Әскери медицина мамандары алғы шепте

26 наурыз, 07:16

Фото: nege.kz

Медицина қызметінің полковнигі Тимур Жеңісұлы бастаған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас әскери-медициналық басқармасының әскери дәрігерлері мен орта буынды медициналық құрамы алғы шепте жүріп коронавирус індетіне қарсы шараларды атқаруда.

«Мақсатымыз бір – ол халық денсаулығына нұқсан келтіруші факторларға төтеп беріп, салауаттылығына кепіл болу» деген ұранды алға тартқан ұжымның еңбегі ерен.

Бас әскери-медициналық басқарма әскери қызмешілер бен азаматтардың өмірін, денсаулығын қорғау мақсатында, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етіп, санитариялық-гигиеналық және індетке қарсы шараларды ұйымдастыруда.

Әскери медицина өзіне тиесілі бар күш пен жабдығын қысқа уақытта шоғырландырып, жедел шешім қабылдап, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне бұл жұқпалы індетті ендірмеу және оны таратпау, сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің елдегі жүргізіп жатқан жалпы шараларына қосыла атсалысып, өзіне жүктелген тапсырмаларды тиянақты атқаруда.

Бірінші кезекте, Қарулы Күштеріміздің барлық әскери-медицина бөлімдері мен мекемелерінің медициналық қызметкерлері ерекше қызмет бабына көшіп, жыл сайынғы кезекті (еңбек) демалыс пен іссапардан шақырылды.

Ең маңыздысы, алыс және жақын шетелден оқу және қызметтік іссапардан, халықаралық жаттығу мен шетелдегі демалыста жүрген офицерлер, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер және ол жақтарда білім алып жатқан курсанттардың тізімі есепке алынды.

Олардың арасында 1а, 1б және 2-ші санаттағы коронавирустың таралуы бойынша қауіпті елдерден келгендер аэропорт, теміржол вокзалдарынан әскери дәрігерлік бригадалармен күтіп алынып, санитарлық автокөлікпен әскери госпитальдерге жеткізіліп, медициналық бақылауға алынуда. Осы мақсатқа Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы Әскери госпитальдерде алдын ала изоляторлар дайындалып, коронавирустың жасырын кезеңі бойына бақылау жасау ұйымдастырылды.

Қарулы Күштеріміздің барлық нысандарында жүргізіліп жатқан күнделікті санитариялық-гигиеналық және індетке қарсы шараларға мониторинг жасалуда.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации