"Қамсыз қазақтың көрген күні осы"

22 наурыз, 23:25

Фото: nege.kz

«Таңғы сағат тоғыздан осында тұрмыз» деп бастады әңгімесін қартаң әжей. «Алматының дәрігерлері жақсы дегеннен кейін ем алайын деп келгенмін, енді үйіме қайту да мұң болды» деген дауыс ырғағынан аз-кем ашу, болмашы реніштің белгісін байқадық. Бұл Алматыдан облыс шекарасына өте алмай тұрған жүзге жуық жанның бір оқиғасы ғана. 

 Ертеректе Жүсіп Баласағұн «Талайды қамсыздық құртқан» депті. Жалқаулық демеген! Алматыда жаппай карантин 22-наурыздан басталады деп БАҚ пен әлеуметтік желі талайдан ескертіп жатса да, бүгін қаладағы блок бекеттердің көбінде адам қарасы қалың болды. Құрсақтағы шаранадан бастап, қаусаған қария да қала шекарасынан шығып кетудің жолын іздеуде. 

Топтан шеткері тұрып байқағанымыз қамсыздықтың соңы түсініспеушілікке, оның соңы мейірімсіздікке әкеліп соғатындай. Жиылған талапшыл жұрт құқық айтып шулай бастаған соң, құзырлы мекеме түсіндірме жұмыстарымен жеке-жеке айналысуға көшті. Қаумалап тұрған ел кезекке таласып, балалы әйелдер ересектерді сөзбен сыбап алды. «Азаматтар аздап балалы әйелдермен қарттарға жол берсеңдер қайтеді, ұят емес пе?» деген келіншекке «Ұятты басқа жерде айтасыз балаңызды шұбыртып не істеп жүрсіз мұнда» деп қатқыл бір дауыс шықты. Әрине еркектің. 

Қамсыздықтың тағы бір көрінісі пандемия кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамау. Үкімет адам көп жиналатын жердің бәрінен қауіптеніп жауып жатқанда блок бекеттерде топ-топ қазақтың жүргені қалай?! Дәл солай мұндағы жүргендердің бәрі  түрі, тілі қазақ ағайын. Басқасын былай қойғанда маска таққаны сирек. 

Пышақтың екі жүзі секілді халықтың да айтары болды. Аты-жөнін атамаған, суретке түсуді құп көрмеген бірнеше балалы, аяғы ауыр келіншек сұхбаттасудан бас тартқан жоқ. 

«Күйеуім жеке кәсіпкердің қолында жұмыс істейді. Алматыда пәтер жалдап тұрдық. Жұмыс тоқтағаннан кейін ауылға қайтуға тура келді. Баяғыда қайтып кетер едік, отағасы жалақысын күтті. Кетіп қалсақ ала алмас едік. Бір жағы жолға да қаржы керек дегендей. Осы жайтты жауапты кісілерге жеткізсеңіз» деп базынасын да айтып қалды.

Жеке-жеке сөйлесу де нәтиже бермеді ме топ ішінен бір әйел «неше сағаттан бері осы жерде жүріп шаршадық, өткізе салсаңыздар қайтеді» деп айқайлады. Құзырлы мекеменің қызметкері сабырлы қалыппен «сіз бірнеше сағаттан бері жүрсіз, ал, біз бірнеше күннен бері осы жердеміз» дей салғаны сол еді жұрт жым бола қалды. 

Бірнеше күн бұрын хабарланған соң жиылғандар да ешкімді кіналай алмай түс ауа шетінен тарқай бастады. Сол жерде тұрған самайын қырау шалған, сақалын сәндеп қойған бір ақсақал «Еее, қамсыз қазақтың көрген күні осы да» деп терең күрсінді...

Үйке келіп көрген-білгенді қағазға түсіріп отырып, «бұ қазақ қайткенде де жолын табу керек қой» деген ой келді. Сөйттік те интернетке Алматы-Шымкент бағытындағы такси керек деп тере қалғанымыз сол бірінен соң бірі хабарласа кетті. Жаппай карантинді айтып едік «Бекеттің сыртында тұрмын, қарауылға рахмет десеңіз өткізіп жібереді. Адамдар солай кіріп-шығып жатыр» деп сайрады бірі. Артынша «Сайраннан» алып кетемін» деген хабарландыруға да көз түсті.

Біз де күндіз көрген қария іспетті «Еее, қамсыз қазақтың көрген күні осы ғой» дедік те осы жазбаны жариялап жібердік...

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации