Қазақстанда жасалған есірткі әлемге тараған

05 наурыз, 11:44

Фото: news.myseldon.com

Алматы мен Шымкенттегі жасырын зертханаларда синтетикалық есірткі өндірісін қолға алған қазақстандық пысықайлар әлем нарығына шығыпты.

Соңғы кездері ірі қалаларда қарапайым химикат, биологиялық қоспа және тіпті ыдыс-аяқ жуатын құралдардан оп-оңай есірткі жасап, оны кейін цифр технологияларының көмегімен биткоинға сататын «стартап» иелері пайда болған. Ал бір отандасымыз әлдеқашан иелерін тапқан жаһандық есірткі нарығынан ойып тұрып орын алыпты.

Бірақ алдымен Алматыда болған бір оқиғаны әңгімелейік. ҰҚК жергілікті департаментіне қаланың бір тұрғыны ірі көлемде Мәскеуден химиялық реактивтер алдыратыны туралы ақпарат түседі. Сәлемдеменің салмағы 17-ден 187 келіге дейін жетіп отырған. Тапсырыс беруші осындай химия өнімдерін өндіріс мақсатында пайдаланатын кәсіпкер ретінде еш жерде тіркелмеген, оның тіпті көлік жуатын орталығы да болмаған.

Құзырлы орган өкілдеріне оның осыншама химикатпен не істейтіні қызық көрінген. Жедел уәкілдер алдымен ол алдыратын өнімдердің үлгісін зертханаға жібереді. Реактив құрамында Қазақстанда тыйым салынбаған бромкетон-4, метиламин және бензол бар боп шықты. Бірақ сарапшы химиктер бұл элементтермен мефедрон деп аталатын синтетикалық дәрі жасауға болатынын айтады. Оны нашақорлар өз арасында меф деп атайды. 4-метилметкатинон немесе 4-метилэфедрон деген атпен де белгілі мефедрон – орынбасқан амфетамин және катинондар классына жататын, химиялық қосылыс, психостимулятор және эмпатоген. Басқаша айтсақ, әсері өте күшті есірткі.

Одан арғы бақылау нәтижесінде химикаттардың бәрін Виталий Огай есімді біреудің алатыны анықталды. Кейінірек қылмыстық топтың жетекшісі осы Огай екені белгілі болады. Қулығына құрық бойламайтын Огай есірткі өндіру мен сатуға қатысы барлардың бір бірімен кезікпеуін, араласпауын ерекше қадағалапты. Олардың ешқайсысы өз әрекетінің түпкі нәтижесін білмеген, бәрі тек топтың басшысымен ғана байланысып отырған.

Одан әрі құзырлы орган қызметкерлері Алматы қаласы мен облысы аумағындағы күдіктілердің бәрін анықтайды, астыртын зертхананы да табады.

Бұлтартпас айғақтар жиналған бетте Огайды қылмыс үстінде ұстау ұйғарылады. Оны 2018 жылдың соңында құрықтаған. Комитет қызметкерлері одан 2,3 келі мефедрон, 18 грамм MDMA, 7 грамм пировалерон мен синетикалық есірткі әзірлеуге арналған 500 литр прекурсор тапқан. Жақында сот оны 11 жылға бас бостандығынан айырды.

Сол жылы осыған ұқсас жағдай Шымкент қаласында да болған. Тек оның ауқымы бұдан да көлемді екен. ҰҚК-нің жергілікті департаменті қызметкерлерінің назарына Станислав ОДАЙСКИЙ деген азамат ілігеді. Бұған оның банктегі есепшотына ай сайын орташа 50 миллион теңгеден көп ақша түсетіні түрткі болыпты. Және олардың дені кәсіпкерлік қызмет бойынша төлемақы емес, кәдімгі ақша аударымдары болғаны күдік туғызған. Оның үстіне оған бірнеше мәрте ақша аударғандардың ішінде бұған дейін комитет қызметкерлері есірткі сатушылар ретінде бақылауға алған екі алматылық бар еді. 

Жедел уәкілдер жасырын түрде есірткі сатушының компьютерлеріне кіріп, ондағы дисктерден есірткіні қалай таратып жүргені туралы мәліметтерді тапқан. Осыдан соң бірден Одайскийді айғақ заттармен ұстау операциясы басталады. Арнайы орган өкілдері күдіктінің өз атынан 24 бандерольді шетел асырғанын анықтайды. Оның 17-сі АҚШ-қа, төртеуі – Ұлыбританияға, және біреуден – Швеция, Швейцария, Австралияға жолданыпты. Огайскийдің бизнесінің ауқымы талайды көрген жедел уәкілдердің өзін айран-асыр еткен, өйткені бұған дейін есірткі сатушылар әрі кеткенде облыс деңгейінде ғана әрекет ететін.

ҰҚК қызметкерлері күдікті хат алмасып отырған елдердің арнайы қызмет өкілдерімен байланысқа шығады.

Нәтижесі көп күттірмеді. 2018 жылдың 14 қарашасында Швейцарияның федералды полициясы астыртын зертханасында синтетикалық есірткі дайындап, оны кейін Австрия мен Швейцария аумағында сатып келген күдіктіні ұстады.

Одайский химиялық заттарды Қытайдан алдырып отырған. Оларды шекарадан биологиялық белсенді қоспа, стероидтер, бронхит, демікпе ауруларын емдейтін дәрі ұнтағы есебінде көрсетіп өткізіп келген. Қоспаларды пысықай сыбайластарымен бірге бірнеше айға жалдаған пәтерлерде қайнатып жүрген.

Қылмыскердің тағы кімдермен байланысы барын білу үшін жедел уәкілдер аңдуын жалғастырады. Ақырында олар есірткі өндіретін жасырын цехке тап болған. Ол жерде синтетикалық есірткіні түрлі тауар түрінде қаптап, АҚШ, Австралия және  Австрияға жөнелтуге дайындап оытрған.

Станислав Одайский былтыр көктемде ұсталды. Тінту кезінде одан ампула, ұнтақ заттар салынған полиэтилен қалталары (10 келіден астам), 200 литерден астам сұйық прекурсор, электронды таразы, есірткі дайындауға қажет зертханалық құралдар секілді 700-ден астам айғақ заттар табылды.

Айғақтардан бұлтара алмасын түсінген есірткі саудагері тергеушілерге бәрін жайып салады. Компьютерлердің құпиясөздерін, Қытайдағы шикізат жіберушілер, Ресейдегі, Батыс Еуропа мен АҚШ-тағы әріптестер туралы барлық мәліметті, сонымен бірге есірткі таратумен айналысатын жүздеген сайттың атауларын айтып береді.

Тергеу барысында Одайскийдің есірткіні Германия, Нидерланды, Франция, Польша, Болгария, Дания және Қырғызстан елдеріне де сатқаны анықталады. 2015 жылдан 2019 жылдың мамырына дейін ол бірнеше аккаунт арқылы түрлі биткоин алмастыру бекетінде 427 транзакция өткізіп, 20 000 000 АҚШ доллары көлемінде ақша алмастырған. Ақырында жас есірткі бароны 7 жарым жылға сотталды.

Ресми статистика бойынша былтыр бір ғана Алматы қаласы бойынша ҰҚК қызметкерлері синтетикалық есірткі бойынша 13 іс қозғаған, заңсыз айналымнан 8 келіден астам психотропты заттар мен 786 литр прекурсор тәркіленген. Психогалюциногенді препарат әзірлеп келген екі астыртын зертхананың жұмысына тосқауыл қойылған. Есірткі саудасымен айналысқаны үшін 11 адам ұсталып, қылмыстық жауапқа тартылды.

Ал Шымкенттегі ҰҚК құқызметкерлері былтыр 14 қылмыстық іс қозғаған. 3 келіден астам есірткі өнімі, 10 келі прекурсор тәркіленген. Синтетикалық есірткі дайындаған жасырын зертхана мен ТМД, ЕО елдері мен АҚШ-қа психотропты заттар жеткізіп тұрған бір ұйымның жолы кесілді. 

Құқық қорғау органдарының өкілдерін есірткі саудагерлерінің қулық пен сұмдықтың неше түріне баратыны таң қалдыруда. Есірткі дилерлерін америкалық сериалдар шабыттандырыпты, синтетикалық есірткі әзірлеуге керек деректі олар интернеттен тапқан. Дегенмен синтетикалық есірткі жасау үшін кемінде химия мен физиканың әліпбиін жақсы білу керек. Бұл жағынан алып қарағанда біздегі білім деңгейі анау айтқандай төмен емес секілді. 

«Время» газетінен 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации