Енді салынып жатқан үйді ипотекаға алуға болады

26 қазан, 09:10

Фото: val-park.ru

Ол үшін Ұлттық Банк "Баспана Хит" ипотекалық бағдарламасына өзгерістер енгізді

Енді бағдарлама аясына үлестік құрылыс кірді және азаматтарға салынып жатқан тұрғын үйді сатып алуға рұқсат етілді. Салынып жатқан тұрғын үйге банктер өтініш қабылдай бастаған кезде бағдарлама операторы қосымша хабарлайтын болады.

Сондай-ақ сатып алынатын тұрғын үйдің шекті құны арттырылды. Енді тұрғын үйдің ең жоғары құны: Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы бастапқы тұрғын үй үшін 35 млн теңге (үлестік құрылысты қоса алғанда); Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы қолданыста болған тұрғын үй, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларындағы бастапқы және қолданыста болған тұрғын үйлер үшін 25 млн теңге; Қарағанды қаласы үшін 20 млн теңге, ал басқа өңірлер үшін 15 млн теңге деп бекітілді.

Естеріңізде болса, «Баспана Хит» ипотекасы қолданыста болған үйлерді сатып алуға мүмкіндік береді. Бастапқы жарнасы – 20%-дан басталады. Ал қарыз мерзімі 15 жылға дейін созылған. Проценттік сыйақысы қазіргі таңда 10,75% құрайды. Азаматтың басында үй болса да, ипотека ала алады.

Қазір осы бағдарлама бойынша 35 769 адам ипотека алған. Оларға 306,8 млрд теңге берілді.

#ипотека #баспана #үлескер
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации