік төлемге (зейнетақы мен жәрдемақы) 3 трлн 228 млрд теңге көзделеді.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биыл төменгі күнкөріс 29 698 теңгені құраса, 2020 жылы бұл 31 183 теңгеге артпақ. Мұны есептегенде, мүгедектік жөнінде және асыраушысынан айрылған отбасыға төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы 2-3 мың теңгеге өседі. Елімізде 2010 жылдан бері мүгедек баласы бар отбасыға 18 жасқа толғанға дейін жәрдемақы төлене бастаған. 2019 жылдың қаңтарынан бұл жәрдемақы 5 пайызға артып, 31 183 теңгеге жетті. Ал Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 1 шілдеден жәрдемақы 30 пайызға өсіп, 42 578 теңге болса, 2020 жылдың 1 қаңтарынан 43 657 теңгеге артады.

Зейнетақы мен жалақы өссе...

Жыл сайын әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы өсіп, зейнетақыға аз-кем үстеме қосылады. Биыл ең төменгі зейнетақы 52 145 теңге болса, 2020 жылдың 1 қаңтарынан 55 475 теңгеге артады. Сондай-ақ, биыл ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңгеге өсті. Алайда, жалақы мен зейнетақы қалай көтерілсе, азық-түлік бағасы да шарықтап кететіні айтпаса да түсінікті.

2019 жылдың тағы бір жаңалығы – мәдениет қызметкерлеріне еңбек шартына орай қосымша қаржы төленеді. Атап айтқанда, республикалық мекемеде қызмет атқаратындар 50 пайыз, жергілікті деңгейдегі ұйымдарда жұмыс істейтіндер 35 пайыз төлемақы алады. Ал мұғалімдердің еңбекақысы алдағы төрт жылда екі есеге артуы тиіс. Министрліктің мәліметінше, келер жылы азаматтық қызметкердің жалақысы шамамен 130 мың теңгеге жетеді.

Тағы бір жаңалық – жұмысынан айрылып қалған немесе жұмыс істеуге деген қабілетінен айрылғандар үшін берілетін әлеуметтік төлемге өзгеріс енді. «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» заң бойынша, бұрын 100 мың теңге табысы мен бес жылдан кем емес еңбек өтілі бар адам жұмыстан шығып қалса, алатын ақшасы 30 мыңнан 41 600 теңгеге артады. 

Бала туу және бала күтімі жөніндегі жәрдемақы қанша?

Әр ана бала туған сайын бала санына қарай бір реттік жәрдемақы алады. Биыл бірінші, екінші және үшінші баланы өмірге әкелгені үшін 95 950 теңге алса, 2020 жылы 100 738 теңгеге өседі. Ал төртінші бала туылса, бір реттік жәрдемақы 167 013 теңге болады. Мұны жұмыс істемейтін аналар алады. Жұмыс істейтін аналарға 2008 жылдан бастап жалақысының 40 пайызы мемлекеттік қордан төленеді.

Көпбалалы отбасыға басымдық беріледі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген жаңа заң   көпбалалы отбасыларды қолдаудың негізгі үш бағытына көңіл бөлді. Бұл мемлекеттік жәрдемақы 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар барлық көпбалалы отбасының табысына қарамастан төленеді. Мемлекеттік жәрдемақының мөлшері бала санына қарай белгіленеді. Яғни, 4 баласы бар отбасыларға 42 500 теңге, 5 балаға – 53 127 теңге, 6 балаға – 63 757 теңге, 7 және одан да көп балаларға 74 388 теңге төленеді. Орта есеппен алғанда, жәрдемақы мөлшері – әр балаға 10-11 мың теңге. Бұл 2018 жылдан бастап тағайындалмайтын осыған ұқсас жәрдемақыдан 4-7 есеге көп.

Қазақстанда бүгінде бала саны 7-ден асатын 3151 отбасы бар. «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған және «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналарға орташа мөлшері 16 160 теңге болатын жеке мемлекеттік жәрдемақы беріледі.

Динара Мыңжасар 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации