Карантин кезінде ауыл молдасы жұма намазға жұртты жиған ба?

06 сәуір, 20:31

Фото: Muftyat.kz

Талғар ауданы Бірлік ауылының мешітіне қатысты дау шықты. Журналистер көтерген жайттарға сенсек, төтенше жағдай кезінде бұл мешітте жұма намазы өткен көрінеді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, жұма намаздан кейін 400 адамға құдайы тамақ, ас беретін қатымхана салуға ақша жинау мәселесі талқыланған.

«Бұдан кейін намазхандар өзіне бекітілген аумақтағы үйлерді топ-топ құрып адақтап, қатымхана құрылысы үшін әр отбасыдан 30 мың теңге жинауды (ай сайын 5 мыңнан алты ай төлеп тұрса да болады) бастайды және тұрғындарды алдағы сейсенбіге белгіленген, мешітте өтуі тиіс жиынға шақырады», – деп жазды журналист Ораз Әлімбеков.

О.Әлімбеков

Қазір жұқпалы індеттің таралуын тоқтату үшін республика аумағында төтенше жағдай жарияланған. Соған байланысты жұма намаз, жиын өткізуге тыйым салынған. Тыйымды бұзғандар заң бойынша жазаланып жатыр.

«Соны біле тұра Бірлік мешітінің имамы заңды белшесінен басып, мешітте тұрғындардың жиналуына жол беріп қойған», – дейді журналист.

Ол Қазақстан мұсылмандар басқармасына, Бас мүфтиге жеткізу үшін жазба қалдырған көрінеді. Бірақ, Бірлік мешітінің имамы «мұның бәрі жала» деп отыр. Бірлік ауылындағы жағдайға қатысты ҚМДБ-да пікір білдірді. Ұйымның баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы былай дейді:

«Алматы облысы Талғар ауданы Бірлік ауылында имам жұма намазын өткізді, мешіт ауласына асхана салу үшін халықтан ақша жинады» деген мазмұнда жазылған жазба бойынша мына жайтты мәлімдейміз:

«Біріншіден, осы жазба бойынша облыс және аудан имамы Бірлік ауылында болып, мәселенің анық қанығына көз жеткізіп, мүфтиятқа ресми мәлімет жолдады. Ресми мәліметте әлеуметтік желіде жазылған жазба шындыққа жанаспайтыны баяндалған.

Екіншіден, төтенше жағдайға байланысты, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің жұма намазын уақытша тоқтату туралы пәтуасы бойынша Бірлік ауылында жұма намазы оқылмаған. Бұған ауыл тұрғындары мен мешіт маңында тұратын адамдардың бейнежазбасы дәлел».

А.Қонарбай

Бұл оқиғаға ҚМДБ берген жауап даулы мәселеге мұрындық болған журналисті қанағаттандырмай отыр.  

«Жұқпалы індет кезінде тұрғындардың денсаулығына қатер төндіретін жиын өткізуге мұрындық болған имамды ҚМДБ-да қорғаштап шықты...Оған ешқандай шара қолданғысы жоқ», – дейді Ораз Әлімбеков.

Сондықтан ол мәселені мемлекеттік органдарды араластыру арқылы шешуді жөн санапты.

Ағабек Қонарбай болса, мешіт ауласына асхана салу ісі сол елдімекеннің белсенді жастарының игі ниетінен туған бастама екенін айтады. «Бұл ауыл имамы тарапынан ұйымдастырылған шаруа емес екені дәлелденді. Имам ауыл тұрғындарынан ақша жинау туралы өтініш білдірмеген», – дейді баспасөз хатшысы. ҚМДБ сөздеріне дәлел ретінде ауыл тұрғындарын сөйлетіп, бірнеше бейнежазба жариялады.

«Ауыл имамының заңды белінен басып, жартылай құпия жасап жатқан басбұзарлығы әшкере болып қалған соң, ол шындықты жайып салған мен сияқты азаматтарды қарғап-сілеп жатыр екен», – дейді Ораз Әлімбеков.

ҚМДБ бұл мәселені орынсыз ушықтыра бермеуге шақырып отыр. Бұл жағдайдан бейхабар адамдардың түсінігіне тексерілмеген ақпарат теріс әсер етуі мүмкін екенін алға тартады. «Қолына қалам ұстаған қауымды карантин кезінде халықты жақсылыққа үндеп, көңілге медеу, жанға қуат берер жақсы сөз жазып, алғысын алуға шақырамыз», – дейді Ағабек Қонарбай.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации