Алматыда коронавирусқа кімдер тексеріледі?

09 сәуір, 15:40

Фото: www.tvc.ru

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев коронавирусқа кімдердің тексерілетінін айтты, - деп хабарлайды tengrinews.kz. Бұл туралы әкім Instagram желісіндегі парақшасында жазды.

"Коронавирус індетімен күрестегі маңызды кезеңнің бірі – әлеуетті науқастарды іздеу мен анықтауға белсенді кірісу. Басқа елдерден келген науқастар және олармен байланыста болған азаматтар анықталғаннан кейін міндетті тестілеуге жататын жандардың аясы кеңейді. "Жедел жәрдем", емханалар мен ауруханалардың қабылдау бөлмелеріндегі, провизорлық стационарлар мен зертханалардағы медицина қызметкерлеріне ерекше көңіл бөлінеді. Санэпидемиологтар сияқты олар да үнемі тестілеуден өтеді", - дейді Алматы әкімі.

Бұдан өзге медициналық қызметкерлер, полицейлер, әскери қызметшілер мен блокбекеттегі мемлекеттік органдардың қызметкерлері де тексеруден өтеді дейді.

Сондай-ақ, тестілеуден өтуге респираторлық ауру белгілері бар, өкпе қабынуымен (пневмония) ауыратын және тыныс алу органындағы сырқатымен есепте тұрған қала тұрғындарының да қамтылатыны айтылады.

Сонымен қатар, жедел-тестілеуден қаланың қалыпты тіршілігін қамтамасыз ететін қызметтер мен кәсіпорындарының жұмысшылары да өтетін болады.

"Вирустың жасырын ошағын дер кезінде анықтау арқылы қаладағы эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстауға мүмкіндік бар. Біздің міндетіміз – қауіпті індеттің өршіп кетуіне жол бермеу", - деді Сағынтаев.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации