Карантиндегі қала

20 наурыз, 20:47

Фото: nege.kz

«Карантиннің болғанынан боладысы қызық» деген тәмсіл жоқ. Десек те, осылай бұрып айтпасқа болмады. Үкілеп отырған Елорда мен Алматы жаппай карантинге жабылады деген - неше ұйықтасақ та түсімізге кірмепті. Есесіне, өңімізде куә болдық. 

Қос мегаполис карантинделетінін естіген отандық БАҚ аянып қалмады. Мүмкіндігінше жедел, барынша шынайы ақпар беруге тырысты. Әлеуметтік желі қолданушылары белсенділік танытып, белгілі бір миссияны атқарды. Шыны керек карантинің екінші күні болса да, артынып-тартынып ауылға аттанып жатқан жанның қарасы көп. 

Карантиннің алғашқы күнінен редакция мүшелері жанды материал болсын деп Алматыны айнала қойылған блок бекеттерді маңайлап жүр. Содан байқағанымыз, біздің қазақ әлі де қамсыз. Карантинге жабылатыны бір тәуліктен астам уақыт бұрын хабарланса да, ала дорбаны арқалап, ұл-қызын сүйретіп, Алтын орда базарында жүрген талай азаматты көрдік. 

Бұл бекеттің жұмыс тәртібін бірнеше сағат бақылап, құзырлы мекеме өкілдерін әңгімеге тартып көруге тырыстық. Ресми сұхбаттан бас тартып, белгіленген баспасөз хатшының рұқсаты керегін айтты. 

Жоғарыдағы видеодан байқасаңыз, бекеттің қаладан шығып кету бөлігі еркін. Ал кіру мәселесі тәртіпке негізделген. Арнайы анықтама немесе тұрғылықты мекен-жайы жоқтар амалсыз кері қайтуда. Алдын-ала хабарласқаннан кейін бе, облыста тұрып қалада жұмыс істейтін медицина қызметкерлері анықтама-құжат дегенді тап-тұйнақтай етіп жинап алған екен. 

Желіде «төтенше жағдай дегені төтенше болмаушы ма еді» деген сыни пікір көп айтылды. Блок бекеттен байқағанымыз азаматтармен қатар жауапты тұлғалар да карантинге тыңғылықты дайындалғандай. Штабта медицина мамандары, тәртіп сақшылары мен құзырлы мекеме, әкімдік өкілдері жұмыла әрекет етуде. 

Қаладан шығып кетем дегендерде бір ғана тәулік уақыт қалды. Одан кейінгісі.... Кеше-бүгін қайтып жатқандарды көріп, әлі талай азаматтың Алматыды ішінде, талайдың карантин сыртында қалып қоятынын байқадық. Екі күн бойы тыныш тұрған блок бекеттердің тыныштығын 22-наурыз күні біраз адам бұзатын сыңайлы. 

Басқаны былай қойып Алтын орда блок бекетіне тоқталғанымыз тегін емес. Ұзынағаш, Қаскелең т.б шағын қала мен талай ауыл азаматтары мегаполистен нан тауып жүргені де бөлек әңгіме. Мұнда арнайы келгеніміз қаладағы базар мен сауда дүкендерін азық-түлікпен қамтып отырған бірден-бір базар осы жерде. Карантин мен төтенше жағдай қаладағы азық-түлік бағасының өсуіне әсер еткені рас.

Тақырыпқа орай: Сарымсақтың келісі 7 мың теңге болған кез

Тіптен, кей ірі сауда орындарында қарапайым картоп, ұн, шекер, ас майы тапшы болып қалғаны рас. 

Аула маңындағы дүкендер картоп келісін 250 теңгеден саудаласа, «Magnum», «Арзан», «Small» сынды ірі азық-түлік дүкендер желісі «тауар жоқ» деп талай тұтынушыны «ренжітті». Ренжімей қайтсін қорқа-қорқа маска киіп, бар тапқанын түйіп құжынаған халық жиылған дүкенге кіріп барса, іздегені жоқ болса. Ол ол ма бірнеше сағаттан кейін картоп келеді дегенді естіп, күтіп-күтіп келгені жұмыртқадан сәл-ақ үлкен, жұдырықтан кіші болса... Жоғарыдағы бейнені сондай дүкен желісінің бірінен түсіріп алдық. Қатар-қатар кезек үзілген жоқ. 

Алтын орда базарына келген ойымыз да сол еді. Бір-жағы дүкендегі сатушылар «біз қымбаттатқан жоқпыз, Алтын ордадан қымбат келіп жатыр» деп назданған. Осыны желеу еткен талайдың сөзі бізді осы базарға алып келді. 

Баға мен тауар мәселесі бұл базарда қалыпты екеніне жоғарыдағы бейне нақты дәлел. Ешқандай тауар тапшылығы мұнда жоқ. Құн да қалыпты. Екі ортада жүрген делдалдың қалтасы терең болғаны үшін талайлар қалта жұқартты-ау. Бұл енді бөлек тақырып.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации