«Дуаны» қайтармақ болған алаяқ ұсталды

18 ақпан, 14:21

Фото: ғаламтордан

Ақтөбе облысында алаяқтықтың жаңа түрі анықталып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы, NEGE. Ақтөбе қаласы Астана ауданының № 2 полиция бөліміне 52 жастағы әйел Есет-батыр көшесіндегі дүкенде белгісіз әйелдің дуаны алып тастау сылтауымен «Панасоник» маркалы теледидарын, алтын сақинасын, 180 мың теңге ақшасын алғаны туралы арызданған.

Алдын ала тергеу барысында анықталғандай, күдікті алтын әшекейлерді «жағымсыз энергиясы бар» деген сылтаумен жәбірленушіден алып кеткен.Сонымен қатар, жәбірленушінің пәтерінен плазмалық теледидар мен ақшасын да шығарып алған. Жәбірленушіні «бақсымен» сөйлесу кезінде оның психологиялық ықпалына түсіп, өз іс-әрекетін бақылай алмай қалғанын түсіндірді.

Полиция қызметкерлері жедел іс-шаралар жүргізу барысында 35 жастағы әйелді анықтап, ұстады. Тұратын жерінен теледидар тәркіленді. Күдікті алтын әшекейлерді ломбардқа тапсырып, ақшасын жұмсап үлгерген. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Күдіктінің осыған ұқсас алаяқтық жасауға қатысы барлығы тексерілуде.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации