Алматыда санитарлық талап сақталмаған нысандар анықталды

22 мамыр, 08:40

Фото: 24.kz

 Алматыда жұмыс істеуге рұқсат берілген сауда нүктелері мен қызмет көрсету орындарында санитарлық талаптар сақталмайды, деп хабарлайды «Хабар 24». Мониторингтік топ бірқатар нысанды тексеріп, соған көз жеткізді.

Алматы, NEGE. Енді ескертуді елемей, салғырттық танытқан кәсіпкерлерге қомақты айыппұл салынады. Қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин бастаған тексеру тобы азық-түлік дүкеніне топырлап кіріп келгенде сатушылар тосылып қалды. Барлығы маска киген. Бірақ кейбірінде қолғап болмады.  Таңғы уақыт болған соң келушілер аз. Ал көк базар маңында адам көп.  Мысалы, жұмыс істеуге рұқсат берілген күннен бастап осы тұстағы сән салондары мен шаштараздарға тыным жоқ.  

 «Көк базардың» азық-түлік сататын бөлімі карантин кезінде есігін жапқан жоқ. Дегенмен, төтенше жағдай режимі өткеннен кейін базардағы санитарлық талапты сақтау тәртібі босаңсыған. Өйткені дәл осы тексеріске дейін бетперде кимеген адамдар көп еді. Ал бүгін барлық саудагерлердің жаппай маска мен қолғап киіп алғаны  уақытша көзбояушылықтай көрінді. Кіре берісте келушілердің дене қызуын анықтайтын тепловизор ұстаған адам жоқ. Адамдар арасындағы арақашықтықты сақтау дегенді мүлде байқамадық.  Тіршілік қайнаған базарда бұдан басқа да кемшіліктер анықталды.

Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин: "Ең басты бұзушылық,  базардың кіре берістерінде тепловизор жоқ. Сондықтан Медеу ауданының санитарлық дәрігеріне тапсырма берілді. Базар әкімшілігіне айыппұл салу үшін" деді.

Карантин уақытында қауіпсіздікке салғырт қарап, санитарлық талапты ерен санамаған базар әкімшілігіне 4 млн теңге көлемінде айыппұл салынады. Жалпы қала әкімдігінің мониторингтік тобы 3 мыңнан астам нысанды тексерді. Оның  91-де тазалық пен санитарлық талаптардың орындалмағаны анықталды. 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации