Билік БАҚ-ты ТЖ кезіндегі қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік туралы ескертті

17 наурыз, 14:57

Фото: fergana.media

Алматы. NEGE. Қазақстан билігі бұқаралық ақпарат құралдарын (БАҚ) төтенше жағдай (ТЖ) кезіндегі қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік туралы ескертті.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының коронавирус COVID-19 пандемиясын жариялауына байланысты соңғы уақытта елде көрінеу жалған ақпараттың таралуы байқалады. Қалыптасқан мән-жайларды ескере отырып, Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуын бақылау функцияларын орындайтын Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі төтенше жағдай кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарының жауапкершілігі күшейетіні туралы хабардар етеді», - деп мәлімдеді АҚДМ сейсенбі күні.

Ведомствода еске салғандай, «бұқаралық ақпарат құралдарында, ақпарат иеленушінің интернет-ресурсында, ашық деректер интернет-порталында немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де тәсілдермен көрінеу жалған ақпаратты орналастырғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленген".

«Бұл ретте ӘҚБтК 57- бабының 9) тармақшасына сәйкес дүлей зілзала жағдайларында немесе басқа да төтенше жағдайлар кезiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшін жауаптылықты ауырлататын мән-жай деп танылады», - деді ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен.

Сондай ақ телерадио хабарларын тарату операторларының және теле-, радиокомпаниялардың адамдардың өміріне, денсаулығына төнген қауіп-қатер және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде қалыптасқан жағдайдағы іс-қимылдар тәртібі туралы халықты хабардар ету сигналын, сондай-ақ қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік және құқықтық тәртіпті қорғау мүдделерінде сигналды уақтылы таратпауы лауазымды адамдарға – елу, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне үш жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

«Құқық тәртібін бұзуға итермелейтін немесе ұлттық және діни алауыздықты қоздыратын іс-әрекеттер, жеке тұлғалардың және лауазымды адамдардың олардың заңды құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыруына белсенді кедергі келтіру, сол сияқты ішкі істер, Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерінің, әскери қызметшінің, билік немесе жұртшылық өкілдерінің қоғамдық тәртіпті қорғау жөніндегі қызметтік міндеттерін немесе қоғамдық борышын орындайтын заңды өкіміне немесе талабына қасақана бағынбау не жеке тұлғалардың қоғамдық тәртіпті және тыныштығын бұзатын, сондай-ақ төтенше жағдай жарияланған жерде жасалған әкімшілік қадағалау туралы Заңнаманы бұзу ӘҚБтК қырық айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұлды не отыз тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алуды көздейді», - делінген хабарда.

Сондай-ақ, АҚДМ нақтылағандай, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 54-баптың 1- бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес төтенше жағдай және төтенше жағдай жағдайларында қылмыстық құқық бұзушылық жасауды қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай деп таниды.

«Мысалы, төтенше жағдай кезінде қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін туғызатын көрінеу жалған ақпарат тарату үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады (Қылмыстық Кодекстің 274-бабы 4-бөлігінің 2) тармақшасы). Осыған байланысты, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарының, әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың және мессенджерлердің назарын төтенше жағдай кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын мүлтіксіз сақтау қажеттілігіне, елдегі жағдайды тұрақсыздандыруға қабілетті көрінеу жалған ақпаратты, сондай-ақ өзге де құқыққа қарсы ақпаратты тарату фактілеріне жол бермеуге аударады», - деп мәлімдеді ведомстводан.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны 162 мыңға жуық, қайтыс болғандар – 6,4 мыңнан астам.

2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты. 1 наурыздан бастап Қазақстан Оңтүстік Корея және Иранмен әуе тасымалын қысқартты. Ал «Қорғас» шекарамаңы ынтымақтастық халықаралық орталығы наурыз айының ортасына дейін жабылды.

Соңғы ақпар бойынша Қазақстанда коронавирусты жұқтырудың тоғыз дерегі расталды (жетеуі Алматыда, екеуі Нұр-Сұлтанда).

15 наурызда президент Тоқаев 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай енгізуге қаулы етті.

 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации