Испаниядағы қазақстандық студенттер көмек сұрады

18 наурыз, 16:25

Фото: сурет ғаламтордан алынды

Дәл қазір коронавирус індеті Еуропа мемлекеттерінде өршіп тұр. Әсіресе, Италия мен Испания халқы едәуір зардап шегуде. 

Қазір мұнда қатаң түрде карантин енгізіліп, жұрттың әрі-бері сабылып жүруіне шектеу қойылған. Алайда, біздің шетелде "Болашақ" және жоғары оқу орнынан жолдама арқылы білімін жетілдіріп жүрген қаншама студент бар. Олардың жағдайы қалай? Өткенде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов "Болашақ" бағдарламасы бойынша қазіргі сәтте 855 студенттің білім алып жатқанын айтқан. Ал оқу орнынан академиялық мобильдікте жүрген жастардың қандай күйде күйде екенін білген кім бар? 

Испанияда академиялық мобильдікте жүрген қазақстандық Мадина атты студент өзінің Инстаграмдағы парақшасында ҚР Сыртқы істер министрлігі, ҚР Білім және ғылым минстрлігі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен көмек сұрапты. 

"Біз ҚазҰУ-дың заң факультетінің 2 курсының студентіміз. Испанияның Сьюдад-Реаль қаласында қаңтар айынан маусым айына дейін білім алуымыз керек еді. Мұнда COVID-19 вирусының таралуына байланысты жағдай ушығып кетті. Біз бұл жөнінде университетке айтып, қайту керек болса, хабар беруін сұрадық. Бірақ біз оқу орнынан ешқандай жауап алмадық. Біз жергілікті тұрғындардан қысым көріп жүрміз" деген. 

"Испанияның барлық аумағында карантин жарияланды. Кез келген қозғалысқа тыйым салынады. Талаптар бұзылған жағдайда кінәлілер жауапқа тартылады. Күн сайын әлем елдері Испанияға ұшуын тоқтатып жатыр. Біз Испанияда буллинг пен ұлтшылдыққа тап болдық. Олар дүкендерде бізге "Сен азиялықсың!", "Коронавирус!" деп саусақпен көрсетіп, нан да сатпай қойды. Үлкендер бізге жұмыртқа лақтырса, балалар мазақ етуге көшті. Психикамыз бұзылды. Басында көшеге шығуға қорқатынбыз, енді ұйықтауға қорқамыз", - дейді студент. 

Сондай-ақ, олар Испанияда карантин екі айға дейін созылуы мүмкін екені, қазіргі кезде вирус жұқтырғандар саны 10 мыңнан асқанын айтқан.   "Біздің тұратын жеріміз жоқ. Пәтердің қожайыны карантинге байланысты үйден шыға алмай, төлемді де қабылдай алмайды, сондықтан айдың соңына дейін кетуімізді сұрады. Қалада азиялықтарды көргісі келмейді. Біз дүрбелең салмай, қорықпауға тырыстық. Бірақ жағдай қорқынышты, біз өз өміріміз үшін қорқамыз", - деді ол.

Біз бұл мәселе бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универститетінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүл Баяндинаға хабарластық. Ол: "Еуропаны коронавирус індеті жайлай бастаған кезде бұл студенттерге Халықаралық қатынастар департаменті хабарласып, елге қайту жөнінде айтқан. Бірақ олар оқуын әрі қарай   жалғастыратынан жеткізіп, қол хат жазып берген. Бірақ оқу орны дәл қазір бұл мәселемен айналысып жатыр" деді. 

Ал Сыртқы істер министрлігі жағдайдан хабардар екен. "Қазіргі уақытта Қазақстанның Мадридтегі елшілігі Испанияда жүрген Қазақстан азаматтарының тізімін жасап жатыр. Қазақстанға оралғысы келетін азаматтарымыздың санын анықтағаннан кейін оларды елге қайтару мәселесі шешіледі", - делінген СІМ хабарламасында. 

Бұдан кейін Испаниядағы қазақстандық студенттер: "Баршаңызға рахмет! Қазіргі сәтте біз Қазақстанның Испаниядағы консулдығымен байланысқа шыға алдық. Консул бұл жағдайды шешуге көмек беретінін айтып, бізбен үнемі байланыста болып, тәулік бойы ата-анамызбен сөйлестіріп жатыр" деп алғысын білдірді. 

Министрлік Испаниядағы барлық қазақстандықтан Мадридтегі дипломаттарға +34917216290, Барселонадағы дипломаттарға +34671314878 нөмірі бойынша хабарласуды сұрады. 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации