Алматы әкімдігі: Азық-түлік бағасының өсуіне жол бермейміз
Бүгін Алматы қаласы Өңірлік коммуникация қызметінің алаңында қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин мегаполис тұрғындарын дүкендерде дүрбелең туғызбауға шақырды.
Алматы, NEGE. «Бүгінгі күні өздеріңіз дүрліккен іс-әрекеттеріңіз арқылы бағаның өсуіне ықпал етудесіздер. Бұл бар болғаны уақытша нарықтық жағдай: өнімге деген артық қажеттілік тауар жеткізушілерге және басқаларына қосымша табыс табуға мүмкіндік беруде», – деп түсіндірді Еркебұлан Оразалин.
Бұдан өзге, қалалық басқарма тарапынан азық-түлік тауарларының қымбаттауына жол бермеу үшін алдын ала пәрменді шаралар жүзеге асуда. Ең бастысы – жағдай бақылауға алынған.
«Біз осы іске қатысы барлардың бәрімен сөйлестік және процессті барынша қолда ұстаудамыз, дегенмен нарықтың өз қағидасы бар», – деді ол. Басқарма басшысы қала тұрғындарын тауар тапшылығын қолдан жасамауға шақырды. Дүкендердегі азық-түлік тауарларының басым бөлігі отандық өнімдер екенін, сондықтан сөрелердің бос болмайтынын қадап тұрып айтты.
Айта кетерлігі, Алматының кәсіпорындары жыл сайын 241 мың тонна өнім шығарады. Олар – әлеуметтік нан, сүт өнімдері, өсімдік майы және басқалары. Қаланың жеке өндіріс орындары нанмен 100 пайыз қамтамасыз етуде.