«Генай» мен оның бандасы қалай ұсталды?

29 ақпан, 18:04

Фото: nege.kz

Бұл жолғы әңгімем қылмыс әлемінде «Генай» деген лақап атпен танылған Еркін Сағитов пен оның бандасы туралы болмақ.

Бір кездері бұл жігіт Қарағанды облысының бапкерлері болашағынан зор үміт күткен спортшы болды. Тіпті Геннадий Головкин мен Серік Сәпиев сынды даңқты жерлестерінің ізімен атағы жер жарған боксшы болар ма еді. Бірақ жаман жолға түскен жігіт қарақшылықты таңдап, кәдімгі қылмыскерге айналды. Дегенмен қарағандылық қылмыскерлер мен аула бұзақыларының арасында оның есімі әлі күнге танымал. Оның кеншілер қаласындағы саудагерлер мен кәсіпкерлерді уысында ұстағанын, қаланы қорқынышта қалтыратқанын аңыз ғып айтатындар бар. Қылмыстық топқа жетекшілік етпей тұрып та «Генай» темір тордың ар жағын көріп келген еді. Алдымен бопсалағаны, сосын есірткімен айналысқаны үшін отырып келді.

Е.Сағитов жаттықтырушысымен

2005 жылы ҰҚК қызметкерлері оны «экстази» дейтін есірткінің жүздеген таблеткасымен ұстағанымен, ол шартты жазамен құтылып кетті. Кейінірек полицйелерге қылмыс әлемінің серкесіне айналған «Генайдың» өзімен бірге қару мен есірткі алып жүретіні туралы хабар түседі. Тәртіп сақшылары «Генайды» сән салонынан шығып келе жатқан жерінен ұстайды. Сөмкесінен есірткі және бес оғы бар Макаров тапаншасы табылады. Бірақ бұл да, «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнынан металл ұрлау қылмысы да Сағитовты тәубасына түсіре алмады. Ол кезде Генай әлдекімдердің жәрдемдесуімен, есірткіні өзіне салып жібергенін дәлелдеп, сытылып кеткен. Ол тіпті мемлекеттен осы үшін 800 мың теңге моральдық өтемақы да өндіріп алды. Одан кейін оның металл ұрлығына қатысы да дәлелденбей қалды.

АрселорМиттал Теміртау

Осы жерде бір қызық бар. Басында металл ұрлау ісін құзырлы орындар мұқият тергеп-тексерді, тіпті бірлескен арнайы операция ұйымдастырылды. Бірнеше ай бойы тыңғылықты жұмыс жүріп, арнайы орган қызметкерлері қылмыстық топ мүшелерін жіті аңдып, барлық жүріс-тұрысы мен телефон арқылы сөйлескендерін жазып алып отырды. Топ ішіне жансызды да жіберді. Тергеу орындары Сағитовтың тобы Теміртаудағы комбинаттан металл ұрлауды 2008 жылдың күзінен бастады деп топшылады. Ол үшін «АрселорМиттал Теміртаудың» қалдық өңдеуші бөлімінің бастығының аузын майлапты. Ұрланған шойын қалдығының әр тоннасы үшін сыбайластары оған 5 мың теңгеден беріп отырған. Шойынның қалдығы дегеніміз – металл қорыту кезінде шөміштің түбінде қатып қалған металл. Оны арнайы балғамен қағып түсірген соң, оны қайтадан қорытуға жібереді. Қанша металл қалдығы қалғаны туралы есеп жүргізілмейді екен. Сағитовтың жігіттері осы металл қалдықтарын өзгелерге сатып отырған. Тергеушілер қылмыскерлер 600 тоннаға жуық металл алып шыққанын есептеп те қойған.

Қылмыскерлерді құрықтау қараңғылықты жамылып зауыттан металл ұрлап шығып келе жатқан жүк көлігін тоқтатудан басталды. ҰҚК-нің жоғары шенді қызметкері көлікті тоқтатып, жүргізушіні қыспаққа алады. Оған бірден пара ұсынған, бірақ ол өзіне қажет сомаға дейін саудаласқан соң, көлікті жөніне қоя береді. Осылай тағы бірнеше рет тоқтатқан соң, топ мүшелері құзырлы орган қызметкерімен «достасуға» ұмтылады. Оған әр көлік үшін 30 мың теңге төлеп тұруға келіседі. Осылайша бандаға қарсы ақпарат пен айғақтар жинала бастайды. Бірнеше ай өткен соң, ҰҚК-нің қарағандылық департаментіне қылмыстық топ мүшелерінің басқа металл түрлерін ұрлауға да қатысы барлығы туралы ақпарат түседі. Бұл мәліметтерді әдейі қылмыскерлердің құлағына жеткізеді, сол кезде Сағитов өздерінен пара алып жүрген қызметкерге көмекшісін жібереді. Жедел уәкіл бұларға тергеуге дейінгі тексеру басталғанын айтады. Топ жетекшісі бірден істі жабу үшін пара ұсынған. Міне, сол параны беріп жатқан жерінде қылмыстық топ мүшелері құрықталады.

Бұған дейін айтқанымыздай, «Генай» бұл айыптаудан да құтылғанымен, оның тобындағылар тұтылды. Одан әрі қызықтың көкесі басталады. «Пара бопсалады» деген күдікпен «АрселорМиттал Теміртау» цехтарынен металл өнімдерін ұрлаумен байланысты қылмыстық істі тергеп-тексерумен айналысқан ІІМ-нің тергеу-жедел іздестіру тобының жетекшісі ұсталады. Осы істі тергеу барысында ол бой тасалап жүрген Қарағанды облысы ІІД ҰҚКБ бұрынғы бастығы Нұрлан Қалимовтың, оның орынбасары болған Ғалымжан Ахметовтің және Теміртау қалалық ІІБ ұйымдасқан қылмыспен күрес бөлімінің бастығы Сабыр Балтабаевтың қылмыстық істерін тергепті. Үш полицей миллиардер Митталдың кәсіпорындарынан ірі көлемде металл өнімдерін ұрлаумен айналысқан қылмыстық топтармен сыйбайлас деген күдікке ілінген.

Осы жерде Нұрлан Қалимов туралы екі ауыз сөз айта кетейік. ІІМ-нің тергеу комитетінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бұрынғы бастығын іздеп жүргені, одан қылмыстық топпен ауыз жаласты деп күдіктенгені туралы жаңалық қарағандылықтарды айран-асыр етті. Өйткені подполковник облыстық ҰҚКБ басқарған үш жыл ішінде өзін жақсы жағынан көрсеткен еді. Жедел уәкілдер талай мәрте қылмыскерлермен қоян-қолтық ұрысқа кіріп, ұрланған металл толы жүк көліктерін қайтарып алған болатын. Қылмыскерлер ұсталып, істері сотқа да жетті. Аяғында бүкіл бандадан тек үш адамға айып тағылды. Кейінірек қарулы қарақшылық шабуыл ісін судья түсініксіз себеппен кәдімгі ұрлыққа ауыстырып жібереді. Нәтижесінде сотталушыларға шартты жаза тағайындалып, көпшілігі сот залынан босап кеткен.

Тінту кезінде табылған тапаншалар (фото қылмыстық істен алынды)

Дәл осы «қойылым» кәсіпорынның басқа өнімдерін ұрлаған өзге қылмыскерлердің қатысуымен тағы қайталанған. Одан әрі ҰҚК бейнесіндегі әлдебір күштер араласып, енді полицейлердің өзі істі болып қалды. 2009 жылы Астанада ІІМ-ның абыройына дақ түсірген баспасөз конференциясында криминалды полция Комитетінің бастығы Сергей Глущенко «МитталСтил Теміртау» АҚ-да металл ұрлау ісіне Қарағанды облысының ІІД басқарма бастықтары мен орынбасарларының деңгейіндегі полицейлер мен ІІМ-нің жоғары лауазымды қызметкерінің қатысы бар екені жайлы мәлімдеді. «Бұл жерде көлеңкелі бизнес, шенеуніктердің жемқорлығы мен ұйымдасқан қылмыстың ауыз жаласып, бірігіп кеткенін жақсы көріп тұрмыз», – деді сол кезде С.Глущенко. Кейінірек Сергей Глущенкомен арамыздағы екеуара әңгіме барысында дәл осы іс пен «Қазақмыс» корпорациясындағы оқиға өзінің криминалды полиция Комитеті бастығы қызметінен, ал кейін ІІМ-нен кетуіне себеп болғанын айтып қалды. Одан әрі істің егжей-тегжейін айтпады. Бірақ сөзінің ауанынан қолы мен мундирі былғанған бір-екі әріптесінің ісі бүкіл ішкі істер органы жүйесіне кесірін тигізгенін түсіну қиын емес еді.

Енді әңгімеміздің кейіпкері – «Генайға» қайта оралайық. Соңғы сәтсіздіктен соң Сағитов біразға дейін тынышталып қалады. Тек 2013 жылы ғана қайтадан бұрынғыдай табыс табуға кіріседі. Сағитов өзіне берілген спортшылардан жаңа топ құрады. Оның құрамына күреспен айналысқан Рустам Гафуров, Сурен Тоноян, Олег Ходжаев, Рустам Парманов және Куду Кудуев кіреді.

Гафуровқа тапанша ұстауға берілген рұқсат 

Олардың нысанасына бірінші болып кәсіпкер Костенко ілігіпті. Оған Парманов, Гафуров және Титов келеді. Соңғысының «Ник Казантикор» деп аталатын ЖШС-сы болыпты. Қонақтар кәсіпкерге заңды тұлғаны қайта рәсімдеу және осы компанияға бірінші санаттағы құрылыс салуға рұқсат алып беру жағынан көмектесуге қолқа салады. Үлкен тендер үшін деп түсіндірген соң ештеңеден хабарсыз кәсіпкер қажет құжаттарды жинауға көмектесіп, оларды мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау Департаментіне апарып тапсырады. Біраз уақыттан соң әлгі үшеу Костенкоға келіп, кәсіпкердің кесірінен тендерден ұтылып қалғандарын айтып, кінәлай бастайды. Олардың қатты кеткені сонша, кейінірек кәсіпкер өзін бопсалағандардың бірі тамағына пышақ тақағанын, екіншісінің тіпті қанжар шығарғанын айтады. Осылайша қорқыта отырып өзін кінәлі қылғандарға Костенко құны 12 миллион теңге тұратын «Тойота Прадо 150» көлігін бере салады.

«Генай» мен оның сыбайластары қорқып қалған кәсіпкерді «сауын сиырға» айналдыруды көздейді. Қарақшылар оны ұрлап әкетіп, асфальт зауытының ауласында тепкінің астына алған. Одан кейін маңдайына тапанша тіреп тұрып, «тірі қалғың келсе, 1 млн доллар бересің» деп талап етеді. Кейін қарақшылардың басшысы аяқасты жаны ашып, құн сомасын 300 мың долларға түсірген.

Қарақшылар жергілікті бизнесмен Савиновқа да тура осы амал-айланы қолданыпты. Кәсіпкерді кісі көзінен таса жерге алып шығып, ұрып-соғып, ақша, құнды дүние бопсалайды. Савинов қымбат тұратын Mersedes Benz Sprinter микроавтобусының кілтін ұстатады. Бірақ қылмыскерлер оны оталдыра алмаған, сүйреп алып кетіп, кейін сатып жібереді.

Бұл топта қулығына құрық бойламайтын тағы бір қуаяқ болды. Олег Ходжаев адам ойына келе бермейтін, дегенмен классикалық қылмыстық әдісті ұсынады. Ол 2012 жылы автосалоннан жап-жаңа BMW 750 көлігін сатып алады, бірнеше ай өткен соң оны Астанадағы танысы Жәкеновтің «Авалон 2012» автоломбардына кепілге қойып, 12 миллионнан астам теңге алыпты. Келісімшартты жарты жылға жасайды. Бірнеше ай өткен соң қайтып келіп, ломбард иесін көлігін өзіне бере тұруға көндіріпті. Жәкенов танысына көлікті бере салған  Ал Ходжаев мерзімі өткенде көлікті де, кепілге алған ақшаны да қайтармайды. Оның орнына көлікті басқа танысына 160 мың долларға сатып жібереді.

Айғақ зат - ULYSEE NARDIN алтын сағаты

Бірақ «Генай» мен оның сыбайластарына тоқсаныншы жылдары кең тараған мұндай іспен айналысуына полицейлер ырық бермеді. Қарақшылар Астанадан келген Матиев есімді кәсіпкерге ұрынамыз деп арандайды. Еркін Сағитов жәбірленушімен таныс болған, бірнеше рет бірге шаруа істепті. Ол кәсіпкерге хабарласып, іскерлік ұсынысты ақылдасу үшін Қарағандыға келуін сұрайды. Ештеңеден сезіктенбеген Матиев қалаға кеш қарая жетеді. Қаланың шетіндегі гараждар тұратын аумаққа алдап шақырып алғандар сол жерде оны аямай ұрып-соғады. Оның арасында ескі танысы «Генайдың» өзі де болған. Бірден кәсіпкерге өтелмеген қарызы үшін 20 мың долларды мойнына іледі. Кепілге деп оның «Nissan Teana» көлігін алып қалады. Бірнеше айдан соң екі таныс араларындағы түсініспеушілікті шешу үшін қайтадан Қарағандыда жолығады. Осылайша Еркін Сағитов бастаған алты қарақшы мен жәбірленуші түннің бір уағына дейін мейрамханада тойлайды. Әбден масайған қылмыскерлерді арнайы жасақ пен ҰҚКБ жедел уәкілдері еш қиындықсыз, айғай-дабырсыз байлап-матап тастайлы.

Сол сәтте Матиевтің Сағитов пен оның сыбайластарына кек ұстап қалғаны, Астанаға келе салысымен бірден полицияға арыз жазғаны белгілі болады. Кейін тергеуде де, сотта да кәсіпкер жәбірленуші «Генайдың» өзін кезінде синтетикалық есірткі сатқанына қатысты бопсамен жіпсіз байлағанын мойындады.

Бұл іске қатысты тергеу жүріп жатқанда, басқа да жәбірленушілерден – Қарағанды кәсіпкерлерінен арыз жауады. Нәтижесінде 2014 жылы сот оңай олжа, тегін дүниеге құныққан Еркін Сағитовты 11 жылға, Сурен Тоноян, Рустам Гафуров, Рустам Парманов және Олег Ходжаевты 10 жылға бас бостандықтарынан айырды. Ал Куду Кудуевты судья 13 жылға тәртібі қатал колонияға айдап жіберді. Бұл банданың одан арғы тарихы темір тордың ар жағында өрбіп жатыр. «Генай» әлі бес жыл отырады, бостандыққа қандай күйде оралатыны белгісіз. Ол шыққанға дейін көп дүние өзгеретіні анық.

Журналист Асқар Жалдиновтың «Вне протокола» кітабынан.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации