Карантин режимін бұзғандар жаппай жазалануда

Елордада карантин режімін бұзған 300-ден астам адам жауапқа тартылды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің басшысы Ержан Сәденов мәлім етті.
Алматы, NEGE. «Карантин режімінің күшейтілуіне қарамастан, кейбір азаматтар қоғамдық тәртіпті бұзып, көшеде жүрген. Үш күннің ішінде, яғни 28-30 наурыз кезеңінде полицияға 307 адам жеткізілді. Оларға қатысты әкімшілік жаза қабылданды. Сонымен қатар, екі мыңнан астам профилактикалық түсіндіру шаралары жүргізілді», – деді Е.Сәденов.
Оның сөзіне қарағанда, 22 наурыздан бастап төтенше жағдай режімін бұзғаны үшін 369 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 86-сы қамауға алынды, 202 адамға айыппұл салынды.
Сондай-ақ, 69 адамға ескерту жасалса, 17 іс сотта қаралуда.
«Блок-бекеттерінде 98 адам жазаға тартылды, оның ішінде 80 адам қамалды, 14 адамға айыппұл салынды, 4 іс сотта қаралуда», – деді Е.Сәденов.