Бақыт Нұратдинова, дизайнер: Көмегімді маска тігіп, тигізсем дедім

21 наурыз, 12:50

Фото: автор

Қазір еліміздің әр өңірінде шама-шарқы көмегін әр түрлі жолмен жасағысы келген жандар көбейіп жатыр.

Мәселен, Түркістан облысының Созақ ауданындағы және Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданындағы көпбалалы аналар маска тігіп, тегін таратты. Таяуда Алматыда "Береке" қоры 2600 медициналық масканы өз ақшасына сатып алып, балалар ауруханасына, мешіттерге және журналистерге тегін үлестірді. Бұл індет жағадан алғанда одан қорғануға қосқан тамшыдай үлес.

Ал кеше Алматы қаласының тұрғыны, дизайнер Бақыт Нұратдинова 500 маска тігіп, Гранд парк сауда үйінің алдында келген еді. Айналасы 10 минутқа жетер-жетпес бітіп кетті. Жұрт та мәз, Бақыт та бір міндеттен құтылғандай күйде тұрғанын жеткізді.     
"Отандық дизайнер ретінде bq_brand деген деген брендім бар. Коронавирус індеті еліміздің есігін қақты дегенде медициналық маска тапшылығы сезілгені рас. Қауіпті вирус қаладан шығып жатса да, тұрғындардың көбі маскасыз жүр. Себебі, дәріханада жоқ. Содан ойлана келе, үйдегі қалған-құтқан бар матадан маска тігейін деп шештім. Бұрын тікпеген едім. Цех үйде болған соң, мүмкіндігім болды. Балаларым жабылып көмектесіп, үш күнде 500 масканы тігіп тастадық. Тағы да тігуге болар еді. Бір мәселе – резеңке бітіп жатыр. Сатып алайын десем, базар да істемейді", – дейді Бақыт Нұратдинова. 

Қазірдің өзінде Бақыт Нұратдиноваға хабарласып: "Маған 20 дана, маған 30 дана керек еді" деп жатқандар көп екен. "Бастаған ісім болған соң, барынша тігіп беруге тырысып жатырмын" деген дизайнерге: "Егер әкімдік маска тігуге тапсырыс берсе, тігуге қалай қарайсыз?" деп сауал қойдық. 

"Әрине, тігем. Тек матасы мен қажетті заттары болса, ештеңе емес. Бағасы да қымбат болмайтын еді. Мені қинап тұрғаны – материал ғана" деп жауап берді. 

Осындай алмағайып уақытта Бақыт Нұратдинова сияқты жақсылық жасағысы келетіндердің бар екені қуантады. Қоғамды ізгілендіретін де, мейірімге бөлейтін де осы кісілер. Жұматай ақынның өлең жолдарында айтылатын "Сендер аман болыңдар жақсы адамдар, Қарап өссін сендерге басқа жандар..." дегіміз келеді. 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации