Баскесерлер. «Шұбардағы қырғын»

27 қыркүйек, 19:24

Фото: ғаламтордан

2008 жылы Астанада кәсіпкер Марат Есімсейітовтің кәмелеттік жасқа толмаған үш баласы мен аяғы ауыр жұбайын  өлтіріп кетті. Баскесерлердің асқан қатігездік жасағаны соншалық, бұл оқиға  ел аумағынан шығып, Шешенстан республикасын да дүрліктірді.

Әріптесім, марқұм Геннадий Бендицкийдің төмендегі мақаласы 2009 жылы мамырда «Время» газетінде жарияланған:

«2008 жылдың қазанында болған бұл оқиға «Шұбардағы қырғын» деген атпен белгілі. Марат Есімсейітов бір күнде барынан айырылды. Оның бүкіл отбасы – тоғыз жастағы қызы Жаннет, жеті жастағы Жасмин, үш жасар Кәрім мен әйелі Әлия қаза болды. Олар тату-тәтті 10 жыл бірге тұрды. Тағы бір сәби күтіп отырған. Полиция күдіктілерді ұстағанда Марат Есімсейітовте үміт пайда болған. Қанішерлер әділ жазасын алады деген үміт.

– Олар мені өлтіруге келген, – деп бастады әңгімесін Марат Есімсейітов. – Сол себепті де пышақ пен балға әкелген. Бірақ іссапардан кешігіп келетінімді білмеген. Үйден мені таппаған соң әйелім мен балаларым қолдарына түскен. Бірақ оларды бұл да тоқтатпапты.

Қылмыс жасалардан бір сағат бұрын ғана Марат Әлиямен сөйлесіпті. Бір сағаттан соң ет жақындарының өлі денесін көрген қайын атасының жанұшырған дауысын естиді.

О.Евлоев

Олег Евлоев Еуразиялық университетте Әлиямен бірге оқыпты. Евлоев жұмыс сұрап келгенде бас тарта алмағаны да содан екен. Сол үшін арнайы ЖШС құрып, техникалық қызмет көрсету жұмысын жолға қоюды тапсырады. ТҚК құрылысын жүргізуші мердігер Дмитрий Тян болады. Біраз уақыт өткен соң Марат Есімсейітов ешқандай жұмыс атқарылмағанын, тек ақша сауылып жатқанын біледі. Олег Евлоев өз атына чек кітапшасын ашып, кәсіпорыннан ірі көлемде ақша алып отырған. Бірнеше ескертуден соң Марат Есімсейітов қаржы полициясына арыз түсіріп, Евлоев пен Тянға шығынды өтеу үшін бір апта уақыт береді. Бұл – қанқұйлы қылмыс жасалардан бірер күн бұрын ғана еді.

– Неге екені белгісіз, процесс басталғаннан-ақ сот негізінен істің экономикалық жағын тексеріпті. Сот отырысында менің балаларым мен әйелімді өлтіру қаралған жоқ деуге болады. Менің қандай компанияларым болғаны, қандай бизнеспен айналысқаным, кімнен ақша алғаным, қандай тендерге қатысқаным, жарықтың ақшасын неге кешіктіргенім сұралды. Мен өзімді сотталушы сезіне бастадым, – дейді М.Есімсейітов.

Тергеудің басында-ақ түсініксіз жайттар көп болған. Республикалық іздеу жарияланған Олег Евлоев өз құжатымен билет алып, ел аумағынан шығып кеткенін айтсақ та жеткілікті.

Одан бөлек, соңғы екі айда марат Есемсейітовтің компанияларын түрлі органдар тексере бастаған. Мараторийге қарамастан, алдымен қаржы полициясы, одан кейін көліктегі прокуратура, одан соң ҰҚК шұқшиған. Алайда ешқандай заңбұзушылық таппапты.

Мұның бәрі кәмелеттік жасқа толмаған балалар мен аяғы ауыр әйелді өлтірді деп айыпталған Евлоев пен Тян алдымен қылмыстарын мойындап, артынша «ештеңе білмедік, көрмедік» деп бас тартқан уақытта болып жатты.

Олег Евлоев өзін жәбірленуші ретінде көрсеткісі келді. Қылмыс жасалған күні оған әлдекімдер шабуыл жасаған, одан кейін Есемсейітовтердің үйіне келгенде оған Әлия алғашқы көмек көрсеткен-міс. Дмитрий Тян да алғашқы сөзінен бас тартып, «ол жерде мүлдем болған жоқпын» деп шықты.

Ал құқық қорғау органдары бұл кезде Есімсейітовтің бизнесінен кінәрат іздеп әуре болып жатқан.

– Сот отырысы қандай режимде өтетіні шешілуі тиіс алғашқы процеске адвокатым екеуімізді мүлдем кіргізбеді. Тек мемлекеттік айыптаушы ғана қатысты. Одан кейінгі процестерде мені залдан шығарып жіберу мәселесі қайта-қайта көтерілді, – дейді М.Есемсейітов.

Сот «Марат Есемсейітов әйелі мен бала-шағасының қазасын қалай қабылдады» дегенді анықтау үшін көп уақыт шығындады. «Қайғылы жағдайды жеңіл қабылдады» дегенді дәлелдегісі келген. Әсіресе, оның Қытайға барып емделіп келгеніне, жүйкесі тозғанына көбірек назар аудармақ болған.

Сот барысы кезінде аса қызық деталь белгілі болды. Қылмыс жасалардан бірер күн бұрын, Марат Есімсейітов қаржы полициясына арыз түсіргеннен кейін Дмитрия Тян жуырда ғана иеленген өзінің бизнес орталығын бір күнде танысының атына едел-жедел аударған. Және оны нарықтағы бағасынан үш есе арзанға бағалаған. Тян өзінің мүлкін кімге сатқанын білесіз бе? ІІМ-нің орталық аппаратында қызмет ететін ірі шенеуніктің әйеліне сатқан».

Сотқа дейінгі тергеу мен сот тергеуіне тоқталып жатпайын, бұл туралы кезінде БАҚ-та жан-жақты айтылды. Жәбірленушілерге күйе жақпақ болғандар да кездесті. Олар бұл істі саяси дау-дамайға айналдырып, халықаралық деңгейге дейін шығарды. Мұндай істе ұпай жинамақ болу, пайда көріп қалуға ұмтылу – нағыз арсыздық.

Айыпталушы Тян мен Евлоев

Не айтқым келгенін жеткізу үшін қылмыстық іс материалдарынан үзінді келтірейін. Жүйкесі нашар адамдарға оқуға кеңес бермеймін.

«2008 жылдың 9 сәуірінен 13 қазанына дейін О.И.Евлоев «Тера-Моторс Астана» ЖШС директоры болған. Жалғыз құрылтайшысы – Марат Сәрсенбайұлы Есімсейітов. 2008 жылдың 17 шілдесі мен 28 тамызы аралығында сотталушы Евлоев Есімсейітовке айтпай, «БТА банк» арқылы 330 мың теңге алып, өз қажетіне жұмсаған.

Жұмыстан қуылған соң Евлоев бағасы қымбат есірткі – героин алуға ақша таба алмай, Есімсейітовтің ауқатты екенін белітндіктен, оның отбасына қарақшылық шабуыл жасауды және қылмысын жасыру үшін адам өлтіруді ойластырады.

Жәбірленуші Есімсейітовтің жұмысы республика аумағынан тыс жерде екенін, іссапарға жиі кететінін білетін Евлоев қылмысты бұрынғы танысы, кәсіпкер Есімсейітовпен серіктес болған Дмитрий Тянмен бірлесіп істеуді ұйғарады. Сотталушы Тян құрылыс мердігері ретінде Есімсейітовтен 2008 жылы 32 млн теңге алып, қаржыны қайтармайды. Сол үшін Есімсейітов 2008 жылы 11 қазанда Астана қалалық сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментіне арыз жазады.

21 қазанда кешкі бес шамасында Евлоев Әлия Есімсейітованы кездестіреді де, одан күйеуінің іссапарда екенін біліп алады. Сол күні сағат 19:55-те Евлоев пен Тян Есімсейітовтің үйіне келіп қоңырауын басады. Әлия Есімсейітова аулаға шығып, Евлоев пен Тянға есікті ашады.

Евлоев пен Тян Есімсейітоваға реніштерін айтқан соң Евлоев оны қылмыс жасау үшін арнайы әкелген белгісіз балғамен маңдай тұсынан ұрады. Әлия біршама уақытқа есінен танып, құлап қалады.

Есемсейітованың есінен танып қалғанына көзі жеткен Евлоев пен Тян үйге кіріп, бірден үшінші қабатқа көтеріледі. Ол қабатта үй иелерінің ұйықтайтын бөлмесі мен балалар бөлмесі орналасқанын Евлоев білетін.

М.Есімсейітов адвокатымен

Үшінші қабаттағы балалар бөлмесінде Есімсейітовтердің кәмелеттік жасқа толмаған балалары – 1998 жылы туған Жаннет, 2002 жылы туған Жасмин, 2005 жылы туған Кәрім үшінші қабатқа көтеріліп келе жатқан Евлоев пен Тянды көріп, холға шығады. Сотталушы Евлоев Кәрім мен Жасминнің көзінше асқан қатыгездікпен Жаннет Есімсейітованың шүйде тұсынан балғамен ұрады. Жәбірленуші есінен танып құлап қалған.

Адам өлтірмек ойын толық іске асыру үшін Евлоев алдын ала дайындап әкелген пышағымен жәбірленушінің аса маңызды органдар орналасқан тамақ тұсынан орып жібереді. Кәмелетке толмаған Жаннет Есімсейітова сол жерде көз жұмады.

Көз алдында қылмыскердің ет жақын адамын өлтіргенін көрген Жасмин мен Кәрім қашып, ванна бөлмесіне тығылады. Сотталушы Тян оларды артынан қуып барады. Ванна бөлмесіне кірген Евлоев қолындағы балғамен кәмелет жасқа толмаған Жасмин Есімсейітованың басынан кемі екі рет ұрып, жәбірленуші құлаған соң оны да алқымынан орып жібереді. Жаннет Есімсейітова сол жерде көз жұмады.

Бұл кезде сотталушы Тян Евлоевке көмектесу мақсатында Кәрім Есемсейітовті бөлмеде ұстап тұрады. Сотталушы Евлоев Кәрімнің басынан кемі үш рет ұрып, пышақпен бауыздап жібереді. Соңғысы қылмыс орнында тіл тартпай кеткен.

Есін жиған Әлия Есімсейітова балаларының өміріне қауіп төнгенін түсініп, үшінші қабатқа көтеріледі. Мұны естіп қалған Евлоев тұра ұмтылады да, Әлия Есімсейітованың басынан балғамен бірнеше рет ұрады. Одан кейін тамағынан пышақпен бауыздап жібереді...

...Сотталушы Евлоев пен Тян үшінші қабаттағы ұйықтайтын бөлмеге кіріп, Есімсейітовтерге тиесілі 600 мың теңге ақ алтыннан жасалған қолсағат, әшекей бұйымдар алады және құны 3 млн теңге тұратын «Тойота Камри» көлігінің кілтін алып, қылмыс орнынан қашып кетеді.

Евлоев пен Тянның қылмыстық әрекеті салдарынан 8 млн теңгеден астам сома материалдық залал келтірілді.

... Евлоев пен Тянға қарақшылық, алдын ала келісіп алып екі және одан да көп адамды асқан қатыгездікпен өлтіру бабы бойынша айып тағылды».

Баскесерлер ә дегеннен-ақ анықталып, іздеу басталды. Алдымен Тян ұсталды. Ол өзін ұстамды көрсетуге тырысты. Тіпті тергеуге өзі келген. Алайда арты жақсы болмайтынын сезіп, «маған полиция қысым жасады» деп ҰҚК-ге қашып барған. Бірақ оның қылмысқа қатыстылығын бұлтартпас дәйектер айтып тұрған.

Із кесушілер бұл кезде Олег Евлоевтың да соңына түскен. Ол ұрланған «Камриді» Астананың ескі бөлігіне қалдырып, өзі қашып кеткен. Евлоевты қалай ұстағанын маған сол кезде Криминалды полицияны басқарған Сұлтан Құсетовтің өзі айтып берді.

«Бұл іс Президенттің жеке қадағалауында болды. Алғашқы тәулікте күдіктінің ізіне түстік. Қылмыстың картинасын жасадық. Алдымен көлікті таптық. Одан кейін қай жатақханада түнеп шыққанын анықтадық. Бөлмеден қанға боялған ақшалар шықты. Ол қан жұққан ақшаны жуып, кептірмек болыпты. Біздің жігіттердің жақындап қалғанын сезіп, ақшаның бір бөлігін ала қашқан.

Евлоев таксимен Қарағандыға жетіп, одан әрі Мәскеуге ұшып кетіпті. Маған оның соңынан ұшып бару тапсырылды. Ресейлік әріптестерді қосып, мекенжайын анықтадық. Ұстауға барған кезде тағы із суытып үлгерді. Евлоев енді Мәскеуден Грозныйға ұшқан. Соңынан біз де жеттік. Алайда Грозный түгілі, бүкіл Шешенстаннан іздеп таппадық. Сөйтсек ол Ингушетиядағы туыстарына барып тығылған екен. Жедел шараларды өзіміз жүргіздік. Ресейлік әріптестеріміз де көп көмектесті. Оның тығылған жерін анықтау үшін сегіз күн кетті. Нақты мекенжайын тапқанда дипломатияны қосуға мәжбүр болдық. Ингушетияда туыстары оны бергісі келмеді. Шешенстан басшыларын бұлар мойындамайды. Туыстарына жеке өзім барып, Евлоевтың бейкүнә балаларды өлтіргеніне сендіруіме тура келді. Содан кейін ғана туыстары оны берді. Евлоевті Астанаға өзім алып келдім».

Үкім оқылар сәт

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров Құсетовті шығарып салғанда құрмет ретінде оған полицей буркасын сыйға тартыпты. Қазір бұл раритет ІІМ-нің музейінде сақтаулы.

Сот Олег Евлоевқа өмір бойы түрмеде отыру жазасын кесті. Тян 25 жылға сотталды. Екеуі де сот сатыларының бәрінен өтіп шықты. Алайда әлі күнге дейін қылмыстарын мойындаған жоқ. Тіпті халықаралық ұйымдар да бұл іске назар аударды. Сол себепті де қылмыстық іс әлі архивке өткізілген жоқ. Одан бері он жылдан асса да Жоғарғы сот істі әлі зерттеп, қосымша жазбалармен толықтырып жатыр.

Журналист Асқар Жалдиновтың «Вне протокола. Тайны громких преступлении» кітабынан.              

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации