«Ішімдікті шектеу туралы» хат облыс әкімдігіне жетпеген

04 сәуір, 19:13

Фото: ғаламтордан

Біз бұған дейін Nege.kz редакциясына бір оқырманның Алматы облысы прокуроры орынбасарының облыс әкімінің орынбасары Л.Тұрлашовқа бағытталған хатын жариялаған едік.

Онда облыс аумағында алкоголь сатуды шектеуді ұсынады. Себебі, карантин кезінде отбасылық кикілжің көп тіркелген. Яғни, бұрын-соңды үйде қамалып отырып көрмеген ер азаматтардың дені агрессиялық, тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекетке барған. Мұның бәрі ішімдіктің салдарынан туындайтыны сөзсіз. «Сондықтан да артық жүріс-тұрысты шектеу, топырлап жиналуға жол бермеу керек. Осыған орай, алкоголь өнімдерін сатуды шектеу мәселесін қарастыруды ұсынамын» деген хатында Алматы облысы прокурорының орынбасары М.Әбдірахманов мырза. 

Алайда, бұған Алматы облысы әкімдігі не дейді? Біз әкімнің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкелге хабарласып, осы хат жөнінде қандай шешім шыққанын сұрадық. Ол: «Ешқандай да шешім қабылданған жоқ. Себебі, сіздерде жарияланған хат бізге жеткен жоқ» деп жауап берді.

Шынында да, бұл карантин ешкімге оңай соқпады. Соның ішінде төрт қабырғаға байланып қалған отбасы мүшелеріне де ауыр. Тіпті, Қытайда екі ай карантиннен кейін ажырасу дерегі көбейген. Жұптардың ажырасу рәсімдері бойынша шанхайлық адвокат Стив Лидің айтуынша, наурыздың ортасында аяқталған карантин уақыты біте салысымен, оның қызметіне жүгінушілер қатары 25%-ға дейін артқан. Мәселен, бір ғана Милуо қаласының өзінде бір айда 206 жұп ажырасса, 311-і некелерін заңдастырған. Ал Сычуаньдағы Дажоу қаласында 24 ақпаннан бастап 300 ерлі-зайыпты ажырасуға өтініш беріпті. Мамандар бұған ерлі-зайыптылардың карантинге байланысты көбірек уақытты бірге өткізуге мәжбүр болуымен байланысты деп санайды.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации