Алматыда 676 адам коронавирус бойынша карантинде жатыр

16 наурыз, 15:00

Фото: yandex.kz

Алматыда 676 адам коронавирус бойынша карантинде жатыр, деп хабарлады ҚазТАГ қаланың қоғамдық денсаулықты қорғау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы. NEGE. «16 наурыздағы 12.00-дегі жағдай бойынша ауруды жұқтырған азаматтармен қарым-қатынаста болғандардың барлығы оқшауланған стационарларға 14 күндік карантинге жатқызылды. Жалпы бүгінде Алматыда 676 адам карантинде жатыр», - делінген дүйсенбіде таратылған хабарда.

Үй карантинінде жатқандарды қалалық денсаулықты қорғау басқармасы өзінің және басқалардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтауға және оқшаулау мерзімін сақтауға шақырды.

Ведомствода еске салғандай, Алматыда 16 наурызда коронавирустық инфекцияны жұқтырудың жеті зертханалық расталған жағдайы тіркелген.

«Алты науқас ересектерге арналған жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр. 2008 жылы туған Германиядан Алматыға ата-анасымен бірге ұшып келген қыз бала ұшақтан бірден балалар жұқпалы аурулар ауруханасына жеке бокске жатқызылды. Қазіргі таңда қыз баланың жағдайы қанағаттанарлық. Атап өту керек, 12 адамнан тұратын ұшақ борты әуежайдан оқшауланып, барлығынан талдамалар алынды. Науқастардың барлығы бекітілген хаттамаға сәйкес ем алуда, вирусқа қарсы және симптоматикалық терапия уақытылы басталды», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.

Басқармада еске салғандай, анықтамалар үшін 1406 нөмірі бойынша тәулік бойы call-центр жұмыс жасайды. Ресми ақпарат Алматы қаласының сайтында және әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында қолжетімді. Қосымша ақпарат жедел түрде Stopcov Almaty Telegram-каналында жарияланып отырады .

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны 162 мыңға жуық, қайтыс болғандар – 6,4 мыңнан астам.

2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты. 1 наурыздан бастап Қазақстан Оңтүстік Корея және Иранмен әуе тасымалын қысқартты. Ал «Қорғас» шекарамаңы ынтымақтастық халықаралық орталығы наурыз айының ортасына дейін жабылды.

Соңғы ақпар бойынша Қазақстанда коронавирусты жұқтырудың тоғыз дерегі расталды (жетеуі Алматыда, екеуі Нұр-Сұлтанда).

15 наурызда президент Тоқаев 16 наурыздан бастап Қазақстада төтенше жағдай енгізуге қаулы етті.

 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации