Дәрігерлер коронавируспен қалай күресіп жатыр?

03 сәуір, 09:20

Фото: ria.ru

 Атыраудағы №2 облыстық аурухананың инфекциялық стационарында медқызметкерлер тәулік бойы жұмыс істеуде. Аурухана директорының орынбасары Надя Ерғалиева коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлер туралы айтып берді. 

Алматы, NEGE. Аурухана директорының орынбасары Надя Ерғалиеваның айтуынша, мұндағы медициналық қызметкерлер күн сайын Cоvid-19 індетін жұқтырған науқастарды емдеп, оларға қажетті күтім көрсетуде. Дәрігерлер, медбикелер мен фельдшерлер, тазалықшылар 27 наурыздан бері ауруханадан шықпай, тәулік бойы жұмыс істеуде. «Инфекциялық бөлімшеде 6 дәрігер-инфекционист, 3 реаниматолог бар. Бәрінің де тәжірибесі мол. Қазір 9 дәрігердің бәрі тәулік бойы жұмыс істеуде. Аурухана әкімшілігі хирургия және терапия бөлімшелерін босатып, демалыс бөлмесі ретінде жасақтап берді. Қазір біздің дәрігерлер, медбикелер мен лаборанттар, тазалықшылар үшін қолайлы жағдай жасалды. Олар күніне 6 рет тамақтанады. Күніне бірнеше рет душқа түседі, киімдерін ауыстырады», - дейді аурухана директорының орынбасары Надя Ерғалиева.

Оның айтуынша, дәрігерлер науқастарға бармас бұрын арнайы киім киеді. Оның ішінде хирургиялық шалбар, қорғаныш костьюмі, көзілдірік, респиратор, екі қолғап, резеңке аяқ киім, бахила бар. Науқастар жатқан бөлімде мұның бірде бірін шешуге болмайды. Демек, су ішу де, тіпті дәретханаға бару да мүмкін емес. Ал, науқастардың жағдайын тексеріп, бақылау жүргізген соң медициналық қызметкерлердің арнайы киімдері жойылады. Өздері душ түске, беті-қолын өңдеуден өткізеді. Мұның бәрі тазалық аймағында жүргізіледі. Ал, жұмыс істеу аймағында әр науқастың қызуы, жалпы жағдайы туралы мәліметтер электронды журналға жазылады. Дәл осылай ауысым сайын қайталанады. Демалыс аймағындағы жатын бөлмелері қажетті жиһазбен жабдықталған.

«Алғашқы күні оңай болған жоқ. Өйткені, медициналық қызметкерлердің ешқайсысы мұндай инфекция жұқтырғандармен жұмыс істемеген. Бәрімізде қорқыныш болып, арамызда көз жасына ерік бергендер болды. Арнайы киіммен жүру қиындық тудырды. Ыстық, қапырық ауада жүргендейсің. Әр сәт сайын вирус жұға ма деген қорқыныш та бар. Кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы тәжірибелі 2 психологты жібері, олар медициналық қызметкерлермен, науқастармен жұмыс жүргізді. Біздің ұжым 27 наурыздан бері жаңа режиммен жұмыс істеуге бейімделді. Қазір жұмысымыз қалыпқа түсті», - дейді Надя Ерғалиева. 

 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации