Алматыда мәйітхана алды кезекке айналды. Неге? news video

07 шілде, 15:20

Індеттің өршуіне байланысты Алматыдағы №7 және №1 клиникалық ауруханасы коронавирус және пневмониямен түскендерді емдейтін провизорлық стационарға айналды. Қазір мұнда жоспарлы түрдегі ота жасау да кейінге шегерілді.

Жақыны сырқаттанып, ауруханаға түскендердің айтуынша, жан сақтау бөліміне жатқызылғандар бір-екі күннен кейін-ақ мәйітханадан табылып жатыр. Яғни, реанимациядан аман-есен шығып жатқандар өте аз.

Соның салдарынан екі күннен бері №7 ауруханасы аумағында орналасқан қалалық мәйітхананың алды ұзын-сонар кезек. «Алматы» телеарнасының тілшісі Жанат Айтенованың кеше қайынәпкесі қайтыс болып, бүгін сағат 10 жарымнан бері мәйітхана алдында кезекте тұр. Оның айтуынша, мұнда кезекте тұрған адамды санамағанда көліктің өзі 100-ден асады. Тіпті, кейбір адамдар туысының мәйітін 3 күннен бері ала алмай жүр екен. Ол ол ма, көбі түнімен көліктерінде қонған. 

«Таңертеңнен бері тұрмыз. Сол кезде жоқ дегенде 90 адам болды. Кезек жәймен қозғалып жатыр. Біз келгелі небәрі 5-6 мәйітті ғана алып кетті», – дейді журналист.

Ал Арыс қаласынан келген келіншек ауруханаға алдыңгүні түскен анасын таппай қалыпты. «Алдыңгүні №7 ауруханаға жедел жәрдеммен жеткізілген. Түнде жан сақтау бөліміне түсіп, ертесіне түсте көз жұмыпты. Пневмония диагнозын қойған. Алдында ғана телефонмен сөйлескен адамды қас пен көздің арасында таппай қалдық. Шырылдап жүріп өзіміз таптық. Сөйтсек, кешкісін мәйітханаға әкеп тастапты. Онда да таныс арқылы анықтадық. Әйтпесе, тағы бір-екі күн қайда екенін таппай, сандалатын ба едік, кім білсін?! Ешкім дұрыс жауап бермейді. Енді қазір мәйітті Арысқа алып кетеміз. Таразда енем ауырып жатыр еді. Бүгін таңертең ол кісі де қайтыпты», – дейді көз жасына ерік беріп.

Әрине, «тас түскен жеріне ауыр». Неше күн сабылып, мәйітін дер кезінде ала алмай жүрген адамдарды жақсы түсінеміз. Мәйітхана алдындағы көз сүрінген кезекті жылдам шешіп беруге не кедергі? Онсыз да жүрегі қарс айрылып тұрған жақындарына мәйітті тезірек беруді ұйымдастыруға болмай ма? Бұл жерде де қаншама адам топтасып тұр. Осы жерде де бір-біріне індет жұқтыруы да мүмкін ғой.

Соңғы күндері мына індет тіпті өршіп барады. Жұрттың бәрі жаппай пневмония, тұмау, коронавирус. Шалғай өңірдегі халықтың қандай күйде екенін білмейміз, бірақ қаладағы жағдай да жетісіп тұрған жоқ. Дәріхана алдында іздеген дәрісін таппай, сабылып жүрген адам. Енді бұл кезек мәйітхана алдына да келді. Жағдай осылай жалғаса берсе, қынадай қырылып қалатын түріміз бар. Қазақстан үкіметі, Денсаулық сақтау министрлігі неге қамнен-қаперсіз? 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации