Бақыт Сұлтанов: Азық-түлік бағасын көтеруге жол бермейміз

16 наурыз, 18:15

Фото: ult.kz

Орталық коммуникациялар қызметінде Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановпен Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баспасөз мәслихатын өткізді.  

Нұр-Сұлтан, NEGE. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағалары тұрақтандырылады.  

«Төтенше жағдай кезінде Үкімет азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық шараларды қабылдауда. Төтенше жағдай режімінде барлық ел болып, ортақ қауіп-қатерге қарсы бірігуге тиіспіз. Біз тамақ өнімінің бағаларын көтеруге, алыпсатарлыққа салынуға жол бермеу үшін барлық күш-жігерімізді саламыз. Ол үшін тиісті құқықтар мен тетіктер жеткілікті», – деді министр. Оның айтуынша, қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті бағаларын енгізу тетігі жеңілдетіліп жатыр. «Бұл әкімдіктерге бағалардың ауытқуына жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Жергілікті атқарушы органдардың шекті бағаларды көтерген кәсіпкерлерге айыппұл салу құқықтары бар. Бұл қағидат қолданылады», – деді ол.

Сондай-ақ, министр қандай жағдайда да санитар нормасын сақатуға шақырды. «Сауда нысандарының барлығы жабылмайтындығын түсіндіргім келеді. Төтенше жағдай кезіндегі басты міндет – халықты дер уақытында азық-түлікпен қамтамасыз ету. Сондықтан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сауда, ойын-сауық орталықтары, сауда орталықтары, дәріханалар, гипермаркеттер жұмыс істей береді. Бірақ олар бірқатар талаптарды сақтауға міндетті болады. Бүгін Денсаулық сақтау министрімен және Бас санитарлық дәрігермен қосымша шараларды талқыладық. Бірінші кезекте, зарарсыздандыру режімі күшейтілуі тиіс. Кезек орын алған жағдайда адамдар арасындағы арақашықтық 1 метрден кем болмауы тиіс», – деді министр.  

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации