Алматы облысында алкоголь сату шектелуі мүмкін

04 сәуір, 01:16

Фото: ғаламтордан

Nege.kz редакциясына оқырмандарымыздың бірі Алматы облысы прокуроры орынбасарының хатын жіберіпті. Облыс әкімінің орынбасары Л.Тұрлашовқа бағытталған хатта облыс аумағында алкоголь сатуды шектеуді ұсынады.

Мұның себебі не? Облыс прокурорының орынбасары М.Абдрахмановтың хатының мәтіні мынадай: «Пандемияны таратпау үшін Мемлекет басшысы, Үкімет және жергілікті атқарушы органдар шешім қабылдады.

Негізгі шарттар – халықты тұрғылықты жері бойынша оқшаулау, жүріс-тұрысты шектеу және адам көп жиналатын жерлерді жабу.

Мұндай шектеулер мен өзгерістерге психологиялық тұрғыда азаматтардың бәрі бірдей дайын емес.

Олардың кейбіреуі жағдайға үйренісе алмай, алкогольді сусындар ішкен соң агрессия көрсетіп, отбасылық кикілжің мен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әкеп соқтырып жатыр.

Спирттік ішімдіктің салдарынан Осы жылдың 1-тоқсанында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың артқаны байқалды.

Осыны ескеріп, өздеріңіз қабылдаған шешімнің аясында алкоголь өнімдерін сатуды шектеу мәселесін қарастыруды ұсынамын...».

Ұсыныс 2 сәуірде жолданған. Облыс басшыларының бұл ұсынысқа қатысты қандай шешім қабылдағанын анықтайтын боламыз.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации