Алматы облысында жарты миллионға жуық медициналық маска тәркіленді
21 наурыз, 20:15
Талдықорған қаласындағы жеке үйлердің бірінің ауласынан 250 қорапқа салынған медициналық бетперде табылды.
Алматы, NEGE. Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жалпы санау барысында әр қорапта 1800-2000 дана бетперде бар екені белгілі болды. Болжам бойынша тауарды тиеп, одан әрі жөнелтуге дайындаған.
«Беркут-162» патрульдік экипажы аулаларды жүріп өту барысында қолдан жасалған қойманы байқаған. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақырылды. Еш жерде жұмыс істемейтін 1960 жылы туған азамат ұсталды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр»,- Талдықорған ҚПБ бастығы полиция полковнигі Асқар Нұрсапа.