Бизнестің жол картасы 2025 жылға дейін ұзармақ

14 тамыз, 19:48

Фото: google.com

«Бәйтерек» холдингі алдында алдағы 5 жылда елдің жалпы ішкі өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 35 пайызға жеткізу міндеті тұр. Бұл туралы «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Рүстем Қарағойшин айтты. 

Алматы, NEGE. «Шағын бизнесті мемлекеттік қолдаудың сұранысқа ие тағы бір шарасы – «Даму» қоры беретін кепілдік. Кәсіпкер өз бизнесін ашуға немесе кеңейтуге кредит алатын кезде кепілзаты жеткіліксіз болғанда осы кепілдікті пайдалана алады. 2020 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша кредит сомасы 306 миллиард теңге болатын 7 518 жоба бойынша кепілдіктер берілді. Кепілдіктер сомасы 117 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде 2019 жылы жалпы кредит сомасы 74 миллиард теңге болатын 1 726 жобаға қолдау көрсетілді, кепілдік сомасы 27 миллиард теңгеге жетті», – деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.

Оның мәліметінше, сала бойынша бөлгенде қаржыландырылған жобалар арасында өңдеу өнеркәсібінің (жалпы кредит сомасы 103 миллиард теңге болатын 2 206 жоба) және сауда саласының (кредит сомасы 32 миллиард теңге болатын 1 309 жоба) үлесі көп.

Өңірлер арасында Ақтөбе (жалпы кредит сомасы 20 миллиард теңге болатын 582 жоба) және Павлодар (жалпы кредит сомасы 21 миллиард теңге болатын 535 жоба) облыстары көш бастап тұр.

«Бағдарламаның тиімділігін көрсететін басқа да сандарға да тоқталғым келеді.

Мәселен, бағдарламаға қатысушы кәсіпкерлер 2010-2019 жылдары 25 триллион теңгенің өнімін шығарды, 1,6 триллион теңге сомасында салық төледі.

БЖК аясында мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпкерлердің арқасында 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.

Егер мультипликативті әсері туралы айтатын болсақ, 1 теңге субсидияға 10 теңге кредит тартылды.

Онға бір – бұл қаржы институттары тұрғысынан өте жақсы көрсеткіш. 1 теңге кепілдікке 2,6 теңгеге жуық кредит қаражаты тартылды.

Сонымен қатар, нәтиже көрсетіп отырғандай, 1 теңге субсидия 135 теңге пайда және бюджетке 8 теңге салықтық түсім әкеледі», – деді Рүстем Қарағойшин.

Басқарма төрағасының айтуынша, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Бизнестің жол картасы» тағы бес жылға, яғни 2025 жылға дейін ұзартылды. Қазір оған едәуір өзгерістер енгізілді. Олар бизнестің қаржыландыру алуын сөзсіз жеңілдетеді.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации