Қазақстандықтар курорттан коронавирус тасып жатыр...
Нұр-Сұлтан мен Алматыда коронавирус жұқтырғандардың саны 32-ге жетті. Өкінішке қарай, дертті болғандардың саны осымен тоқтайтынына кепілдік жоқ. Алайда жақсылық көрсек те, жамандық көрсек те – өзімізден екенін ұмытпағанымыз жөн.
Бүгін Алматы қалалық денсаулық сақтау басқарамасының басшысы Тілеухан Әбілдаев онлайн брифинг өткізіп, науқастардың жайын айтты.
«2018 жылы туған науқас Куршевель – Берлин – Алматы бағыты бойынша чартерлік рейспен ұшып келген. Чартерлік рейспен ұшып келгендердің бәрі карантинге жатқызылды. Карантин кезінде кішкентай қыздан вирус табылды», – деді Әбілдаев.
Куршевель – Альпі тауының француз жеріндегі қымбат курорты. Екі жасар қыздың чартерлік рейспен өзі ұшып кетпегені белгілі. Баланың әке-шешесі не ойлаған? Вирус жан-жақтан анталап тұрғанда Куршевельге барып сәбиіне дерт жұқтырғанымен қоймай, коронавирусты елге әкелді.
«Шенді-шекпенділер чартерлік рейспен кімнің ақшасына ұшып жүр?» деген сұрақты әзірге екінші кезекке ысыра тұрайық. Вирустың беті қайтқанша курорт араламай шыдай тұруға болмай ма?!