Блок-бекеттен көліктер НЕГЕ өтіп жатыр?

26 наурыз, 18:47

Фото: Сәрсенбек Қызайбек

22 наурыздан бастап Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы блок-бекеттерден ешкім өтпейді, толығымен жабылады деп хабарланған болатын. Nege.kz тілшісі блок-бекеттерді аралап, ары-бері кімдер өтіп жатқанын өз көзімен көріп қайтты.

Ескертулерге қарамастан, қала мен облыс арасын еркін кезіп жүргендер де жоқ емес. 22 наурыздан бастап қала толығымен жабылды деген ескертпе де жай сөз болып қалғандай. Өйткені блок-бекеттен өтіп жатқан машиналардың қарасы қалың. Өтіп жатқандардың қолында арнайы анықтамасы бар. 

Алматыда 19 наурыздан бастап енгізілген карантиннің және санитарлық-эпидемиялық шаралардың күшейтілуіне байланысты қалаға көліктердің кіріп-шығуын шектейтін 27 блок-бекет қойылған болатын.

22 наурыздан бастап блок-бекеттердің жұмысы қатаң режимге көшті. Яғни, Алматыдан ешкім шыға алмайды, сәйкесінш, қалаға да ешкім кірмеуі тиіс еді. Алайда екі арада өтіп жүрген көліктерді көзіміз шалды. Барлығы заң талаптарына сәйкес жұмыс істеп жатқан көрінеді.

Бірақ екі ортада осыншама көп көліктің не үшін жүргенін түсіну қиын болып тұр. 

Алматыда карантин жарияланғалы бері блок-бекеттерді айналып өтпек болған 47 азамат ұсталып, жауапқа тартылыпты.

Ары-бері өтудің жолын қарастырып жатқандар көп. Тіпті небір қулықтарға барғандарын да табуға болады. Блок-бекеттің алдына келіп, арғы жаққа өткізуді өтініп сұрап тұрған халықта есеп жоқ.

Халықтың көпшілігі коронавирустан төнген қауіп пен карантиннің не үшін жарияланғанын әлі де ұғына алмай жүргенін аңғаруға болады. 

Бірі арғы жақта үйіме жете алмай қалдым, енді бірі әйелімнің аяғы ауыр еді, облысқа өткізуміз керек деген себептерін айтып, жыларман болып тұр.

Бекетте тұрғандар мұндай сылтаудың күніне мыңын еститінін жеткізді.

Ал ары-бері өтіп жатқан көліктерге байланысты сауал қойдық.

"Бұл көліктер - мемлекеттік қызметкерлер мен дәрігерлер. Оларың өтуіне рұқсат бар. Біз барлығын белгіленген алгоритм бойынша өткізіп жатырмыз", - деп қысқаша жауап қайтарды бекеттегілер.

Адамдар өтіп жатқан көліктер арқылы сәлемдеме жіберіп жанталасуда. Арғы бекетке өткен көліктердің алдын тосып, керек-жарақтарын таныстарына жеткізуде.

"Кеше түнде жедел-жәрдеммен облыстық ауруханаға жеткізілгенмін. Бүгін толық емдеп шыққан соң, қайтарып жіберді. Үйім арғы бетте. Қалай өтерімді білмеймін. Тұрғаныма 3 сағат болды. Өткізбейді. Енді қайда барамын?", - дейді тұрғындардың бірі.

Біз бақылаған уақытта Талғар жақтағы блок-бекеттен қызын өткізіп алған ерлі-зайыптыларды байқап қалдық. Қалай өткенін сұрағанымызда, жауап беруден бас тартты. Дәл сол уақытта жанымызда тұрған ер адам арғы беттен екі баласын бергі жаққа өткізе алмай тұрды. Оны телефон барысында сөйлеген сөзінен байқадық.

Анықтағанымыздай, блок-бекеттен жаяу адамдар да өтіп жатыр. Барлығынның қолында бір жапырақ рұқсат қағазы бар.

Блок-бекеттен өткен енді бір кісілерден қалай өткенін сұрағанымызда:

"Арнайы рұқсат қағазымен өтіп жатырмыз. Жұмыс істейді деген анықтамамен емес, қайнымыз қайтыс болған", - деп жауап берді.

Ал осындай жағдайларға қатысты Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысының жауабы мынадай.

Қала мен облыс арасында қатынап жүріп жұмыс істеуге болмайды. Баспана мәселесі жұмыс беруші мен жұмысшы арасында шешілуі  қажет. Осы уақытқа дейін көптеген ұйымдар жұмысшыларын қашықтан жұмыс істеуге немесе ақылы демалысқа жіберді. Жұмыстың тоқтамауын қамтамасыз етуге қажет қызметкерлерге қаладан баспана жалдап беріп жатқандар да бар. Штаб тарапынан жерлеу рәсіміне байланысты қаладан шығауға рұқсат беріліп жатқан жоқ, - дейді баспасөз хатшысы.

Айтуларынша, қала маңындағы блок-бекеттерде қазір арнайы жүк көліктері мен ереже бойынша рұқсат етілген қызметкерлер ғана кіріп жатыр. Полиция қызметкерлері әр көліктің құжаттарын қарап, жүргізушілердің дене қызуын да мұқият тексеріп шығаруда.

Тәртіп қатаң бақылауда екеніне шек келтіруге болмайды. Дегенмен, кейбір жайттар ескерілмей жатқаны байқалады. 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации