Алматы облысы толық жабылды

01 сәуір, 20:15

Фото: автор

Алматы облысында да карантин жарияланды. Облысы әкімінің тапсырмасымен, азық-түлік сататын дүкендер мен дәріханалардан басқа, бүкіл шағын және орта бизнес иелері өз қызметін тоқтатты. Шаштараздар, құрылыс материалдарын сататын базарлар, кафелер мен басқа да шағын және орта бизнес өкілдері бұл бұйрықпен хабардар болып, бүгіннен бастап жұмыстарын тоқтататынын Nege.kz тілшісіне растады.

«Ертеңнен бастап тоқтататын болдық. Бізді құлақтандырды», – деді «Бәйтерек» ауылында орналасқан көлік жөндеу орталығының қызметкері Ерқанат Бейсенбай.

Бұдан бөлек, мынадай қосымша шаралар енгізіліп отыр: Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасы коронавирус жұқтырғандармен және күдік келтірілген науқастармен қатынас жасайтын медицина қызметкерлері қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуі тиіс. Медицина қызметкерлерінің денсаулығын қорғау және халық арасында індеттің әрмен қарай тарауына тосқауыл болу мақсатында қызметкерлерді күн сайын дезинфекция жасалатын автокөліктермен тасу тапсырылды. Вирус жұқтырғандарды дер кезінде анықтау үшін, тіркеуде тұрған науқастарға, аяғы ауыр әйелдерге және қарт кісілерге күн сайын телефон соғып, хабарын біліп тұру міндеттелді. Стационарлар мен емханаларда қабылдау шектелді. Басқа да маңызды бірқатар қадамдар жасалып отыр.

Аудан және қала әкімдері, полиция департаменті және басқа қызметтер аудандар мен қалаларда қосымша санитарлық бекеттер ұйымдастыру тапсырылды. Шығыс Қазақстан және Жамбыл облысымен шектесетін аумақтарда бекеттер қойылды. Бұл аймақтарда көлік және адамдардың өтуі шектелді. Тек жүк, жеткізу қызметтері, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, басқа да арнайы көліктерге ғана рұқсат етіледі. Интернет және компьютерлік клубтар жабылды.

Балабақшалардың да, сауда орталықтарындағы сауда нүктелерінің де жұмысына тыйым салынды. Мешіттер мен ғибадатханалар да уақытша жабылды. Оның ішінде, әуежайлар мен автостансаларда шет қалып отырған жоқ. Сырттан келгендердің қызуы міндетті түрде тіркелуі тиіс. Бұл туралы Еңбекшіқазақ ауданының инстаграм парақшасынан толық ақпарат алуға болады.

«Ертеңнен бастап барлық жер жабылады» деген сөз ел құлағына жетіп, жұрт жапа-тармағай базарларға ағылды. Алайда базарларлардың бәрі жабылмайды. Көкөніс, азық-түлік сататын базарлар жұмыс істей береді. Сатушылар халыққа осыны түсіндіріп, сабырға шақырып жатыр.

Қазір Алматы облысында жұрт жаппай маска киген. Онсыз поштаға, дүкенге, асханаларға және базарларға кіруге қатаң тыйым салынған. Дүкендердің алдында күзетшілер тұр, маскасыз адамдарды өткізбейді. Әрине, дәріханаларда маска атымен жоқ. Дәке сатып алып, содан жедел маска жасап алып, сауда орындарына кіріп жатыр. Тіпті, 24 сағат жұмыс істейтін дүкендер тоғыз сағаттық жұмыс кестесіне көшкен.  «Бұл халықтың денсаулығы, өзіміз үшін ғой. Халық бұған түсіністікпен қарауы керек», – дейді Бәйтерек ауылы «Жаркент» дүкенінің күзетшісі.

Бір қызығы, асханалардың есігінде маскасыз кіруге болмайды деп жазылған. Сонда маскамен қалай тамақ жеуге болатыны түсініксіз. Көшеде жас қыздардың қасынан өтсең, спирт иісі мүңк етеді. Алғашқыда жағымсыз иістен секем алып, оқырайып қарағаныңмен, артынша мұның төтенше жағдайдағы қорғаныс шарасы екені есіңе түсіп, бір жымиып аласың.

Рас, Алматы қаласы іргесіндегі елдімекендерде баға тұрақты. Базарларда кейбір көкөністердің бағасы біршама түскен. «Жасыл дәліз» арқылы халықтың ас-ауқаты іркіліссіз жеткізіліп жатыр. Ендігі мәселе, індеттің кесірінен табыссыз қалған адамдарды ашықтырып, тарықтырмау – әкімдіктердің алдындағы басты міндет. Бұл – мемлекет басшысы Тоқаевтың тапсырмасы. Әкімдіктердің жұмысы енді осымен ғана бағаланса керек.

Блок-посттар өзге облыстар арасында ғана емес, аудандар ішінде де қойылып жатыр. Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданында өзге аудандармен шектесетін күре жолдар бақылауға алынды. Мұның алдында ватсап арқылы Еңбекшіқазақ ауданы бойынша блок посттар қойылады деген хабар тарап, бұйрықтың мәтіні де жария болған. Ол құжатта қол қойылып, мөр басылмаған болатын. Десе де, онда жабылатын жолдар, қойылатын блок постардың нөмірі, онда тұратын сақшылардың аты-жөні, олардың көліктерінің маркасы мен нөмірлеріне дейін нақты көрсетілген. Және бұған жауапты тұлға Еңбекшіқазақ ауданы полиция полковнигі Ж.Б.Алтынбаевтың телефон нөміріне дейін көрсетілген. Көрсетілген нөмірге хабарласқанымызда, полковник Ж.Б. Алтынбаевтың өзі тұтқаны көтеріп, жолдардың әлі жабылмағанын, ватсап арқылы тараған ақпараттың фейк екенін мәлімдеген еді. Десе де, бұл құжаттың мүлде фейк емес екенін ұққан едік. Жағдай ушыққан жағдайда, биліктің алдын ала жасаған қадамы, сақтық шарасына дайындығы екені анық аңғарылған.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации