Электронды шылым – ең қауіпті бомба

28 қаңтар, 23:51

Фото: Instagram

Калифорниялық 63 жастағы отбасылық терапевт Джозеф Кавинс 2016 жылдың 15 сәуірінде жұмыстан кейін үйінде демалып отырып, компьютердің алдында электронды темекісін тұтатқан. Шамалыдан кейін ол қатты жарылысты естиді де, есін жиған кезде айналасының қанға боялып жатқанын көреді. Өкінішке орай, оның электронды темекісі жарылып, сол жақ көзі  ағып кетіпті...

Бұл – заманауи «жасанды шылымның» кесірінен болған бір ғана бақытсыз оқиға емес.

Электрондық темекіге алғашқы патентті 1963 жылы америкалық Герберт А. Гилберт деген өнертапқыш алған көрінеді. Оның мақсаты, темекі шегудің қауіпсіз әрі зиянсыз әдісін ойлап тауып, бықсыған темекі жапырағы мен өртенген қағазды ылғалды және хош иіспен алмастыруды көздеген екен. Оның қаншалықты өз ниетіне жеткенін білмейміз, алайда Гилбертке дейін және одан кейін мұндай құрылғыларды басқа да өнертапқыштар жетілдіруді қолға алумен болған. Мұндай идеяны бертінде жүзеге асырып, бүкіл әлемге таратққан – қытайлық фармацевт Хонг Лик екен.

Электрондық темекіні көп адамдар буландырғыш-ингалятор деп қабылдайды. Сондықтан, оны әдеттегі темекіден гөрі қауіпсіз және шылым шегуді тастауға көмектеседі деп сенеді. Тұтынушылардың осындай түсінігін пайдалана отырып, электрондық темекі өндіруші компаниялар Еуропа мен АҚШ-тың темекіге қарсы заңдарын тиімді қолданып ақша тапқысы келді. Олар үнемі өз өнімдерінің өкпе қатерлі ісік ауруларына залалсыз екенін айтып, қоршаған орта тазалығы туралы насихаттуды әдетке айналдыра бастады.

ТМД елдері, оның ішінде Қазақстан да бар, заң жүзінде көпшілік орындарында темекі өнімдерін пайдалануға тыйым салды. Бұл дұрыс, әрине. Алайда, бұл қадам зияны темекіден кем соқпайтын жаңа бір өнімнің кеңінен жайылуына жол ашты.

Америка Құрама Штаттарында электронды темекі нарығы онжылдықта нөлден 3,7 миллиард долларға дейін өсті. Америкалықтардың 13% -ы бұл құрылғыны кем дегенде бір рет тартып көрген және тұрақты түрде тұтынатын 9 миллион «электро-шылымқор» бар. Әрине, бұл «жасанды шылым» нарықта ауқымы 92 миллиард долларлық тұрақты темекі саудасымен әзірге теңесе алмасы анық. Бірақ таралу қарқыны күн санап үдеп келеді.

Қазір электронды сигареттердің қуаттаушы құралдары (аккумулятор, батарея) күшейе түсті, ал олардан болатын жарылыстар денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіре бастады. Кейбір жағдайларда, сапасы төмен құрылғыларды қолданушылар бұған өздері кінәлі болып отыр.

Мәселен, отбасылық терапевт Джозеф Кэвинс жарылған темекісінің қуаттаушы құралын өзі ауыстырмағаны белгілі. Және қытайлық сапасыз құрылғы алған ғой деп те болжам жасай алмаймыз. Өйткені, электронды сигарет жаппай шегіле бастаған 2015 жылдың соңы мен 2016 жылдың басында АҚШ-та 66 мәрте кенеттен жарылу оқиғасы тіркелген. Оның өзі адамдар қатты зардап шегіп, тек ресми тіркелгені ғана.

Негізі, адамдар электронды темекіні шеккенде «өкпеге түтін емес, бу ғана барады, сондықтан да қауіпсіз» деп ойлайды. Бірақ олар көбіне құрылғылардың қауіпсіздігі туралы ескере бермейді.

«Қуаттаушы құралдар (аккумулятор, батарея) Қытайдағы лас, антисанитариялық заңсыз зауыттарда жасалады. Аталмыш нысандардағы өндірістік процестің нашар болуына байланысты әлгі өнімдер үнемі өздігінен жарылып жатады. Бұл өз өнімдерін нарыққа тезірек шығарып, табыс табуды ғана ойлайтын адамдардың кінәсі, әрине. Алайда, әлі күнге адамзатқа қауіп-қатер төндірідім-ау деп қынжылған бірде-бір адам табылған емес», – дейді Калифорния штатында 62 зардап шегуші адамның қорғаушысы болған Грегори Бентли дейтін адвокат.

Қытай өндірушілерін сотқа беріп, жауапқа тарту мүмкін емес, сондықтан Бентли және басқа да заңгерлер осы гаджеттерді сатушылармен ғана соттасып келеді. Грегоридің адвокаттық конторасы әлемдік тәжірибеде бірінші болып 2015 жылы қазанда электронды темекі сатушы фирмаға қарсы сот ісінде жеңіске жеткен тұңғыш заң мекемесі болды.

Біз неге аккумулятор жарылып кетуі мүмкін деп қорқуымыз керек? Қазір бәріміз қалтамызда мобилді телефон, сөмкемізде ноутбук және қолымызда ақылды сағаттар бар емес пе?!

Литий-ионды темекі батареясының смартфон батареясынан гөрі қауіпті болуының бірінші себебі - оның пішініне байланысты.

АҚШ Өрт сөндіру академиясының 2014 жылғы зерттеуіне сәйкес, темекі аккумуляторы цилиндрлік пішініне байланысты қатты қызып кетеді, жарылыс кезінде батарея немесе оның қабығы кәдуілгі мылтықтың оғы секілді қауіпті қаруға айналып шыға келуі әбден мүмкін. Көп жағдайда, жүргізілген зерттеулер мұны дәлелдеп отыр. Өрт сөндіру академиясы келтірген статистикалық мәліметке сүйенсек, тәжірибе жасалған 25 электронды сигареттің 20-сының қуаттаушы құралы (аккумуляторы) жарылған.

Карнеги Меллон университетінің профессоры Венкат Висванатан литий-ионды аккумуляторларды зерттеу, жарылу себептерін анықтау қиын болады деп есептейді. АҚШ-та алғаш тіркелген 66 жарылыс оқиғасы мен 9 миллиондық тұтынушымен ғана есептегеннің өзінде, бұл көрсеткіш кісі басына шаққанда 0,000074 адам тап болуы ықтимал жағдай. Яғни, бұл жерде миллиондаған адамның қолына электронды сигареттер мен қытайлық сапасыз аккумуляторларды беріп тексеріп көру керек. Өкінішке қарай, дәл қазір бүкіл әлемде түрлі қытайлық гаджеттерді бейберекет сату арқылы осы тәжірибені бастап та кеттік.

Бір ғана 2014 жылы АҚШ-та электронды темекінің 466 түрлі бренді саудаланған. Сол кезден бері жасанды шылым бренді ай сайын он-ондап жаңарып, көбейіп отырған. Мұның өзі нарықта тек сапалы тауар ғана жүр дегенді білдірмейтін нақты дәлел.

Егер электронды темекі жасайтын ірі өндірушілер сапалы аккумуляторларды төмен бағамен сатып ала алатын болса, онда шағын компаниялар үнемдеуге мәжбүр болатынын ұдайы есте ұстауымыз керек. Әрине, жеңіл жолмен ақша табу үшін арзан аккумуляторларды алады да, онысы не дұрыс жұмыс істемейді, не жарылып, адам өміріне қауіп төндіреді.

Жалпы, электр қуатымен жүретін көліктердің аккумуляторы 8000 элементтен тұрады. Сол себепті де, қолданыстағы аса қауіпсіз көлік құралы ретінде насихатталады. Ал, электронды сигареттің қуаттаушы құралы бар жоғы бір-ақ элементтен тұрады. Сол үшін де қауіпті. Алайда, осы күнге дейін әлемдегі ең қауіпсіз Tesla-ның қай моделі қай елде өртеніп кеткені жөнінде ақпаратты интернет желісінен еркін тауып алуға болады.

Қалта телефондары да, электронды сигареттер де, ноутбук те, тіпті, «ақылды сағаттар» да, жалпы аккумулятормен жұмыс істейтін барлық құрал жарылады. Тек, қауіптісі, электронды сигарет адамның бет-жүзіне тым жақын қолданылатындықтан да аса қатерлі!

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации