42 500 теңге кімге бұйырады?

07 сәуір, 07:31

Фото: sputniknews.kz

Еліміз төтенше жағдай кезінде табысынан айрылғандар үшін көмек ретінде ең төменгі жалақы  42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлем тағайындады. Алайда, мұны естіген жұрттың көбі жапа-тармағай өтініш бергенге ұқсайды. Бәлкім, бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түсіндірген мәселе халыққа дұрыс жетпеді ме екен?

Кеше министр Біржан Нұрымбетов онлайн баспасөз мәслихатын өткізіп, әлеуметтік төлем жөнінде көптің көңіліндегі кейбір сауалдарды тағы да пысықтай кетті. Түсінбейтіндей дәнеңе жоқ. Бұрын-соңды ел алдына жиі шықпаған министрдің қазақшасы өте ұғынықты екенін байқадық.

Б.Нұрымбетов 
Сонымен, төтенше жағдай кезінде табысынан айрылғандар 42 500 теңгені алу үшін өтінімді egov.kz және 42500.enbek.kz сайты арқылы берген болатын. Бір мезетте мыңдаған өтініш түсіп жатқандықтан бұл порталдардың да жұмысы баяулап, жұрттан маза кетті. Кейбірі түннің бір уағында, енді бірі таңға жуық өтініш қалдырды. Министрдің айтуынша, қазірге дейін 1 млн 284 мың адамнан өтініш түскен. Алайда, 42 500 теңгені кімдер алады? Кімдердің алуға құқығы бар? Осыны ажырата алмай жүргендер көп екенін министрдің өзі де айтып отыр. 

Сонымен, 42 500 теңгені кімдер алады?

Министрдің айтуынша, қаржылай көмек мемлекеттік сақтандыру қорынан төленеді. Яғни, төтенше жағдай кезіне дейін жұмыс істеп, қазіргі таңда табысынан айрылғандарға арналған. "Бұл – көмектің бір түрі ғана. Зейнетақы, жәрдемақы уақытылы төленіп жатыр. Оған ай сайын 300 млрд теңге жұмсалуда. Біріншіден, өтінішті беру жөнінде екі портал тұрақты жұмыс істейді. Ол – egov.kz және 42500.enbek.kz порталы. Telegram-бот бүгін іске қосылды. Ол да дайын. Бірақ оны кішкене кешіктірдік. Өкінішке қарай, кейбір "ақылды кісілер" көптеген фейк, жалған Telegram-боттарды жариялап, халықты жаңылыстырды. Сосын бұл қызмет уақытша тоқтап, бүгін Help42500 деп өзгертіп, қайта қостық", – деді министр. 
Сонымен, 42 500 теңгені кімдер алады?

Бірінші, жалдамалы қызметкерлер. Ол – орта және шағын бизнесте істеген азаматтар. Егер оларды мәжбүрлі түрде жұмыстан қысқартып немесе ақысыз еңбек демалысына жіберсе, міндетті түрде беріледі. Енді олардың қатарына коммерциялық емес ұйымдардың ақысыз демалысқа кеткен жұмысшылары да кіретін болды. 

Екінші, өз бетінше жұмыс істеген жеке тұлғалар. Яғни, ресми және бейресми жұмыс істейтіндер. Ресми – бұл жеке кәсіпкер. Оған адвокат, нотариус, сот орындаушы, медиаторлар, азаматтық құқықта жұмыс істеп жүрген фрилансерлер жатады. Олар төтенше жағдайға дейін тиісті әлеуметтік жарна аударса, көмек ақшаны ала алады. Ал бейресми жұмыс істейтіндер – күнделікті табыспен отбасын асырап жүргендер. Олар бұған дейін бірде бір рет салық, әлеуметтік, зейнетақы төлем аудармаған болуы мүмкін. Яғни, бірыңғай жиынтық төлемді (ЕСП) бүгін төлеп, ертең өтініш берсе, оларға да 42 500 теңге төленетін болды. 

Үшінші, декреттегі аналарға мемлекет тарапынан бір жылға дейін жәрдемақы беріледі. Бірақ үйде отырғанына бір жылдан асып кетсе, жұмысқа қайта түсуіне мүмкіндік жоқ. Міне, олар да бірыңғай жиынтық төлем төлеп, 42 500 теңгеге үміткер бола алады.

500 мың теңге жалақысы бар адамдар да өтініш берген

Әлгінде үш-төрт күннің ішінде келіп түскен 1 млн 284 мың өтініш 938 адамнан түсіпті. Яғни, бір адам бірнеше рет өтініш білдірген. Министр: "Өтінішті 2-3 рет беріп, көмек ақшаны 2-3 рет алам дегендер қателеседі" деді. Бірақ жұрт әдейі емес, өтініш қабылданғанына сенімді болмай, қайталап баса берген сияқты. 
"Осы көмекті шынымен де табысынан айрылған азаматтар алса екен дейміз. Себебі, алғашқы күндері келген 2000 адам өтінішті тексере келе, оның ішінде қаңтар, ақпан, наурыз айындағы жалақысы орташа есеппен 500 мың теңге табысы бар азаматтар бар екені анықталды. "Моральдық тұрғыдан бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Біз бәрін көріп отырмыз. Бұл адамдардан өтініш беруге уақыт жұмсағаны үшін кешірім сұраймын. Тағы да ескерту, тұрақты жұмысы бар азаматтар ИП арқылы өтініш берген. Олар да өтпейді" деді министр.  
Сондай-ақ, министр өтінішті берген кезде есепшотты көрсету керектігін айтты. "Біраз азаматтардың ешқашан есепшоты болмаған екен. Енді олар "үлгермей жатырмыз" деп банкке жүгіріп жатыр. Әзірге өтініш беріп қойып, банк есепшотының орнын бос қалдырыңыз. Есепшот ашуға бір айға дейін уақыт береміз. Осы сәтті пайдаланып, еліміздегі бүкіл банктерге өтініш жасағым келеді. Халықтың мәліметін қашықтан қабылдап, есепшотын сырттай енгізіп, үйге жеткізіп беруге шақырамын", – деді Б.Нұрымбетов. 

Өтініш бермесе де, 42 500 теңге түскен 

Мемлекет тарапынан берілетін 42 500 теңгеге өтініш бергендердің алғаны сирек. Тіпті, ИП-сы бар азаматтарға өтініш қалдырмаса да, "Сізге төтенше жағдай кезеңіне әлеуметтік төлем 16.03. бастап 15.04.2020 ж қоса алғанда 42 500 сома тағайындалды" деген хабарлама келген. Соның бірі Гүлбаршын Думан: "Мен ешқандай өтініш толтырмадым. Бірақ маған "аласың" деген хабарлама келді. Бәлкім, ИП бар еді, сол үшін шығар" дейді. Ал төрт баланың анасы Айсәуле Әбілдаева: "Мен өтініш енді қалдырам деп жүргенде, телефоныма хабарлама келді. Ешкім есепшотымды да сұраған жоқ. Базада бар шығармын. Жұмыстан берген тізім бойынша түсті ме дейін десем, әріптестерімнің ешқайсысы алмаған. 4 баланың анасы ретінде берілді ме, оны да білмеймін. Әйтеуір Каspi банк карточкама 42 456 теңге түсті" дейді. Бұдан бөлек, редакцияға хабарласқан тағы бір жалғызбасты ана есепшотына әлеуметтік төлемнің түскенін айтып, сүйінші сұрады.

Министрдің айтуынша, әлеуметтік төлем 3 млн азаматқа беріледі екен. Қазірдің өзінде 1 млн 284 мың өтініш келіп түссе, тағы бірер күнде 42 500 теңгені алуға ниеттілердің саны 3 млн-нан да асып түсуі мүмкін. Шын мәнінде, бұл ақша нағыз көмекке мұқтаж азаматтарға берілуін мұқият қадағалау керек. 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации