Қарасу батпағы: «Жәбір көрсетуші» бар да, «жәбірленуші» жоқ

07 шілде, 18:35

Фото: коллаж

№2 Байқоңыр сотының судьясы Айжан Құлбаева соңғы алты ай бойы жүргізілген тергеу нәтижесіне көңілі толмай, екі вице-министрдің ісін қараудан бас тартып, прокуратураға қайтарып жіберді. Ғани Сәдібеков пен Бақытжан Жақсалиевтің ісі осылай сағызша созылып келе жатқанына 2,5 жылға жуықтады. Өздеріңіз білетіндей, бұл екі азамат бұрын Энергетика вице-министрі болған. Даудың басы туризмді дамыту мақсатымен қолға алынған Шортанды-Бурабай курорт аймағындағы үш көлді тазалау жобасынан басталды. Бұған бөлінген қаржы да қыруар. Бақандай 23 млрд теңгеден асып жығылады. Жұмыс алдымен Қарасу көлін тазартудан басталған. Балшық тазалау алғашқы көлден-ақ былыққа батты.

Бұл іс бара-бара комедияға айналып шықты. Бір сөзбен айтқанда, «ұры» бар, бірақ мүлкімді «ұрлаттым» деген адам жоқ болып тұр. Оның үстіне, прокуратураның да бұл іске жүрдім-бардым қарай бастағаны байқалады. Судья Айжан Құлбаева прокуратура жіберген орашолақтықты жіпке тізіп берді.  

Оның мәлімдеуінше, қаралып жатқан іс бойынша келтірілген шығын туралы сұраққа жауап беретіндей сараптама қорытындысы жоқ. Іс бойынша жаңа сараптама тағайындауды сот орынды деп есептемеген.  Десе де, прокуратураның бұл талабына лажсыз келісім берді. Өйткені, өткен сот отырысында прокурор Сәуле Сыдықова бас сот тергеуі барысында жасалған сараптаманы жарамсыз деп танып, жаңасын тағайындауға рұқсат сұраған болатын.

Прокуратураның пікірінше, сарапшы «Мемсараптама» РМК болуы тиіс. Себебі, Қарасу өзенін тазарту жобасы осы ұйыммен келісілген. Жобадан бірнеше сарапшы қате тауып отыр. Сол есептегі алшақтық екі вице-министр мен бірнеше кәсіпкердің (барлығы 8 адам) қолына кісен салдырған болатын.

Екі министрге «сеніп тапсырылған өзгенің мүлігін иемденді және талан-таражға салды» деп айып тағылған. 2014 жылғы жоба бойынша көл табанынан алынып, тазартылатын тұнба көлемі 323 мың шаршы метр деп бекітілген. Көл түбіне шөгіп, ұдайы өзгеріп отыратындықтан, тұнбаның көлемін нақты анықтау қазір мүлде мүмкін болмай шықты.  Сот Құлбаева тергеуде жіберілген қателіктерді көрсете отырып, 2014 жылғы сметалық есепте қате жіберілгеніне тоқталды.

Оның үстіне, «ұрланған ақшаны» офшорға кімнің жібергені және қайда жібергені айыптауда нақты көрсетілмеген. Бұл қаражатты Қазақстан Республикасына қайтару тетіктері де назардан тыс қалған. Күндері мен нақты сомасы да жоқ. «Сондықтан айыптаудың шегін бекітіп, дәлелін тексеруге болмайды. Сәдібековке қатысты жүргізілген тінтудің қаралып жатқан іске қатысы болмай шыққан. Заңда қарастырылған мерзімдерді бұзу оның құқығы мен еркіндігін өрескел бұзу болып табылады. Басқа сотталушыларға да қатысты да осындай жағдай анықталып отыр», – деді сот.

Құлбаеваның сөзіне қарағанда, Қарасу өзенін тазартуға бөлінген бюджет қаржысын ұрлау фактісі туралы ақпарат мүлде басқа іс бойынша арнайы тергеу шаралары барысында алынған. Содан кейін тергеу ұрлық бойынша іс қозғаған. Алайда, сотталушыларға істің қозғалғаны жөнінде ескертілмеген. Осылайша, сотқа дейінгі кезеңде де сотталушылардың құқығы бұзылған. Заң бойынша, орган тұлғаның күдікке ілінгені туралы қаулы шығаруы тиіс. Қаулының көшірмесі тапсырылып, күдікті құлақтандырылуы қажет. Бұл жерде сотталғандарға қатысты қаулы шығарылмаған да. Сәдібековке бұл кезеңде құқығын мүлде түсіндірмеген. Судьяның айтуынша, тергеу осы секілді адам құқығын бұзатын тағы да бірнеше заң бұзушылық жіберген.

Бір қызығы, осы іс бойынша жәбірленушінің кім екені анықталмай отыр. Және сотталушыларға қатысты азаматтық талап-арыз түспеген. Айталық, тергеушінің 2018 жылдың 22 маусымындағы қаулысында «жәбірлену тарап» болып Энергетика министрлігі көрсетілген. Бірақ бұл министрлік өзін жәбірленуші деп санамайды. Себебі, сот отырысында айыптаушы тарапына шықпаған және азаматтық талап-арыз да жазбаған. Айта кетерлік жайт, сот отырысы барысында жәбірленуші тарап Энергетика министрлігінен Экология министрлігіне ауыстырылыпты. Прокурорлар мұны мемлекеттік табиғатты қорғау саясатына қатысты Энергетика министрлігінің құзыры дәл осы ведомствоға берілгенімен түсіндірді. Алайда сотқа Экология министрлігінің өкілінен «қызық» шағым-арыз түскен. Онда үкіметтің 2018 жылы 9 қазандағы қаулысымен Энергетика министрлігінің құжаттары Ақмола облысы әкімдігінің коммуналды меншігіне берілгені айтылған. Жобаны әрі қарай қолға алатын да әкімдік болып шықты. Сотқа дейінгі тергеу органы «жәбірленуші» тарапты таппай отыр. Мұның өзі істің түйінін дұрыс шешуге кедергі келтіреді. Өйткені, қандай органның мүлкіне зиян келгені бұлыңғыр. «Жәбірленушінің пікірі қарастырылып жатқан іс үшін маңызды. Қылмыстық-процессуальды Кодексті өрескел бұзу іс бойынша кесімді шешім шығаруға кедергі келтіреді. Не кінәлап, не ақтап үкім шығара алмайсың», – дейді сот Құлбаева. 

Сот көрсетілген заңбұзушылықтар жойылып, айыптарды нақтылап, кінә шегін бекіткеннен кейін ғана сот істі қарайтынын айтты. Судья Құлбаева сотталушыларға қолданылған шектеу шараларын өзгеріссіз қалдырып отыр. Рас, бұл – қай жағынан алсаң да, өте күрделі іс. Шетелдік технологиялар, шетелдік мамандар тартылған. Бұрын-соңды атқарылмаған шаруа. Өздеріңізге мәлім, Сәдібековке «ақша жымқырудың күрделі схемасын ойлап тапты», ал Жақсалиевке «қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айып тағылған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресетін ведомство өкілдері «ақша жымқыру үшін мердігер ұйымдардың басшыларымен сөз байласқан» дегенді айтады. Ал екі экс-министр болса, тағылған айыптардың бірін де мойындап отырған жоқ.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации