Елорданың барлық сауда желілерінде азық-түлік мол

13 наурыз, 13:45

Фото: сурет ғаламтордан алынды

Елорданың барлық сауда желілері әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз етілген. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмырзаев айтты.

Нұр-Сұлтан, NEGE. «Шынымен де әлеуметтік маңызы бар тауарарды жеткізудегі іркіліске қатысты мәселе болған еді. Апта басында қала басшылығы жедел кеңес өткізді. Бүгінгі күні азық-түлік тауарларын жеткізуде ешқандай іркіліс жоқ. Барлық сауда желілері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қажетті көлемімен қамтамасыз етілген», – деді ол.

Басқарма басшысының атап өтуінше, «Магнум», «Астықжан», «Small», «Кен Март» сауда желілерінде, сонымен қатар «Шапағат», «Артем», «Еуразия» базарларында азық-түліктің қалаға қажетті көлемі бар. «Алаңдауға ешқандай себеп жоқ. Біз арнайы сараптама да жүргіздік. Сауда желілерінің атап өтуінше, 2008 жылғы дағдарыста, 2013, 2014 жылдардағы теңге құнсыздануы кезінде азық-түлікті жаппай сатып алуы алғашқы 3-4 күнде орын алған. Содан кейін бәрі тынышталады. Қажетті барлық азық-түлік бар. Аталған сауда желілері азық-түлік тауарларын жеткізушілермен келісімшарт жасасқан. Алаңдауға да, байбалам салуға да еш себеп жоқ», – деді Ерлан Бекмырзаев.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации