Алматы: Сарымсақтың келісі 7 мың теңге болған кез

20 наурыз, 15:05

Фото: сурет ғаламтордан алынды

Соңғы апта Алматы қаласы қымбатшылықтың құрсауында қалды. АҚШ долларынң құны әп-сәтте 400 теңгенің үстіне шықса да, азық-түлік бағасының күрт өсуі байқала қоймаған еді.

Ал елімізде коронавирус індетінің алғашқы жағдайы тіркелгені сол-ақ екен, жұрт жапа-тармағай азық-түлікті көптеп сатып алып, дүкен сөрелерін бос қалдырды. Ұрымтал сәтті пайдаланғандар бағаны шарықтатып үлгерген. Ал Алматы және Нұр-Сұлтан қаласында 19 наурыздан карантин енгізілгелі қымбаттамаған дүние жоқ. Мұны "бағаны негізсіз өсіргендер жазаланады" деген қала әкімшілігі де қадағалай алған жоқ.  

Тіпті, азық-түлік сату тізімі бойынша үздіксіз істеп тұрған Magnum сауда желісі де азық-түліктің барлық түрін шарықтатып жіберген. Айталық, осыдан 10 күн бұрын 160 теңгемен сатылған қант бағасы 215 теңгеге, 5 литрлік сұйым май 2400 теңгеге, 5 келілік жоғары және 1 сұрып ұн 1500-1700 теңгеге көтерілген. Ал мұнда картоп атаулы мүлдем жоқ, жұрт талап кеткен. "Арзан" сауда орнының жанындағы дүкендерде картоптың бағасы 250 теңгеден сатылды. Бұған дейін картоптың бағасы - 80-100 теңгенің айналасында еді. 

Базарда да баға мәз емес. Тоғыз жолдың торабында орналасқан "Алтын орда" базарында картоп 150-180 теңге. Бұдан өзге көкөністер де едәуір қымбаттаған. Коронавируске қарсы иммунитетті көтеру үшін сарымсақтың (чеснок) пайдасы туралы айтылып жүрген. Мұны естіген халық сарымсақты да келілеп сатып алып жатыр. Есесіне, Қытайдікі келісі – 4 мың, ал Өзбекстандікі – 5 мың. Кеше ғана бір әріптесім сарымсақтың бір келісі 7 мың теңге болғанын және бір басын 680 теңгеге сатып алғанын айтып еді. 

Бүгін ғана Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов тікелей эфирде күн сайын сарымсақ пен пияз жейтінін айтты. Бұл кеңесті талай адам естіген де шығар. Ал сарымсақ сататын саудагерлердің құлағына тисе, бір келісі 8-9 мың болып кетсе де, таңқалмаймыз. 

Гуля атты сатушы: "Өзіміз түсінбей қалдық. Мұндай баға қақаған аязда да болмап еді. Айналасы үш-төрт күнде өзгеріп сала берді. Бізге жеткізушілер қымбатқа сатты, біз де сондай бағаға сатуға мәжбүрміз" деді.

 


Кейде "Біздің халық қайда барады? Біз қашан ел боламыз?" деген сауалды қайта-қайта қоямыз кейіп. Қоғамда болып жатқан жағдаяттарға іштей налисың. Осындай қысыл-таяң шақта пайда көріп қалу қандай адамгершілікке жатады? Қайбір жылы Оңтүстік өңірдегі Шақпақ елдімекенінде аязда қалған автобус жолаушыларына бір нанды 250 теңгеге сатқан елді мекен тұрғындарының әрекетіне қатты қапа болып едік. Одан бері талай жыл өтті. Сол пейіл, сол ниет әлі өзгермепті. Кейбір адамдардың бойында адами құндылық әдірем қалып тұр.

Коронавирус Еуропадан өтіп, ТМД, Орта Азия мемлекттеріне де ауыз сала бастағанда, Түркіменстан мекемелерін адыраспанмен аластап жатқанын естідік. Адыраспан – әуелден қасиетті өсімдік. Тіпті, әр үйдің босағасында тұрады. Қазақ та ертеден адыраспан түтетіп, ауру-сырқаудан қорғайды деп білген. Сол адыраспанның бір бумасы әрі кетсе 300-500 теңге тұратын еді. Оның да бағасы қазір 1000 теңгеге өскен. 

Бүкіл әлем басынан өткізіп жатқан сынақ та өтер. Коронавирус індеті елімізден кетер. Қаланың тіршілігі баяғы қалпына оралар. Сол кезде осынау ауыр кезеңде құлқынның қамын ойлаған пайдакүнемдер де ойланар. Ең бастысы, адами қалпымыздан, адамгершілік қасиетімізден айрылып қалмасақ игі.  

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации