Дәрігерлер НЕГЕ наразы?

01 сәуір, 13:37

Фото: inbusiness.kz

Үкімет комиссиясының індетпен күреске жұмылдырылған дәрігерлердің айлығына қосымша ақы төлеу туралы шешімін көпшілік қолдағанымен, медицина қызметкерлерінің арасында наразылық тудырды.

Жұқпалы аурулар стационарында істейтін дәрігерлер мен орта және кіші санаттағы медицина қызметкерлерінің айлығына 850 мың теңге қосылады. «Тәуекелі жоғары» деп танылған провизорлық стационар мен жедел жәрдем дәрігерлері мен қызметкерлері айлығының үстінен 425 мың теңге алады. Карантин стационарларының қызметкерлеріне, санитар дәрігерлерге және жедел жәрдем жүргізушілері мен тағы басқаларға 212 мың 500 теңге қосып береді.

Бұл тізімге медициналық-санитариялық алғашқы көмек қызметінің өкілдері ілінбегенін байқадық.  Ал емхана дәрігерлері мен медбикелері дәл осы санатқа жатады. Үкімет комиссиясы «МСАК қызметкерлеріне коронавирус жұқпайды» немесе олардың «ауру жұқтыру қаупі болмашы» деп санаса керек.

Ал бұл адамдар шетелден келгендердің үйіне барып, олардың дене қызуын өлшейді. Індет ошағы болуы мүмкін деген орындарға барып тексереді, өзге өңірден келгендерді, мәселен басқа аймақта вахтамен жұмыс істейтіндерді бақылауға алады. Науқастарды тіркеп, бақылайтын да осы санаттағы дәрігерлер.  Сынамаларды тексеретін зертхана қызметкерлерінің де тәуекел тобына жатқызылмағаны таңдандырады.

Емхана дәрігерлері мен медбикелер әзірге әліптің артын бағуда. Сол себепті бұл мәселеге қатысты пікірлерін ашық айтудан тартынуда. Nege.kz тілшісімен сөйлескен Алматыдағы бір емхананың бас дәрігері ұжмының үкімет шешіміне наразы екенін айтады.

«Бұл – сорақы жағдай. Мен енді қарамағымдағы қызметкерлерге «індет ошағын тексеріңдер» немесе түн ортасында телефон шалып «шұғыл түрде ауруханаға жатқызу үшін мына науқасты іздеп табыңдар» деп қалай айтамын? Онсыз да стационарда қазір дәрігер мен медбикелер жетіспей жатыр, – дейді сұхбаттасымыз.

Қазір емхана науқастарды қабылдамайды. Емхана дәрігерлері науқастардың үйлеріне баруға мәжбүр. Ақ халаттылар бұл жағдайдан қиналып жүргендерін айтады. Бір үйден 5-6 адам ауырып жатқан да жағдайлар кездеседі. Кейде емхана дәрігерлері коронавирус жұқтырған науқасқа жедел-жәрдемнен бұрын жететіні де анық.

Тағы бір дәрігер әріптесі жақында әлеуметтік желіде шу көтергелі бері емхана қызметкерлеріне де бір рет киетін қорғаныш киімдері мен бетперде беріле бастағанын айтады. Бірақ соның өзі кейде жетпей қалатын көрінеді. Қаншамасы науқасқа кәдімгі киімімен аралап, кейін сол күйі үйіне барады? Мұндай жағдайда емханадағы дәрігерлер мен медбикелер қауіпсіз жағдайда жұмыс істеуде деп кім сенімді түрде айта алады?

«Қаланың сыртындағы отбасын тастап, пәтер жалдап тұрып жатқан әріптестерім бар. Олардың бәріне бірдей әкімдік уәде еткен қонақүйден тегін бөлме тиген жоқ. Әлі соны күтіп, жалдамалы пәтерде жүргендер бар. Кейбірі пәтер жалдап тұруға қиналып, Қаскелең, Іргеліден келіп қатынап жүр. Үйін, бала-шағасын тастап, жандарын шүберекке түйіп жүрген бұл адамдар неге қолдаудан қағылады?» , – дейді тағы бір дәрігер.

Қазірдің өзінде 11 дәрігер коронавирус жұқтырды деген бейресми ақпар бар. Бұл қаншалықты рас? Ара-жігін Денсаулық сақтау министрлігі өзі айырады деп үміттенеміз. Сонымен бірге емханадағы дәрігерлердің қорғаныш киімдермен, бетпердемен, шетте тұратындарды уақытша тегін баспанамен қамтамасыз етуге қатысты жоғарыда айтылған сындарға қатысты жауапты да күтеміз.  Мұны ресми сауал деп қабылдаңыздар. Құзырлы министрлік осыған дейін жолдаған сұрақтарымызға әлі күнге жауап бермеген соң, осылай жария түрде сұрақ қоюға мәжбүрміз.  

Үкімет коронавирус инфекциясын жұқтырып алған медицина қызметкеріне әлеуметтік сақтандыру Мемлекеттік қорынан 2 млн теңге, қайтыс болған жағдайда – 10 млн теңге берілетінін мәлімдеді.

Бізбен сұхбаттасқан дәрігерлер «бұл ақшаны тым құрығанда өлгенде де көрмейтін болдық қой» деп ащы мысқылдайды. Дәрігерлер, оның ішінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету қызметінің өкілдері қазір майданның алғы шебіндегі жауынгерлер іспетті. Екінші дүниежүзілік соғыста екі жауынгерге – бір мылтық беріп, миллиондарды  оққа байлаған кеңесік саясаты көз алдымызда. Онсыз да сапасына  жиі сын айтылатын отандық медицинаның коронавирусқа қарсы соғыста жалғыз төтеп бере алатынына кім кепіл?  Атам қазақ мұндайда «Ауруын жасырған өледі» демеуші ме еді?!

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации