«Баға бұдан кейін өзгереді»

22 наурыз, 19:41

Фото: vlast.kz

Nege порталы құрсауда қалған Алматы шаһарын ғана емес, мегаполиссіз күн көруі дүдәмал алып қаланың іргесіндегі елдімекендерді де басты назарға алып отыр. Халықтың жай-күйі, халыққа дәрі-дәрмектің қол жетімділігі, бағаның тұрақтылығы – алғашқы кезекте. Жылда осы күні Наурызды тойлап, мәз-мейрам болатын жұрт енді үйге қамалып отыр. Әзірге оқыс жайттар білінбейді. Карантиннің алғашқы күндері жағдай біршама тұрақты. Десе де, кейбір азық-түліктің бағасы күрт көтеріліп кеткен. Бұдан былай бағаның өсіп, қат тауарлардың көбейе түсетіні байқалады.

Әдеттегідей, қауіпті коронавирус тарап жатқанда қала іргесіндегі елдімекендердің дәріханаларында антисептиктер мен маскалар тапшы тауарға айналған. Бұл заттарды іздеп келгендерге, ауызды көпіртіп жатпай, қожайындары есіктің сыртына «маска жоқ, антисептиктер де жоқ» деп жазып қойған. Бұл барлық жерде кездесетін жағдай. Бір қызығы, бұл індет үндемей келген жоқ. Алдымен Қытайдың Ухан қаласын жайпады. Сосын Еуропаға ауыз салды. Келе-келе дүниенің төрт бұрышына жетті. Бұдан Қазақстанның да шет қалмасы күні бұрын белгілі еді. Сонда, осы уақыт ішінде үкімет, денсаулық сақтау министрлігі неге алдын ала дайындық жасамаған? Тым болмаса, қымбат бағада болса да, халықты осы қарапайым қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуіне уақыт жеткілікті болған жоқ па?

Карантин кезінде жұмыстан қысқарып қалғандар аз емес. Ал ақысыз демалысқа кетіп жатқандар қаншама? Оларды қазіргі басты уайымы – коронавирус емес, «бұл індет ұзақ уақытқа дейін кетпесе, жұмыссыз аштан қатамыз ба» деген қорқыныш.  Ұнды қап-қабымен жапа-тармағай сатып алдырып жатқан да осы үрей. Жоғары сорт ұн қазір он мың теңгеден асып жығылып отыр. Кейбір сауда орындарында  мүлде қалмаған. Мәселен, Бәйтерек ауылының базарында бұрын ұнның түр-түрі самсап тұрса, қазір тек бір түрі ғана қалыпты. Бірінші сортты 50 келі ұнның бағасы 8 мың теңгеден сатылып жатыр. Сатушылар бұрын 7 мың теңге болғанын, коронавирус тудырған дүрбелеңнен кейін мың теңгеге қымбаттағанын айтады. Ұнның басқа түрлері мүлде жоқ.

«Бағаның өскенін әлі байқамадым. Дүкеніме алып жатқан тауарлардың бағасы бәрі бұрынғыша.  Тек ұн қатты қымбаттап кетті. 2 келі ұнның көтерме бағасы бұрын 360 теңге болса, қазір 450 теңгеге дейін көтерілді. Кейбір заттар ғана аздап қымбаттаған. Бағаның көтерілуіне халық арасындағы дүрбелең себеп болған шығар», – дейді «Жұлдыз-ай» дүкенінің иесі Кеңесхан Көпешова. 

Бүкіл көлік қатынастары тоқтап, шекаралар жабылып, елдің ішінен, сыртынан тауар жеткізу қиынға соғып жатыр. Мұнай бағасы түсіп, өзімен бірге теңгені де шыңырауға іліп әкетіп барады. Коронавирус ел экономикасының күре тамырларын үзіп, шаһарларды құрсауға алды. Мұндай жағдайда бағаның өсетінін болжауға сәуегей болудың қажеті шамалы.

 Дүкендерде әзірге тауар жеткілікті. Біршама тауар қоры жинақталған. Яғни дүрбелеңнің алдында алған тауарлары енді ғана түгесіліп келеді. «Әзірге баға аса көтерілген жоқ. Тек бүгін қағаз құтыдағы сүт 60 теңгеге қымбат келді. Банкіге жабылған қияр да едеуір қымбаттапты. Қалған тауарлардың бағасы бұрынғыдай. Десе де, фирмалар бұдан кейінгі тапсырыстарда бағаның өзгеретінін ескертті», – дейді «Бәйтерек» дүкенінің қожайыны.

Ал көкөніс пен жеміс-жидектердің бағасы шарықтап кеткен. Короновирустан сақтық ретінде базарлар жабылып, бағаға қосымша әсер етіп отыр. Бұрын бөлшек саудагерлер картопты 180 теңгеден алып жүрсе, қазір 210-220 теңгеден алып жүр. Базарда 250 теңгеден сатылып жатыр. Кейде жерлерде 100 теңгеге дейін қымбаттап кеткен. Сәбіз 50 теңгеге қымбаттаған. Алма бағасы да қатты көтерілді. Бірден 150-200 теңге қымбаттады. Жергілікті алма жоқтың қасы. Бұрын көтерме бағасы 350 теңге болса, қазір 500-600 теңгеге дейін көтерілді. Бір қызығы, қызанақ пен қияр қымбаттамаған. Тіпті, соңғы кездері бағасы түсіп кеткен. Қымбаттап жатқаны – картоп, пияз, сәбіз. Болгар бұрыштарының бағасы да аспандап, көтерме бағасының өзі  2500 теңге болған. Әзірге басқа жеміс-жидектер бұрынғыша сатылып жатыр.

Қатты қымбаттағаны – сарымсақ. Баға бес есеге дейін өскен. Көтерме бағасы – 2,5-3 мың теңге.  Оның үстіне, бұл – жергілікті өнім емес, қытайдан келетін сарымсақтар. Бөлшек саудаға түскенде бұдан да шарықтап кетеді.

«Көтерме сауда орындарында қымбаттады. Біз қымбаттағаннан артық пайда көріп жатқанымыз жоқ. Біздің қосатынымыз – бұрынғысынша 10, 20 пайыз ғана. Өйткені, орынға, арендаға төлейміз. Көтерме бағасы қымбат. Бағаның тұрақтылығын тексереміз, қадағалаймыз деп жатқандары қайда?» – дейді сатушы Мәдина Нұрпейісова.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации