Екпе салдырмау – ішімдік ішіп, рөлге отырумен тең

28 ақпан, 17:38

Фото: Сәрсенбек Қызайбек

Екпе салу керек пе? Оның пайдасы мен зияны қандай? Қарапайым жұрт екпеге неге қарсы? Екпе егілмеген бала дерт жабыстырып алса, кім кінәлі?

Қоғамда екпеге қарсылардың қарасы басым. «Екпе сау баланы ауру қылады» дейді олар. Шынымен солай ма? Еліміздің батыс өңірінде баласына екпе салдырмаған ата-аналардың кейбірі өкініш білдіргені есте. Хиджаб киген аналар бармағын неге кеш тістеді?

Алматыда 2016 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Нelp Today» қоғамдық қорының жетекшісі Эльмира Әлиеваның айтуынша, балаға міндетті түрде екпе салдыру керек. «Екпесі жоқ балаларды мектепке дейінгі мекемеге, балабақшаға келуге тыйым салу қажет. Себебі, мұндай балалар дені сау балаларға зардабын тигізуі мүмкін» дейді ол.

Қор онкологиялық, тағы басқа ерекше дертке шалдыққан балаларға көмек қолын созып келеді. Қорды қаржыландыратын – қарапайым халық.

«Күн сайын онкология және неврологиялық дертпен ауыратын балалармен кездесеміз. Оларға белгілі бір уақытқа дейін екпе салуға болмайды. Олар да балабақшаға, мектепке, қоғамдық орындарға барады. Сол кезде мұндай балаларға қауіп төнеді. Яғни, қызылша, туберкулез, тағы басқа инфекциялық аурудың түрін екпе салдырмаған балалардан жұқтырып алуы мүмкін. Бұған кім кінәлі? Кейбір ата-ана саналы түрде екпеден бас тартады. Неге басқаларды ойламайды?» дейді «Нelp Today» қоғамдық қорының жетекшісі Эльмира Әлиева.

Оның айтуынша, дәл осындай себеппен 6 бала көз жұмған.  «Бұл балаларға инфекцияны екпе салдырмаған балалар жұқтырды. Бұған кез келген ата-ана жүрдім-бардым қарамауы керек. Өмір үшін күресіп  жүрген балаларды ойлауы керек. Онкологиямен ауыратын балалар кемі екі жыл ем алады. Ең өкініштісі, олар қатерлі ісіктен емес, қызылшадан көз жұматыны» дейді қор жетекшісі.

Бізде екпенің сапасына қатысты дау көп. Бұл жөнінде Эльмира Әлиева былай деді:

«Әлеуметтік желілерде екпенің сапасыздығы туралы пікір көп. Бұл – жалған ақпарат. Бізде екпе тексеріледі. Бірақ оның кері әсері болуы мүмкін. Алайда, екпе салынбаса, нағыз ауыр жағдай сол кезде болады. Қазір көбіміз екпенің арқасында жүрміз. Әлемдегі діннің бәрі адам денсаулығына пайдасы бар нәрсеге қарсы емес. Тіпті, қажылық сапарға баратын адамнан да екпе талап етеді. Екпе салдырмау – рөлге ішімдік ішіп алып отырумен тең. Ондай адамға бәрібір. Кей елде екпе салдырмаса, айыппұл төлетеді. Балабақшаға, мектепке, тіпті жоғары оқу орнына да жібермейді. Бізге де осындай талап керек. Инфекцияны онкологиямен ауырып, емделіп шыққан балаға жұқтырсақ не болады? Сондықтан ел азаматтары, ата-аналар балалардың болашағы үшін сөзіме құлақ асса екен деймін. ҚР Денсаулық сақтау кодексіне екпе салдыруды міндеттеу керектігі енгізілді. Біз осыны қолдаймыз».

«Баласы ДЦП-мен ауыратын ата-аналар дертті неге екпеден келді дейді?» деген сауалымызға: «Бұл дертке шалдыққан балалар –уақытынан ерте туылғандар. ДЦП екені бір жасқа дейін білінбейді. Бірақ оны екпеден көру қателік. Осы уақытқа дейін екпенің салдарынан ДЦП болды деген жағдай тіркелген жоқ. Алматы облысында 900-ден астам ДЦП-мен ауыратын бала бар. Оған дәрігерлердің салғырттығы да, ананың денсаулығына немқұрайлы қарағаны да себеп» деп жауап берді.

Сол сияқты Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты Қызылқайрат ауылындағы «Ақжол-м» балаларды оңалту орталығының балалар дәрігері Жазира Оспанова жұртты қызылшаға қарсы екпені уақытында алуға шақырды.

«Қызылша – вирусты жұқпалы ауру. Қазір балалар қызылшамен көп ауырады. Мұның бәрі қызылшаға қарсы екпе алмағанның салдарынан туындап отыр. Себебі, онымен ауырған бала қатты қиналады. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, сапалы екпені алсақ, көптеген дерттен аулақ боламыз. Мәселен, қызылшамен ауырған балалар көбінесе пневмония, ларингит, асқазан, жүйке жолдары, неврит, стоматит, калит, минингит ауруына шалдыққыш келеді. Біздегі мүмкіндігі шектеулі балалар қызылшамен ауырса, жағдайы бірден төмендеп кетеді. Бірақ уақытша медициналық қарсы көрсетілім бойынша екпе ала алмайды. Міне, олар өз дертімен күресіп жазылып шықса, екпе алмаған балалардан қайтадан вирус жұқтырып алуы мүмкін. Сондықтан қызылшамен ауырған балалармен қарым-қатынастағы адамдар жас ерекшелігіне қарамай, кез келген уақытта екпені алуға міндетті. Ол вирустық дерт болғандықтан ауамен тез тарайды. Әлгінде айтқанымдай, қызылшаға қарсы екпені уақытында алу – қорғанудың ең тиімді тәсілі», –  дейді Жазира Серікбайқызы.

Айта кету керек, қызылшаның жасырын кезеңі – 21 күн. Бірінші күні – қызуы көтеріліп, көз, мұрын, ауыздың шырышты қабаттары қабынады. Екінші күні – бетте, мойында бөртпе пайда болады. Ал үшінші, төртінші күні бұл денеге тарайды. Бұл – қызылшаның жұқпалы кезеңі. Мұндай кезде міндетті түрде дәрігерге бару керек.

«Нelp Today» қоғамдық қорының жетекшісі Эльмира Әлиева екпені бәріне міндеттеу керек деп санайды. Олардың кесірі басқаларға тимеуі керек деп есептейді.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен кесте бойынша сәби бір жасқа толғанға дейін 12 түрлі екпе алуға міндетті. 16 жасқа жеткенше балаға тағы бес екпе салынады. Содан кейінгі екпе адамға 10 жыл сайын беріліп тұрады. Оның кейбірі міндетті саналса, енді бірі адамның өз еркінде. Мәселен, полиомиелит, гепатит, коклюш, дифтерия, столбняк деген дертке әлем болып қарсы күрес жүргізіледі. Алайда, мұның емі – тек екпе.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации