Арақ пен зімбір індеттен қорғамайды

03 сәуір, 13:15

Фото: Fi.pinterest.com

Әлеуметтік желіде "ішімдік коронавирусты жұқтырмауға көмектеседі", "зімбірдің пайдасы мол" дейтіндер көбейді. Алайда қазақстандық дәрігерлер мұның шындыққа жанаспайтынын айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Алматы, NEGE. Медицина ғылымының докторы, профессор Жақсылық Досқалиевтің айтуынша, ішімдік пен зімбірдің, қара зере майының коронавируспен күресте еш пайдасы жоқ. "Бұл алып қашпа әңгіме. Қазір көп адам сенгіш, аңқау келеді. Кейбіреу жалған ақпарат таратып, саудасын жүргізуді көздейді. Зімбір бағасының 10 мың теңгеге дейін көтеру ешкімнің ойына келмейтін дүние. Ең дұрысы, адам карантинде болғаны жөн. Өзін оқшаулап отырса, одан артық сақтық жоқ", - дейді Досқалиев. Сондай-ақ, Досқалиев иммунитетті арақпен көтеру деген бос әңгіме екенін атап өтті. Ол халықты мұндай заттарға еліктірмеуге шақырды. "Ешқандай қаражатты керек етпейтін жолы – карантиннің бітуін күту", - дейді дәрігер. Маманның сөзін әріптесі Айтбала Балтабаева да қостап отыр. "Ішімдіктің инфекциямен күресте еш пайдасы жоқ. Ол керісінше иммунитетті әлсіретеді, шектен тыс ішімдік ішу бауырдың зақымдануына алып келеді", - дейді Нұр-Сұлтан қаласы №8 қалалық емхананың жалпы практика дәрігері Айтбала Балтабаева. Қостанай облысының бас санитар дәрігері Владимир Нечитайло да зімбірді пайдалану коронавирустың алдын алу шараларына жатпайтынын айтады. "Зімбір мен куркума адамның иммунитетін ғана көтереді. Бірақ коронавирустан құтқара алмайды, емдемейді. Ондай өнімдер адамның денсаулығын күшейтеді. Сондықтан оның бәрін қолданған жақсы. Алайда бұл коронавирустың алдын алу шараларына жатпайды", - дейді Нечитайло. Еске сала кетсек, бұған дейін коронавирусқа қарсы тұрар көкөніске сенген алматылықтар қазір жаппай зімбір, сарымсақ пен лимонды алып жатқаны хабарланған еді. Сұраныстың күрт өсуі саудагерлердің бағаны көтеруіне әкелген.

 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации