№7 аурухана қызметкерлері қаңғып жүргені рас па? 

26 наурыз, 20:04

Фото: сурет ғаламтордан алынды

Кеше Фейсбук әлеуметтік желісіне Майра Макеева атты қолданушы "Денсаулық сақтау министрлігі мен Алматы қалалық 7 клиникалық ауруханасының назарына!" деп жанайқайға толы жазба қалдырды. 

Онда автор аурухана әкімшілігі қала карантинге жабылғалы Алматы облысы аумағында тұратын медицина қызметкерлеріне "Өз ақшаларыңа пәтер жалдап тұрыңдар! Немесе уақытша болса да қалада туыстарыңның үйін паналаңдар!" депті. Қазіргі жағдайда қаладағы ет жақын адамың да науқастармен байланыста болған медицина қызметкерлерін үйіне тұрғызғысы келмейді. Ал алатын жалақысы - 60 мың теңге. Қосымша үстемақы да, сыйақы да бермеген. Тым болмаса уақытша пәтер жалдауға ақшасы жетпейді" деген.

Сондай-ақ, медицина қызметкерлері бетпе-бет келіп отырған мәселені жайып салған Майра Макеева: "Тіпті, оларға маска да бермейді екен. Кәдімгі қағаз масканы күні бойы тағып жүреді. Қабылдау бөліміндегі мейірбикелер, санитарлар, дәрігерлер арнайы киімсіз және респираторсыз жұмыс істеп жүр" деп ашына жазып, жоғарыдағы құзырлы мекемелерге мынадай талап қойды. 

Біріншіден, карантин кезінде облыста тұратын медицина қызметкерлері қаладан тегін пәтермен қамтамасыз етілуі керек. 
Екіншіден, дәл қазіргі кезде медицина қызметкерлерінің өз қорғаныш киімі болуы тиіс. 
Үшіншіден, жалақысын көбейтіп немесе қосымша үстемақы төлесін. 
Төртіншіден, оларды тегін тамақпен қамтамасыз етсін. 

Біз осы жазбаны оқи сала авторға хабарластық. Майра Макеева өзі дәрігер емес, бірақ шындықты айтудан жасқанатын медицина қызметкерлерінің атынан айтып отырмын дейді. "Өздерің неге бұға бересіңдер?" десем, "Бұрын арамызда орыстар болғанда олар бәрін ашып айтатын еді, қазір кілең қазақпыз. Ешкім ештеңені басшылыққа батырып жеткізе алмайды. Себебі, жұмыссыз қалам деп қорқады" дейді. Сосын мәселені көтеруге тура келді" дейді жазба авторы. 

"Сол №7 ауруханада сіңлілерім істейді. Карантин басталғалы олардан естігенім осы әңгіме. Үй іздеп, шарқ ұрып жүр. Көбі пәтер жалдап тұрып жатыр. Аурухана әкімшілігі "Шаруамыз жоқ, тапсаң тап, болмаса жұмыстан кете бер!" деп доқ көрсетіпті. Тіпті, "Тәулігіне 1 мың теңге төлеп жатақханаға тұрыңдар!" деген. Ал олар "50 мың айлықтың 30 мыңын жатақханаға төлейміз бе?" деп жыларман.

Ауруханада маска жетіспейді деген не сұмдық? Сіңлім өз ақшасына 700 теңгеден 3 респиратор сатып алды. Соны қайта-қайта жуып қолданып жүр. Бұл не масқара? Неге медицина қызметкерлері шындықты айтқаны үшін қудалануы керек? Егер шағымын айтқан оларды жұмыстан шығарып жіберсе, халыққа кім қызмет көрсетеді? Маған мұңын жеткізген шарасыз медицина қызметкері де "Қанша тексеріс келсе де, "сүттен ақ, судан таза" боп шығады. Сол үшін төтесінен барып, тексеріп көріңіздерші"  деді шыр-пыр болған автор. 

Алайда, осы жазбаның астына пікір қалдырған №7 аурухана әкімшілігі: "Мұның бәрі шындыққа жанаспайды. Бұл - әдеттегідей жала жабу. Бүгінле ауруханада стационарда 1800-дей медицина қызметкері жұмыс істейді. Оның 60 пайызы облыс аумағында тұрады. Қазір олардың бәріне қала әкімшілігі кіріп-шығуға арнайы рұқсат қағазын берді. Шамамен 300 қызметкер уақытша туыстары мен достарының үйінде. Жатақханадан 55 орын алынып, аурухананың өз бюджетінен төленіп отыр. Шамамен 50 қызметкер мен 150 дәрігерге ауруханаға орналастырылып, тамақпен қамтылды. Тағы 100 қызметкер кезексіз ақысы төленетін еңбек демалысына, 55 қызметкер ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, айлығы сақталмайтын демалысқа кетті" деп жауап беріпті. 

Біз дереу №7 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Манас Ембергеновке телефон соқтық. Не себепті хабарласқанымды айтып бастағаным сол еді, бас дәрігер бәрінен құлағдар екен. 


– Фейсбукте №7 ауруханадағы медицина қызметкерлерінің карантин кезіндегі жағдайы туралы жазбамен таныс сияқтысыз. Бұл мәселе туралы не айтасыз?
– Иә, естідім, көрдім. Бәрі өтірік. Біз қала бойынша ең үздік медициналық мекемеге жатамыз. Бұл ақпараттық соғыс қой. Бізде бәрі жеткілікті. 
– Карантин кезінде Алматы облысында тұратын медицина қызметкерлері уақытша баспанамен қамтамасыз етілген жоқ па? Неге олар өз жалақысына тұруы керек?
– Ол жағынан барлық мәселе шешілді. Бүгін, ертең жалақысын төлейміз. Біразы "Қалада бола алмаймыз, бала-шағамыз бар" деп ақысы төленетін еңбек демалысына кетті. Ал сынақ мерзімінде жүрген қызметкерлерге заң бойынша демалыс берілмейді. Олар өз еркімен жалақы төленбейтін демалысқа баратынын айтты. Бірталай қызметкерді аурухана палатасына орналастырдық. Енді біраз адамға аурухана есебінен жатақхана таптық. Яғни, сол үшін мамандарға қосымша материалдық көмек төленеді. Қазір демеушілермен сөйлесіп жатырмыз. Олар түскі ас, кешкі ас жеткізіп беретін болды. Басқа кезде тамақпен аурухана қамтамасыз етіп жатыр. 
– Ал маска неге тапшы? Дәрігерлер маскасыз қызмет көрсетсе, олардың жеке қауіпсіздігіне кім жауап береді? Бұл да жалған ақпарат па?
– Бәрі жеткілікті. Медицина маскасы да қоймада тұр. Бізге Алдматы Денсаулық сақтау басқармасы қосымша 63 мыңдай маска, шамамен 1500 литр спирт бөлді. Дәл қазір қоймада 70 мыңдай маска бар. Масканы мамандар үш сағат сайын ауыстырып тұрады. Кәдімгі тізім бойынша жұмысқа 24 сағатқа келген дәрігерге 8 маска беріп, қол қойғызып алады. Қазір бізге карантинге жабылған ауруханадағы науқастар келуде. Жедел жәрдеммен түсетіндері бар. Оларды емдеу бізге жүктеліп отыр. Одан бөлек жоспарлы түрде ота жасау тоқтаған жоқ. Осындай қысылтаяң кезде жұмыс істейік десек, анаған-мынаған жауап беріп, уақытымыз кетіп жатыр.   

№7 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері сөз соңында "Бүгін ақпарат құралдарын шақырып, қойманы аралатып көрсетейік деп отырмыз. Өз көздерімен көрсін. Сол кезде сізге де айтамыз. Бір хабарын береміз" дегендей болған. 

Алайда, бірер сағаттан кейін мән-жайды білу үшін баспасөз қызметіндегі маманға хабарласып едік: "Басшылық тек үш-төрт телеарнаны шақырып, түсініктеме берді" деген жауап алдық. "Бізге неге айтпадыңыздар!" деген сауалымызға "онда бір сағаттан кейін келе беріңіз" деген жылышырай танытып. Іле-шала телефон шалып: "Жаңа ғана бізге Денсаулық басқармасынан бұйрық келді. Ауруханаға ешкімді кіргізуге болмайды. Енді тек Денсаулық сақтау министрлігі ғана рұқсат береді" деді.  

Сонда біздің елімізде белгілі бір телеарна ғана ақпарат құралына жата ма? Әлде, халық телеарна таратқан жаңалыққа ғана имандай сене ме? Бәлкім, жоғарыда Фейсбукте жазба қалдырған автор айтпақшы, шынымен бәрін алдын ала дайындап қойып, айдың бергі бетін ғана көрсетті ме екен?.. 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации