Қазақстанға коронавирус кірсе қайтеміз?

29 ақпан, 08:58

Фото: informburo.kz

Коронавирустың арыны қатты. Жылдам тарап жатқаны соншалық, күн сайын әлемнің әр тұсынан шығып жатыр. Қазірдің өзінде бірнеше елден шыққан вирусқа қарсы амал табылған жоқ. Алайда, әр мемлекет мейлінше сақтық шараларын қолға алды. Соның ішінде Қазақстан да бар.

Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов коронавирустың Қазақстанға да жетуі мүмкін екенін ескертті. «Қазір елімізде коронавирус жоқ. Бірақ Қазақстанға келмейді деп айта алмаймын» деген министр. Шын мәнінде, коронавирус ел табалдырығын «аттаса» біздің медицинаның қарсы тұруға қауқарлы ма? Бұл тұрғыда мамандар не дейді?

Жақсылық Досқалиев, Трансплантация бойынша Республикалық координациялық орталықтың жетекшісі, медицина ғылымының докторы, профессор:

Біріншіден, біздің елге коронавирус жайлы былтырғы жылдың желтоқсан айында ақпарат түсті. Міне, содан бастап біраз шаруа атқарылды. Бұл инфекцияны елге келтірмеудің жолы ізделді. Бұл – бір. Екінші, елге жетсе не істеу керек? Бұл шаруа да шешілді. Үшінші, инфекция тіркелген елден келген азаматтарды не істейміз? Ол мәселе де реттелді. Әрине, Үкімет тарапынан біраз қаражат бөлініп, құрал-жабдықтар, медициналық маска, дезинфекция жасайтын сұйықтық алынды.

Қытайда оқып жатқан студенттер және туристерді кері қайтару үшін үлкен жұмыс жүзеге асты. Бірнеше рет ұшақ жіберіп, алдырттық. Олар арнайы тексеруден өтіп, 14 күн карантинде болып, үйлеріне жіберілді. Ешкімнен де коронавирус табылған жоқ. Бүгінде әр облыстан инфекциялық стационар ашылды. Егер ауырған адам тіркелсе бәрі дайын. Дәрігерлер қосымша білім алып, біліктілігін арттырды. Яғни, не істейтінін біледі. Дәрі-дәрмек жеткілікті. Әрине, бүгін тікелей коронавирусқа қарсы дәрі табылған жоқ. Бірақ симптомдары – дене қызуын түсіретін, ауруды жеңілдететін дәрі бар.

Мемлекет дайын. Бұл еліміздің күресіп жатқан алғашқы инфекциясы емес қой. Осыдан 7-8 жыл бұрын құс, шошқа тұмауы шыққан еді. Міне, соларға біздің мемлекет қарсы тұра алды. Нәтижесі жоғары болды. Сақтық шараларын күшейткен соң бұл індет бізге кірген жоқ. Ешкім бұл тұмауға шалдыққан жоқ. Сондықтан Қазақстанның коронавирусқа қарсы тұра алатын қауқары бар және тәжірибесі мол. Қазір Денсаулық сақтау министрлігі күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Қай елде қандай инфекция тіркелді? Бәрінің тізімін алып, қарап отыр. Бас санитар-дәрігер Жандарбек Бекшиннің қаулысы шықты. Онда қай елге бармау керек, қай мемлекетте қандай инфекция бар деген мәселе айтылған. Яғни, халық дүрбелеңге салынбай, осы айтылған кеңестерді ескеруі тиіс. Жалғыз Үкімет, Денсаулық сақтау министрлігі бұл індетпен күресе алмайды. Оған ел, халық болып жұмыла атсалысуымыз керек.

Бақыт Көшерова, Қарағанды медициналық университетінің клиникалық жұмыстар жөніндегі проректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор:

– Коронавирус өте жедел тарайды. Көбінесе ауа, тығыз қарым-қатынас арқылы жұғады. Бұл вирус адамға берілсе, алғашқы белгілері байқалмауы мүмкін. Яғни, клиникалық түрі – жеңіл, орташа, ауыр жағдайда болады. Сондықтан адамдар әркез алдын алуы керек. Бірінші, жеке гигиенаны сақтау тиіс. Екінші, халық көп жүретін ортада болмауға тырысу керек. Үшінші, бұл індет Қытайда ғана емес, әлемнің бірнеше еліне жетті. Сол себептен вирус табылған – Оңтүстік Корея, Таиланд, Италия, т.б. елдерге шығуды шектеу қажет.

– Сіздіңше, біздің медицина дайын ба?

– Дайын. Біздің эпидемолог-мамандар алдын алу шараларына баяғыда кірісіп кетті. Әу бастан тұрғындарды құлақтандырып жатыр. Үкіметтен қаржы бөлініп, ауруханалар мен емханалар қажетті дәрі-дәрмек, керек-жарақ сатып алынды. Сондай-ақ, қазір бізде коронавирус жұқтырған адамдарды емдейтін клиникалық хаттама жасақталды. Демек, біздің мемлекет дайын деген сөз. Алайда, тұрғындар бәрінен хабардар болып, сақтық шараларын қолға алу керек.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации