Бүгіннен бастап Алматы жаңа режимге көшті

26 наурыз, 14:12

Фото: instagram

26 наурыздан, яғни бүгіннен бастап Алматы жаңа режимге көшті. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Instagram парақшасында жазды.

Алматы, NEGE. «Коронавирусқа қатысты жағдай көпшілік ойлағаннан да күрделі. Жағдайды бағаламау – жауапсыздық әрі қылмыс. Өкінішке қарай, карантин жарияланғанына қарамастан, режимді бәрі бірдей сақтап жүрген жоқ. Осылайша олар басқа тұрғындардың өміріне қауіп төндіруде. Спорт залдары, мейрамханалар, санитарлық режимді сақтамаған азық-түлік дүкендері жұмыс істеп жатқаны туралы дерек анықталды. Жұрт әлі қамсыз, мамандардың ескертуіне құлақ аспай, түк болмағандай қыдырып жүр. Ереже бұзғандарға қатаң шара қолданылады», – деп жазды Алматы әкімі.

Автосалондар, қосалқы бөлшек сататын орындар, гүл павильондары жұмысын тоқтатады. Бұдан бөлек, қызмет көрсететін нысандар: химиялық тазалау, кір жуу орындары, фотоателье, фотосалондар, көзәйнек сату орындары, ломбардтар, жылжымайтын мүлік агенттіктері, көлік жуу, көлік жөндейтін орындар жабылады. Қысқасы, медициналық мекемелерден басқасының бәрінің жұмысы тоқтайды. «Стоматологияға қатысты сұрақтар көп түсіп жатыр. Айта кетейін, олар жұмыс істейді. Денсаулық – карантин кезіндегі ең маңызды мәселе», – деді қала әкімінің орынбасары С.Тұяқбаев.

Жабылған нысандардың толық тізімі әкімдік сайтында жарияланды. Интернет-дүкендер жұмыс істей береді. Сондай-ақ жанармай құю бекеттері де жұмысын тоқтатпайды. Ал қоғамдық көліктер бүгіннен бастап таңғы 06:00-ден 19:00-ге дейін жүреді.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации